Автобус салонындағы бақылаушы

"Ол күнді ұмытпаймын": бақылаушылар автобуста болған қызықты оқиғаларды айтып берді

681
Бақылаушылардың жұмысы таңғы сағат 7:00-де басталады. Содан түнгі 21:00-22:00-ге дейін жүреді. Осы уақыттың ішінде 50-70 автобусты тексеріп шығады

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Биыл елорда автобустарында жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілгеніне бес жыл толады. Осы уақыт ішінде халық билет сатып алудың жаңа тәртібіне әбден үйренді. Бас кезінде электронды карта ғана болса, артынан мобильді қосымшалар мен SMS-хабарлама арқылы ақша төлеу жүйесі іске қосылды. Дегенмен жолақыдан жалтаратын "қояндар" әлі де аз емес. Олардың ішінде жастар, тіпті үлкен кісілер де бар. Әркім әртүрлі сылтау айтады. Алайда көлік бақылау департаментінің қызметкерлері ондай жолаушыларды жақсы біледі, олардың сылтауын да жаттап алған. Sputnik Қазақстан тілшісі бақылаушы жігіттермен бірге тексеріске шығып, жолаушылардың қандай қулыққа баратынын көріп қайтты.

Тексерістен басқа да жұмыс бар

Бақылаушы Елдос Баймановтың жасы – 29-да. Ал Жұмабек Жұмбаев одан төрт жас үлкен. Екеуінің бақылаушы болып жұмыс істеп жүргеніне екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде көп нәрсе үйрендік дейді.

"Көбісі бізді тексерістен басқа ештеңе істемейді деп ойлайды. "Осы сендер тексерістен басқа не істейсіңдер?" деп ашық сұрайды (күлді). Бірақ біздің бақылау қызметінен басқа да міндеттеріміз бар. Автобус жол апатына ұшыраса, сол жерге де барамыз. Мәселенің мән-жайын анықтап, бәрін тексереміз", - дейді Байманов.

Бақылаушы оқиға орнына бірінші болып барса, алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын болуы қажет. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады. Психологиялық дайындық жасалады. Өйткені тексеріс кезінде жолаушылармен барынша мәдениетті түрде сөйлесіп, ашуланған адамның эмоциясына еріп кетпеу керек. Кей кезде құқық қорғаушылардың қызметін атқаруға тура келеді.

Пассажиры в салоне автобуса
© Sputnik / Абзал Калиев
Автобус салонындағы жолаушылар

"Былтыр жазда 28-ші бағдарды тексеруге кіргенімде салонның артында кішкентай бала отырды. 7 жасар ұлдың жанында ата-анасы болған жоқ. Сөйтсем, жалғыз өзі жаттығу жасауға барған екен. Үйіне қайтқанда басқа автобусқа отырып кетіпті. Телефоны болмады. Содан мен одан үйіне жақын сауда үйлері туралы сұрай бастадым. Ол Азия паркті айтты. Тәртіп бойынша рациямен кезекші мамандарға хабар бердім. "102"-ге де хабарладым. Ал Азия парктен түскенде ол бала өз үйін бірден таныды", - дейді Жұмбаев.

Сол күні бақылаушы баланы үйіне дейін апарған. Пәтер есігін ашқан анасының қуанышында шек болмады. Жұмабек болса, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, телефон болмаса да, баланың қалтасына үйдің мекенжайы мен ата-анасының нөмірі жазылған қағазды салып отыруға кеңес берді.  

Контролер в салоне автобуса
© Sputnik / Абзал Калиев
Бақылаушы Жұмабек Жұмбаев билет тексеріп жатыр

"Былтыр жазда қатты ыстық болды. Ондайда кейбір жолаушылардың қан қысымы көтеріліп, көз алдыңда талып қалады. Жүрегі ауыратындар бар. Есінен танып қалса, тілін шығарып, алғашқы көмек көрсетесің. Далаға шығарып, суын себесің. Соның бәрін білу керек және дер кезінде тиісті көмек көрсету қажет", - деп атап өтті бақылаушылар.

Автобустың арты "жыбырлай" бастайды

Бақылаушылардың жұмысы таңғы сағат 7:00-де басталады. Содан түнгі 21:00-22:00-ге дейін жүреді. Осы уақыттың ішінде бір бақылаушы шамамен 50-70 автобусты тексеріп шығады.

"Осы автобустарды салондағы жолаушылардың орташа санына көбейтсек, мыңдаған адам шығады. Олардың бәрін тексергенде сан алуан кісілер кездеседі. Дегенмен барлығына ортақ бір мінез-құлық бар. Біреуі де жолақысын төлемегенін мойындамайды ғой. Мың бір сылтау табады. Бірақ жолақыны төлемедім деп ешқашан айтпайды", - дейді Байманов.

Девушка пополняет баланс транспортной карты на остановке
© Sputnik / Абзал Калиев
Бойжеткен көлік картасына ақша аударып жатыр

Осы орайда Елдос жақында ғана болған бір жағдайды еске алды. "Нұрлы жол" вокзалыннан мінген ер адам ескі вокзалға автобуспен барған. Өзі артқы есіктен кірген. Көлік жүргізуші оның жолақы төлемегенін байқайды да, бақылаушыдан дәл сол ер адамды тексеруін өтінеді. 

"Бірден артқы есіктен кірдім де, сол кісіден жолақыны сұрадым. Ол сасқалақтап қалды. "Қалаға бірінші рет келіп отырмын, жолақыны төлей алмаймын" деп ақталды. SMS-пен төлеуді де білмеймін деді. Менде артық ой жоқ, "Әкеліңіз, қалай төлеу керектігін көрсетейін дедім де, танымал банктің мобильді қосымшасын ашып қарасам, бұрын аударған төлемдер тізіліп тұр. Сол кезде өзі де ұялып қалды, екі қолын көтеріп, айыппұл сала беріңіз, менікі дұрыс емес деді. Сөйтіп полицияны шақырып, хаттама толтырдық", - дейді Байманов.

Автобус жүргізушілері мен бақылаушылар ишара арқылы сөйлесуге де үйренді. Мысалы, "гармошка" болса, бақылаушыға саусақпен "3" деген санды көрсетеді. Сол кезде көлік жүргізушісі артқы есікті ашады. Тексеріс те сол жерден басталады. Әйтпесе бақылаушы бірінші есіктен кірсе, оны көрген "қояндар" екі есіктен бытырап қашады. "Іште бақылаушы бар" немесе "Ішке кіріп, бір адамды тексеру керек" деген ишара белгілер де қолданылады.    

Бүгінде бақылаушылар жолақыдан жалтаратын адамдардың психологиясын әбден біліп алған. Автобусқа кіргенде ондай адамдар бірден көзге түседі.

"Жолақы төлемейтін жолаушылар, көбінесе салонның артқы жағында отырады. Біз кіргенде автобустың арты "жыбырлай" бастайды. Адамдар жан-жаққа қарап, төлем жасайтын нөмірді іздеуге кіріседі, бір-бірінен сұрайды, я болмаса, ортаңғы не артқы есікке қарай жүгіреді де, шығып кетуге дайын тұрады. Бір рет мен алдынан кіргенде ортаңғы есіктен шыққан жолаушы менің артымнан енді ғана мінгендей қайтадан кіріп келе жатыр ғой", - деп еске алды Жұмбаев.

Сосын базар жақпен жүретін және қаланы кесіп өтетін бағдарларда "қояндар" көп отырады. Бөтен біреудің атаулы картасын пайдалану жағдайлары да аз емес. Ондайда картаны тәркілеу хаттамасы рәсімделеді. Жолаушыға айыппұл салынады. Ал карта иесіне қайтарылады.    

"Ол күнді ешқашан ұмытпаймын"

"Бір рет 56-ші бағдарды тексеріп жүргенде әйелдің жолақы төлемегенін анықтадым. Оған бәрін түсіндіріп, келесі аялдамадан түсіріп алдым. Сосын полицияны шақырдым. 5-10 минуттан кейін ол "менің уақытым жоқ, шаруаларым көп" деп қаша жөнелді. Мен болсам, Жұмабаев-Момышұлы қиылысынан бастап Қошқарбаевқа дейін сол кісінің артынан жүрдім. Ол тура жолдың бойымен кетіп барады. Үйдің арасымен де жүрді. Мен де қалмадым", - дейді Жұмбаев.

Жолақыдан жалтарған әйел бір көпқабатты үйге жақындағанда алдынан ер адам шықты. Ол жолдасы болып шықты. Үйдің астында көкөніс сататын дүкеннің иесі екен. 

"Мен болсам, жол-жөнекей полицияға хабарласып, біздің басқа жаққа кетіп бара жатқанымызды айтып отырдым. Әйтпесе, олар біздің автобустан түскен жерімізге барады да, іздей бастайды. Сөйтіп артымыздан құқық қорғаушылар да келді. Жаңағы кісілер барынша ақталып көрді. Дегенмен әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұл салынды", - дейді Жұмбаев.  

Люди на остановке
© Sputnik / Абзал Калиев
Аялдамадағы адамдар

Бақылаушылар біреуді ұстағанда намысқа тиетін, тіпті көңілге алып қалатын сөздер көп айтылады. "Үйтемін-бүйтемін" деп қорқытатындар, жағадан алатындар да бар. Арасында арақ ішкендер, тіпті есірткі шегіп алғандар кездесіп жатады. Ондайда көлік бақылау департаментінің қызметкерлері барынша сабыр сақтап, бәрін заң аясында шешуге тырысады. Дегенмен, бақылаудан шығып кететін жағдайлар да болады.

"Былтыр сәл ұрттап алған кісінің жолақы төлемегенін анықтадым. Аялдамадан түсіріп, полиция шақырдым. Бір кезде саусағымнан ұстап алды да, басымен итеріп тұрып, жерге атып ұрды, менің үстіме құлады. Сол кезде саусағым қайырылып, сынып кетті. Ол кісі тұрды да, әйелі мен немересіне қарамай, қаша жөнелді", - деп еске алды Байманов.

Елдос полицияға арыз жазған. Құқық қорғаушылар қашқынды ұстады. Ол кешірім сұрап, бейнеүндеу жариялады. Бақылаушы болса, оны кешіріп, арызын қайтарып алды. 

Жолаушылардың қулығы көп

Бұрын электронды карталар ғана болғанда "қояндар" бақылаушыны көрген бойда валидаторға жүгіретін. Себебі тексеріс кезінде оны бұғаттап тастайды. Қазір ондай жолаушылар орнынан тұрмайды да. Бақылаушының автобусқа кіріп бара жатқанын көргенде интернет-банкинг немесе SMS-төлем арқылы жолақыны аудара салады. Бірақ көбісі бір нәрсені білмейді. Бақылаушыларда SMS-төлем жүйесін уақытша бұғаттап тастау мүмкіндігі бар. Оған дейін ақша аударып үлгермегендердің өтірігі бірден шығып қалады.  

"Әрбір автобустың гараждық нөмірі болады. Біз соны "BUS контролер" деген мобильді қосымшаға енгіземіз де, SMS төлемді уақытша бұғаттап қоямыз. Сол кезде біз кіргенге дейін жолақы төлемеген жолаушылар анықталады. Сосын біз болмағанда автобус жүргізушілер де осы мобильді қосымшаны ашып, SMS арқылы жолақының төленгенін, я болмаса төленбегенін көре алады", - дейді Байманов.

Контролер проверяет оплату проезда пассажиров в салоне автобуса
© Sputnik / Абзал Калиев
Бақылаушы Елдос Байманов

Дегенмен SMS-төлем бұғатталса да, интернет-банкинг ашық тұрады. "Қояндар" сол арқылы жолақыны төлеп, түбіртегін көрсетеді. Тіпті, скриншотын жасап, өзімен бірге мінген адамға жібере салады.

"Иә, соңғы кезде солай істеп жүр. Бір адам банктің мобильді қосымшасы арқылы жолақыны төлейді де, түбіртектің скриншотын жасап, жанындағы адамға жібере салады. Жақында ғана тура осы әдіспен жүрген екі жігітті ұстадым. Түбіртектері бірдей, билеттің нөмірі де сәйкес келеді", - деп атап өтті Жұмбаев.

Жалпы, жолақыдан жалтаратын жолаушыларға ортақ бірнеше сылтау бар. Біреу "ұмытып кеттім" десе, екіншісі "телефонмен сөйлесіп тұрып қалдым" деп ақталады. Ал қыс түскесін телефоны "өшіп қалатын" жолаушылар көбейді. Әсіресе, аязды күндері ондай адамдар өте көп болады. Бақылаушылардың көзінше ұялы телефонын өшіріп, жолақыны төлеп тастадым дейтіндер де кездеседі. 

"Бір кісі "телефоным өшіп қалды, бірақ жолақыны төледім" деп тұрып алды. Мен қазір тексергеннен кейін төлемегеніңіз анықталса, айыппұл саламыз, ренжімейсіз ғой десем, жоқ, еш ренжімеймін, 100 процент төледім деп болмады. Бізде арнайы база бар ғой. Соған нөмірін тереміз де, төлемнің өткенін, я өтпегенін біле аламыз. Сонда өтпеген болып шықты. Ол кісіге хаттама толтырдық. Өзі ондай да болады екен деп күлді. Қазір техниканың дамыған заманы ғой", - дейді Байманов.

Бүгінде астаналық автобустарда 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жүруге рұқсат берілген. Осы жеңілдікті өз пайдасына іске асырғысы келетін жастар баршылық. Олар 19-20 жаста болса да, кәмелеттік жасқа толмағанын айтады. Бірақ бақылаушылар ондай өтірікшілерді де бірден таниды.  

"Иә, сыртынан қарағанда 17-ге де, 20-ға да ұқсап тұрады. Мен болсам, бәрін тез-тез сұрай бастаймын. Қай мектепте оқисың? Колледждің атауы қандай? Мекенжайы қандай? Сөмкеңде кітап немесе күнделік бар ма? Оқушы болсаң, көрсетші деймін. Осыны жылдам сұрағанда өтірік айтатындар бірден сасқалақтап қалады", - дейді Жұмбаев.

Жолдың қақ ортасымен қашады

Жолақы төлемегені үшін ұсталған әрбір адамға алдымен оның құқықтары мен міндеттері таныстырылады. Одан кейін полиция шақырылады да, әкімшілік хаттама рәсімделеді. 

"Егер жүкті әйелдер, мүгедектер, үлкен кісілер немесе қала қонақтары болса, біз ескерту жасап, жібере саламыз. Ал жолақыдан анық жалтарып тұрған адамға қатысты әкімшілік шара қолданылады. Полиция шақырылады. Сосын айыппұл салынады. Оның көлемі – 5 834 теңге. Бір аптаның ішінде жеңілдік бар. Кез келген банк арқылы 2 917 теңгені төлей салуға болады", - дейді Жұмбаев.

Пассажиры выходят из автобуса
© Sputnik / Абзал Калиев
Жолаушылар автобустан түсіп жатыр

Алайда айыппұл салғанға дейін қашып кететін жолаушылар аз емес. Олар  біршама уақыт күтіп тұруы мүмкін. Осы уақыттың ішінде бақылаушыға сан алуан сылтау айтып, барлық өмірін, тіпті кредиттік тарихын да баяндап береді. Болмағасын ашуға мінеді.

"Картасын тастап, қашатындар да кездеседі. Олар көбінесе көлік қозғалысына қарамай, жолдың қақ ортасымен қашады. Енді бізге артынан жүгіруге болмайды. Себебі жол апатына түссе, біз кінәлі боламыз", - дейді Жұмбаев.  

Жолақыны үнемі төлемейтін жолаушылар да болады. Олардың ішінде психологиялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар бар. Бақылаушылар оларды жақсы біледі. Ондай жолаушыларға хаттама толтырылмайды, тек түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 

"Сосын кейбір адамдардың көзінен немесе сөзінен психологиялық ауытқу байқалып жатады. Олармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі де, ешқандай шара қолданылмайды", - дейді Байманов.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы астанада 200 мыңға жуық жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 2 979 адам айыппұл арқалады. Айыппұлдың жалпы сомасы 16 323 740 теңгені құрады.

Жаңа автобустар неге сатып алынбайды?

Бақылаушылар пандемия басталғалы тәртіп бұзушылықтардың көбейгенін байқаған. Оған халық табысының азайғаны да әсер еткен болуы мүмкін. 

"Біз де түсіністікпен қарауға тырысамыз. Ол адамда шынымен ақша болмаса, телефоны өшіп қалса, айыппұл салмауға да болады. Бірақ автобус жүргізушісіне барып, белгілі бір аялдамаға жетіп алуға өтініш жасау қажет қой. Күн суық, далада аяз, сізді ешкім тастап кетпейді. Бірақ адамдар түсінбей ме? Намыстана ма? Үндемей кіреді де, отыра салады", - дейді Жұмбаев.

Автобус на остановке
© Sputnik / Абзал Калиев
Аялдамадағы автобус

Коронавирус кезінде бақылаушылар ондаған автобусты аралайды. Күн сайын инфекцияны жұқтыру қаупі төнеді. Оған қоса, кейбір жолаушылар бетперде кимей жүреді. Ескерту жасаса да, бақылаушының түскенін көрген бойда қайтадан түсіріп қояды.

"Енді бір жағынан осы жұмысқа үйрендік, екі жарым жылдың ішінде ыстығын да, суығын да көрдік. Екіншіден, бала-шағаның қамын ойлау керек. Біз мына бетпердені күні бойы шешпейміз. Далада тұрсақ та, түсірмейміз. Біреулер сыртымыздан түсіріп, сынай ма деп, бетпердені шешпей жүреміз. Күніне үш-төрт рет ауыстырамыз. Үйге кіргенде ғана шешеміз, бетімізде кәдімгідей ізі қалады. Антисептик қолданамыз. Сондықтан жолаушыларды да санитарлық ережелерді сақтауға шақырамыз", - дейді Байманов.

Айтпақшы, бүгінде астанада SMS-төлемді алып тастау мәселесі қаралып жатыр. Себебі дәл осы жүйе арқылы жолақыны төлемеу жағдайлары жиілеп кеткен. Ал жолақы төленбесе, автопарктің бюджетіне ақша аз түседі. Ондайда жанар-жағармайды, жүргізушілердің жалақысын және тағы басқа шығындарды өтеу қиын. "Жаңа автобустар неге сатып алынбайды?" деген сұрақтың жауабы да сонда.

681
Мұғалім, оқушылар, сынып

Вице-министр оқушыларды қандай жағдайда мектепке жібермеуге болатынын айтты

987
Оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейді, еркін, ұқыпты және жинақы киімде жүруге рұқсат етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Бүгін, 1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушылары аралас оқыту форматына көшті. Осыған байланысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова бастауыш сынып оқушыларының қалай оқытылатынын түсіндірді.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді.

"Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқаспен байланыста болса, ата-анасының өтінішімен балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі", - деп жазды Қаринова Facebook-те.

Вице-министрдің айтуынша, әр мектеп штаттық режимде немесе қашықтан оқытылатын пәндерді және оқу сағаттарының санын өзі анықтайды. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады.

Білім және ғылым министрлігі "Көркем еңбек" және "Музыка" пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді мектепте оқытуды ұсынып отыр.

Осы орайда Қаринова бастауыш сынып оқушылары неге мектепке оралғанын түсіндірді.

"1-5 сыныптардың барлық оқушысын мектепке қайтару базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің бастауыш мектеп деңгейінде қалыптасатынымен байланысты болып отыр. Олар үшін әлеуметтену және қарым-қатынас процестерінің жалғасуы, оқыту кезінде ұжымдық өзара қарым-қатынастың қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан бірінші кезекте осы сыныптар бойынша шешім қабылданды", - деді вице-министр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

Ол оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейтінін атап өтті. Балаларға еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі.

"Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ", - деді Қаринова.

Сонымен қатар, 1 наурыздан бастап сабақтан тыс уақытта білімдегі олқылықтарды толықтыру үшін 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқитын 6-8, 10 сыныптарға қатысты. Жеке оқыту міндетті емес, мұғалімдердің шешімі мен ата-аналардың келісімі бойынша жасалады.

Министрлік мектеп басшыларына балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Оқушылар мен мұғалімдер санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.

987
Кілт сөздер:
Білім және ғылым министрлігі, вице-министр, оқушылар
Тақырып бойынша
Солтүстік Қазақстан облысында он мектеп карантинге жабылды 
Нұр-Сұлтанда 21 мектеп карантинге байланысты жабық тұр
Кісен

Дәретханаға сұранған: Алматыда ер адам тергеу изоляторынан қалай қашып кетті

451
(Жаңартылды 17:59 01.03.2021)
Алматы қаласындағы тергеу изоляторынан қашып кеткен Дамир Давутов екі аптадан кейін Ақтөбеде ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысының полиция департаменті 15 ақпанда Алматыда тергеу изоляторынан қашып кеткен сотталушының қалай ұсталғанын айтып берді.

Сотталушы қалай қашты

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, 15 ақпанда сотталған Дамир Давутов адвокатпен сөйлесу үшін кездесу бөлмесіне шығарылған. Кездесуден кейін ол дәретханаға сұранады, содан кейін қараңғы түскенін күтіп, кездесу бөлмесінде жасырынып қалған. Одан әрі ол есіктің құлпын бұзып, әкімшілік ғимараттың мәжіліс залына кіреді де, қосалқы шығу есігінің металл құлпын сындырып, қоршаудан секіріп, қашып кеткен.

Ер адамның бір апта ішінде тергеу изоляторына өз еркімен оралуға мүмкіндігі болды. Егер қамаудан қашқан адам қандай да бір жаңа қылмыс жасамаса, ол қашқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Алайда Давутов бұл талаптарды елеген жоқ.

Ақтөбеден бір-ақ шықты

Жедел іздестіру шаралары барысында сотталушының Ақтөбе қаласында пәтерлердің бірінде жасырынып жатқаны анықталды.

Полицейлер одан өз еркімен берілуін талап етті, алайда Давутов бас тартқан. Осыдан кейін арнайы бөлімшелердің қызметкерлері тартылып, олар екінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кіріп, қылмыскерді ұстады.

Тағы оқыңыз: Алматыда сотталушы тергеу изоляторынан қашып кетті

Жауап алу кезінде Давутов изолятордан қашқаннан кейін таксимен, алдымен, Таразға барғанын, одан кейін бес күн бойы жолшыбай көліктермен Ақтөбеге жеткенін мәлімдеді.

Айта кетсек, 33 жастағы ер адам осы кезге дейін сегіз рет сотталған. Ол 10 жыл бұрын да қашуға ұмтылып, қайта ұсталған.

Сотталушы Дамир Давутов 15 ақпанда Алматыда ЛА-155/18 мекемесінен қашып кетті. Ол ірі көлемдегі ұрлық пен алаяқтық әрекеті үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған. Ер адам үкім шыққан соң, Алматы қаласы сотына апелляциялық шағым бергендіктен тергеу изоляторында болған.

28 ақпанда сотталушы Ақтөбе қаласында ұсталды.

451
Кілт сөздер:
тергеу, ер адам, Алматы
Тақырып бойынша
Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы 8 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр
Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы ұсталды
ЕуроОдақ туы

Еуропада вакциналау сертификаты енгізіледі

0
Солтүстікатлантикалық Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca үштігіне қатысты бюрократиялық кедергілер болмауы керек. Алайда, Ресей мен Қытай вакцинасына қатысты қиындықтар бар

ЕО дипломатиялық ведомстволары басшыларының селекторлық кеңесінің қорытындысы бойынша сөз сөйлеген фрау канцлерин Ангела Меркель вакциналау сертификатын енгізу қажеттілігі туралы келіскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай сертификаты жоқ азаматтарға ЕО аумағына кіруге тыйым салынады.

Әзірше тек сөз жүзінде келісім бар. Жоба шамамен үш айдан кейін талқылауға ұсынылады, деп хабарлайды РИА Новости.

Негізгі мәселе – вакциналауға қарсы көрсетілімі бар адамдардың жайы не болмақ? Уақытша қарсы көрсетілімдер жайы түсінікті. Мысалы, жақында ғана коронавирусты инфекциямен ауырып шыққан болса. Мұндай жағдайда біршама уақыт өтуін күтіп, содан кейін ғана екпе салғызу керек болады. Алайда, созылмалы ауруы бар адамдар ше?

Іс мұнымен де бітіп тұрған жоқ. Қазір әлемде вакцина көп. Оның саны арта түсетіні анық. Сонда ЕО серификатын алу құқығы нақты қай препараттарға беріледі?

Солтүстікатлантикалық Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca үштігіне қатысты бюрократиялық кедергілер болмауы керек.

Бірақ, ресейлік ("Спутник V" және "ЭпиВакКорона") және қытай (Sinovac Biotech, CanSino Biologics, CNBG — Sinopharm) вакциналарына қатысты біршама қиындық туындайтын секілді. Олар өте жоғары деңгейде тиімді әрііаурудың жалғыз емі болса да, брюссеельдік бақылау органдарымен мақұлданбаған. Сондықтан, осы екі елдің препаратын салғызған азаматтар шекарадан асуы үшін қажетті сертификатқа қол жеткізбеулері ықтимал.

Осы тұста вакцинаның әлемдегі адамдарға тиімділігі емес, оның саяси маңызы жоғары тұрғаны анық. Ал, жаһандық мәселеге саясат араласқан кезде, оның ақыры ешқашан жақсылыққа алып келмеген. Осы сияқты жағдай "Солтүстік ағын – 2" жобасының төңірегінде де белең алып жатыр. Вакцинасы альянс аумағында мойындалмаған елді дәл осы вакцина арқылы қыспаққа алу мүмкін болса, ЕО мұны қалт жібермеуге бел буды.

Жақында ғана Еурокомиссия басшысы Усула фон дер Ляйеннің мәлімдемесі де осыған сәйкес келеді: "Ресейдің кокронавирусқа қарсы вакциналау стратегиясы ақылға қонымсыз. Басқа елдерге вакцинаның миллиондаған дозасын ұсынып отырған Ресей неге өз халқын екпемен толық қамтамасыз ете алмай отыр? Неге өз тұрғындарын вакциналауда тиісті ілгерілеу жоқ? Бұл сұраққа жауап беру керек".

Тиісті ілгерілеу деп нені меңзеп тұрғаны белгісіз. Оның үстіне, ілгерілеу мүлде байқалмайтын Еуропа бұл жайында сөз қозғауы қаншалықты орынды? Әйтпесе, Венгрия "Спутник" вакцинасын сатып алмас еді. Чехия, Австрия, Италия да осы ойда болмас еді.

Сол себепті, елге кіру визасына рұқсатнама ретінде қай вакциналар айқындалатыны туралы дау әлі талай ақиқаттың бетін ашатын секілді.

0