Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді

"Қолымыздан ештеңе келмеді": жедел жәрдем қызметкерлері карантинде қалай жұмыс істеді

2302
Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдағы №1 жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысып, дәрігерлермен бірге шақыртуға барып көрді

АЛМАТЫ, 13 ақпан – Sputnik. Денсаулығы сыр беріп, дәрігердің көмегін қажет ететін адам ең алдымен 103 нөміріне хабарласады. Науқас өзі жайлы ақпарат берген соң мамандар көрсетілген мекенжайға барады. Бұл – бәріне белгілі жағдай. Коронавирус пандемиясына байланысты жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгінетіндер саны артқан. Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдағы №1 жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысып, дәрігерлермен бірге шақыртуға барып көрді.

Бір сағатта 15 адам қоңырау шалады

Пандемия кезінде адамдар ашуланшақ бола бастаған. Диспетчердің дене қызуы, жөтел, ентігу туралы сауалына "неге сұрақ қоя бересің?", "тезірек жедел жәрдем көлігін жібер" деп дөрекілік танытатын азаматтар да бар. Соған қарамастан қоңырау қабылдайтын диспетчер сабырлы қалыппен әрбір адамға сұрақ қояды. Мұндай сәтте науқастың қай жерде екені және қай бригаданы жіберу қажет екенін шешу маңызды.

Күн сайын бір станцияға түсетін шақырту саны әртүрлі. Мысалы, 10 ақпанда 24 сағатта 183 қоңырау түскен, оның ішінде 10 шақырту коронавирусқа қатысты.

Бір күнде станцияға 180-200 шамасында қоңырау түседі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Бір күнде станцияға 180-200 шамасында қоңырау түседі

Сағатына түсетін қоңыраулар да дәл солай. Кейде бір сағатта екі адамға көмек қажет болса, ал кейде 15 адам қоңырау шалады.

Станцияда 15 жылдан бері жұмыс істейтін Мөлдір Сәрсенбектің айтуынша, егер науқас өзі туралы ақпаратты алдын ала айтпаса, дәрігерлердің инфекция жұқтыру қаупі жоғарылайды.

"Пандемия кезінде жұмыс күрделене түсті, шақырту көп. Бірақ халық дәрігерді шақырған кезде көп нәрсені жасырады. Сенбейді. Бірнеше күннен бері дене қызуы көтеріліп, жөтеліп жатқанын, бір жерге қонаққа барып келгенін жасырады. Әсіресе, пандемия басталған наурызда қиын болды", - деп бастады әңгімесін станцияның жедел жәрдем дәрігері Мөлдір Сәрсенбек.

Алайда диспетчер оның бәрін сұрауы керек. Жедел жәрдем бригадасын диспетчер қорғайды. Қайда бара жатқанымызды білуіміз керек, дейді дәрігер.

Мөлдір Сәрсенбек 15 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді
© Sputnik / Тимур Батыршин
Мөлдір Сәрсенбек 15 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді

Оның айтуынша, жедел жәрдем шақырушылар дәрігер сұрақ қойған сайын жасыра береді. Сондай жағдайда науқасқа диагноз қою қиындайды. Дәрігер мұндай сәтте берген ақпаратына қарап, шамалап диагноз қояды, ауруханаға жеткізеді. Ал науқастар ауруханаға келгенде ағынан жарылып, ауруын айтады. Алайда оған мүлде басқа диагноз қойылған болуы мүмкін.

Мамандар шақыртуға қанша уақытта барады?

Мөлдір Сәрсенбек қызмет жолын фельдшер болып бастаған, қазір жедел жәрдем бригадасында дәрігерлік қызмет атқарады. Ол шұғыл реанимациялық, кардиологиялық жағдайларға қатысты шақыртуларға жиі барады.

Айтуынша, шұғыл шақырту түскенде науқастар ес-түссіз жатуы мүмкін, кейде ұстамасы ұстауы мүмкін.

Қоңырау түскеннен көрсетілген мекенжайға жетуге дейінгі уақыт төрт санатқа бөлінген. Айтуынша, жол апаты, инфаркт, инсульт, асылып қалу, тырысып қалу секілді шұғыл жағдайларда мамандар оқиға орнына 10 минут ішінде барады.

Дем алуы қиындап, тыныс жолдарына қатысты жедел жәрдем шақырғандарға 15 минутта барса, үшінші санатқа жүкті әйелдер, өміріне қауіп төнбейтін жарақат алғандар жатады. Оған көп жағдайда фельдшерлер 15-30 минут аралығында барады.

Жедел жәрдем дәрігері 10-15 минут ішінде науқасқа диагноз қоюы қажет
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жедел жәрдем дәрігері 10-15 минут ішінде науқасқа диагноз қоюы қажет

Төртінші санат (қан қысымы, созылмалы ауруы бар науқастар) бойынша 1 сағатқа дейін оқиға орнына барады.

"Жедел жәрдем бригадасының жұмысы өте ауыр. Білімді, тез шешім қабылдауды талап етеді. Өйткені дәрігер бұл жерде науқаспен жалғыз қалады. Жанында фельдшер болса қосымша көмектеседі, алайда науқасқа дәрігер жауап береді. 10-15 минут ішінде диагноз қою керек. Жағдайы ауыр болса, дер кезінде ауруханаға жеткізу қажет", - дейді Сәрсенбек.

Коронавирус кезіндегі жедел қызмет

Дәрігерлер карантин кезінде анау айтқандай өзгеріс байқамаған, алайда әріптестері инфекция жұқтырғаны анықталған сәтте қорқыныш болыпты.

"Қатты өзгеріс болмады. Бастапқыда жұрт жедел жәрдем бригадасын шақыруға қорықты. Жағдай асқынған кезде ғана қоңырау шалады. "Біз қорқып шақырып тұрмыз", "сіздер коронавирус жұқтырғандарға барасыздар ма?" деген сөзді көп естідік. Бірде 80 жастан асқан кісінің ентігіп жатқанын айтқан соң қорғаныс киімін киіп бардық. Үйіне кірсек, "менде коронавирус жоқ, неге бұлай киініп келдіңдер" деп жылап тұр. Біз ол кісіге өзімізді қорғау үшін кигенімізді айтып түсіндірдік", - дейді дәрігер.

Мұндай сәтте тек дәрігер ғана емес, психолог та болу қажет, деп санайды ол.

Жедел жәрдем дәрігерлері обаға қарсы костюмді 3 минут ішінде киеді
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жедел жәрдем дәрігерлері обаға қарсы костюмді 3 минут ішінде киеді

Сонымен қатар Мөлдір Сәрсенбек әңгіме барысында коронавирус Қазақстаннан табылған кезде өзі барған алғашқы науқас туралы да айтып берді.

"...Ол кісіні ешқашан ұмытпайтын шығармын. Көз алдымнан кетпейді. Дәл сол кезде өкпесінің 60%-і қабынып, дем алуы қиындап жатыр екен. Көгеріп кеткен. Сұрақтарға өзі жауап бере алмайды, әйелінің айтуы бойынша ем-дом жасадық. Оттегі бере бастағанда жағдайы жақсарып, сөйлей бастады. Жаңадан ашылған модульді ауруханаға жатқыздық. Шыны керек, ауруханаға жеткенше жанымызды шүберекке түйіп бардық", - дейді ол.

Айтуынша, жедел жәрдем көлігіне науқас отырған сәттен бастап оған дәрігер жауап береді. Сондықтан аман-есен модульді ауруханаға жеткізуге асығады.

Коронавирус жұқтырғандармен қалай жұмыс істейді?

Станция қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылдың шілдесінде шақырту өте көп болды. Ал қазір салыстырмалы түрде азайды. Сондай-ақ, жағдай да өзгерген.

"Ол кездегі шақыртулар қазіргіден ерекше. Ол кезде ештеңе істей алмадық. Ауруханада орын жоқ, апара алмаймыз. Екіншіден, қолымыздан ештеңе келмеді. Адамға ауа жетпей жатқанда бірінші көмегіміз оттегі беру болды. Науқасты оттегіден ажыратқанда жағдайы қайта нашарлай бастайды", - деп еске алды дәрігер.

Жағдайы аса ауыр науқастарды ауруханаға алып келдік. Алайда орын жоқ. Кейде аурухананың есігінде жылап тұрғандарды көргенде жүрегің ауырады. Науқастар дәлізде жатты. Ең қиын сәт – қолыңнан ештеңе келмейтін кез, дейді Сәрсенбек.

Алайда қазір мұндай жағдай жоқ. Науқасты ауруханаға жатқызуға толық мүмкіндік бар, сондай-ақ, жедел жәрдем көліктері де жаңарған.

Алматыдағы №1 жедел медициналық жәрдем станциясында 20 бригада бар
© Sputnik / Тимур Батыршин
Алматыдағы №1 жедел медициналық жәрдем станциясында 20 бригада бар

Бұған тілшілер де куә болды. Станция ішінде жүргенде ПЦР тапсырған Алматы тұрғынынан коронавирус табылғаны туралы ақпарат түсті. Науқасты инфекциялық ауруханаға жеткізу қажет екені айтылды. Мөлдір Сәрсенбек пен фельдшер, көлік жүргізушісі дем арасында киініп, шақырту орнына барды.

Коронавирус жұқтырған науқасқа жеткенімізде ол жерде мобильді топтың мамандары болды. Олар науқастың инфекцияны қайдан жұқтырып алуы мүмкін екенін, кіммен байланыста болғанын сұрайды.

Ал 62 жастағы алматылық Ирина Золотарева 31 қаңтарда дене қызуының бір рет көтерілгенін, күйеуімен ғана байланыста болғанын айтты. Ілеспе ауруы болуына байланысты ауруханаға жатамын деп шешкен.

Дәрігерлер науқастың дене қызуын, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін тексереді
© Sputnik / Тимур Батыршин
Дәрігерлер науқастың дене қызуын, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін тексереді

"31 қаңтарда дене қызуым көтерілді. Одан кейін қайталанған жоқ. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Үш күннен бері дене қызуым көтеріліп тұр. Тек күйеуіммен ғана байланыста болдым. Ол ауырған жоқ. Үш күннен бері дәм сезбей жүрмін. Тек емханаға бардым, басқа еш жерге барған жоқпын", - деді науқас.

Науқас біз барғанша ауруханаға қажетті заттарын жинап қойыпты. Дәрігерлер қан қысымын, қандағы қант мөлшерін, жүректің кардиограммасын, дене қызуын өлшеді.

"Коронавирус табылғаны анықталған соң ауруханаға жату туралы ұсыныс айтамыз. Себебі кез келген уақытта жағдайы нашарлауы мүмкін, сол үшін науқас дәрігер бақылауында болуы керек екенін түсіндіреміз. Сонымен қатар бұл кісінің ілеспе аурулары бар", - дейді мобильді топ қызметкері.

Ал күйеуі 14 күн бойы мамандардың бақылауында болады.

Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді
© Sputnik / Тимур Батыршин
Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді
Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді
© Sputnik / Тимур Батыршин
Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді

Науқас жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді.

"Ауруханаға жеткенде ілесіп жүрген адамдарды инфекциялық ауруханаға кіргізбейді. Көп жағдайда коронавирус жұқтырған науқастардың жанына ілесіп жүруші адамдарды алмаймыз. Өйткені ол кісінің өзіне де қауіпті. Кішкентай бала болса, ата-анасы ілесіп жүреді", - дейді дәрігер.

Жедел жәрдем көлігін шлагбаумда тоқтатқан қызметкерлер науқасты қай блокқа апару қажет екенін көрсетті. Әрі қарай науқасты түсірмей тұрып дәрігер аурухана мамандарымен сөйлеседі. Қай бөлімге жатқызатындарын нақтылады.

Дәрігерлер науқасты жедел жәрдем көлігінен түсірмей тұрып, аурухана мамандарымен сөйлеседі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Дәрігерлер науқасты жедел жәрдем көлігінен түсірмей тұрып, аурухана мамандарымен сөйлеседі

Содан кейін науқастың қай күні ПЦР тапсырғанын, қай күні нәтижесі шыққанын, денсаулығына қатысты ақпаратты толтырады. Ілесу парағын толтырып, науқасты қабылдап алатын дәрігерлерге арыз-шағымы бар-жоғын айтады.

Шақыртуды орындап келгеннен кейін бір рет киюге жарайтын обаға қарсы костюмді жоюға жібереді. Ал жедел жәрдем көлігі дезинфекцияланады. Бұл жағдай 24 сағаттық кезекшілік кезінде бірнеше рет қайталануы мүмкін.

Алайда жедел жәрдем қызметінде жақсы жаңалықтар да көп болады. Адамды клиникалық өлімнен құтқарған кезде өзіне көңілі толып, сол күні көтеріңкі көңіл күйде жүреді.

2302
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2117)
Қазақстан зергерлер лигасы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайсар Жұмағалиев

Қазақстандық шеберлер Еуразия зергерлік бюросының ашылуын күтіп жүр

16
Бұл отандық зергерлік бұйымдарды одан әрі дамыту және экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол  ашады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстандық зергерлер аз уақыт ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында Еуразия зергерлік бюросы ашылады деп үміттеніп отыр. Бұл отандық зергерлік бұйымдарды одан әрі дамыту және экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы жөнінде Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн-брифинг кезінде "Қазақстан зергерлер лигасы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайсар Жұмағалиев мәлімдеді.

"АХҚО алаңында Еуразия зергерлік бюросының ашылуы біздің зергерлердің экспортқа шығуына ықпал етуі керек. Оның үстіне Ресей Федерациясы зергерлік бұйымдарды сүйемелдеу үшін басқа елдердегі өз сауда өкілдіктерін ұсынуға дайын", - деді Жұмағалиев.

АХҚО жанынан бюро ашу туралы мәселеге бизнес те қолдау көрсеткен. Нәтижесінде зергерлер өз бетінше шеше алмайтын мәселелердің шешімі табылады. Сондай-ақ, Ереван мен Мәскеу де өз аумағында Еуразия зергерлік бюросын ашу құқығы үшін таласқан болатын.

"Астана" АХҚО – бұл посткеңестік кеңістіктегі бірегей қаржы орталығы. Мұнда ағылшын құқығы, арбитраж бар. Мұның барлығы шетелдік инвесторлар үшін қызықты болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мұнда салықтық жеңілдіктер жасалып, инвестицияларды тартудың жеңілдетілген тәртібі құрылады және тағы басқа шаралар қабылданады", - деді ол.

Қазіргі жағдайда қазақстандық зергерлерге өндірісті дамыту және нарыққа шығу оңай соқпай жатыр.

"Мысалы, Еуропаға шығу үшін және өз зергерлік бұйымдарыңды таныстыру үшін миллиондаған доллар қажет. Бұл әрбір зергер көтере алатын шығын емес. Біздің жақында құрылатын ұйымымыз (Еуразия зергерлік бюросы) нарыққа талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Біз бірінші қатардағы көрмелерге қатыса аламыз. Бүгінгі күні қазақстандық зергерлер негізінен көпшілікке аса танымал емес екінші және үшінші деңгейдегі көрмелерге қатысып жүр. Сонымен қатар, нарыққа үнемі қатысу қажет. Көрмеге келіп, бір-екі апта тұрып, одан соң кетіп қалу жарамайды. Сені ұмытып кетеді", - деді Лига басшысы.

Ол қазақстандық зергерлердің экспорттық әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді. Бұған халықаралық көрмелерде қазақстандық зергерлік бұйымдарға деген жоғары қызығушылық дәлел бола алады.

"Әлі есімде, 2017 жылы Еревандағы халықаралық көрмеге қатыстық. Ол шараға қатысқан француз зергерлер біздің күмістен жасалған бұйымдарымызды түгелдей сатып алды. Француздар мұндай бұйымдарда шебердің саусақ іздері, оның еңбегі көрініп тұрады, қолдан жасалған бұйымның жаны бар деп санайтындарын айтқан", - деді Жұмағалиев.

Жұмағалиев атап өткендей, еуразиялық зергерлік брендті енгізу қосымша ауқымды инвестицияларды қажет етпейді. Себебі  Қазақстанда да сапаға қатысты дәл осындай мемлекеттік стандарттар қолданыста бар.

16
Монета

Зейнетақы жинағын жеке басқаруға қалай беруге болады қысқаша нұсқаулық

54
Зейнетақы жинағын басқаруға рұқсат етілген басқарушы компаниялардың тізімі қаржы реттеуші сайтында ай сайын жарияланып отырады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің порталы – Fingramota.kz зейнетақы жинағын жеке басқаруға қалай беруге болатыны туралы ақпарат жариялады.

Зейнетақы жинағын жеке басқаруға берудің алты қадамы

1. Ең алдымен салымшы БЖЗҚ-дағы өзінің жеке зейнетақы шотында басқарушы компанияға беруге қолжетімді зейнетақы жинағының сомасын тексеруі керек. Бұл сома үкімет бекіткен жеткіліктілік шегінен жоғары болуға тиіс. Жеткіліктілік шегі туралы мына жерден білуге болады.

Сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда зейнетақы жинағы жеке оның зейнетақы шотындағы қалдығы шегінде берілуі мүмкін.

2. Одан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сайтынан зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген жеке басқарушы компаниялардың тізімін зерделеу қажет. Айта кету керек, зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген басқарушы компаниялардың тізімі ай сайын жарияланады.

3. Салымшы инвестициялық декларациясы талаптарға және тәуекелдерге сәйкес келетін басқарушы компанияны өз бетінше таңдауға тиіс.

БЖЗҚ-ның сайтынан зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан жеке басқарушы компаниялар және олардың инвестициялық декларациялары туралы ақпаратпен танысуға болады.

4. Зейнетақы жинағының бір бөлігін жеке басқарушы компанияға беру туралы өтініш ұсыну үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы кіру немесе қор бөлімшелерінің біріне бару керек.

5. БЖЗҚ өтінішті, жеке басын куәландыратын құжаттың шынайылығын және салымшыда басқарушы компанияға беру үшін қолжетімді зейнетақы жинағы сомасының болуын тексереді.

Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған болса, өтініш берген күннен кейін 5 күн ішінде салымшының өтінішін қанағаттандырмау туралы хабарлама келуі мүмкін.

6. Ал егер барлығы заң талаптарына сәйкес болса, онда БЖЗҚ өтініш түскен күннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде өтініште көрсетілген зейнетақы жинағының сомасын салымшы таңдаған басқарушы компанияға аударады.

54
Кілт сөздер:
зейнетақы жинағы
Тақырып:
Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу
Тақырып бойынша
Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру: қалай табыс алуға болады
БЖЗҚ Қазақстандағы ең жоғары зейнетақыны атады
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы бір айда 255,5 миллиард теңгеге өсті
Зейнетақы қорында жеткіліктілік шегін қалдырмауға болады – не істеу керек
"100 мың теңге жоғалтасыз": зейнетақы қоры ескерту жасады