Жақсылық Досқалиев

Бұрынғы денсаулық министрі Досқалиев COVID-ке қарсы вакцина туралы не дейді

7659
Медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев адамның дені сау болу үшін жеке гигиенаны сақтау, дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау қажет екенін айтты

АЛМАТЫ, 14 ақпан – Sputnik. Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы 66 жастағы Жақсылық Досқалиев коронавирусқа қарсы вакцина адамды инфекциядан 97%-ке дейін қорғайды деп санайды. Ал қазақстандықтардың басым бөлігі вакцина салдырғаннан кейін медициналық бетперде мен шектеу шаралары қажет болмайтынын айтты.
Сондай-ақ маман Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында адамның денсаулығы үшін қажет бірнеше кеңес берді.

"Қазір бүкіл әлемде коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кейінгі кезде науқастардың саны азайып жатқаны қуантады. Мемлекет қабылдап жатқан шаралар нәтиже беруде. Ал жекелеген адамдарға келер болсақ, коронавирустан ғана емес, басқа да аурудан ада болу үшін бірнеше қарапайым шара қабылдаған жөн", - деп бастады әңгімесін Досқалиев.

Бірінші – жеке гигиенаны сақтау

Әрбір адам жеке гигиенаны сақтауы қажет. Ал жеке гигиена деген – тазалықты сақтау, ағзаны таза ұстау.

Екінші – дұрыс тамақтану

Біреу күніне үш рет, біреу төрт рет тамақтануы мүмкін. Маманның айтуынша, қанша рет тамақтанса да, астың құрамында пайдалы заттар болғаны жөн.

"Адам ең бірінші ақуызды керекті мөлшерде жеу керек. Ол – ет, сүт, балық, еттен жасалған тағам. Сонымен қатар қыста көкөніс пен жемістер жеген жөн", - деді ол.

Үшіншісі – дұрыс ұйықтау

Досқалиевтің сөзінше, ұйқының ұзақтығы тәулігіне сегіз сағаттан кем болмауы қажет.

"Қазір сегіз сағаттан кем ұйықтамаймын. Жас кезімізде ұйқы аз болды. Хирург болған соң кезекшілік кезінде ұйқы дұрыс болмайды. Түн ұйқы төрт бөлінеді. Қазір мен зейнеттемін. Уақытым бар", - дейді ол.

Төртіншісі – темекі шекпеу, ішімдікке салынбау

"Темекі тартпау қажет, мұны аса маңызды деп санаймын. Себебі ол адамның денсаулығына зиян. Сонымен қатар адам ішімдікке салынбауы керек. Мүлдем бас тарту қажет деп айтпаймын, себебі ол мүмкін емес", - дейді Досқалиев.

Бесіншісі – мөлшерден тыс қыздырынбау

"Бұл жерде әңгіме жазғы уақыттағы күнге қыздырыну туралы болып отыр. Адамдар тез қыздырынамын деп күннен мөлшерден тыс ультракүлгін сәуле алады. Олай болмауы қажет", - дейді ол.

Айтуынша, сауна, монша секілді жерлерде де шектен тыс қыздырынуға болмайды.

Алтыншы – денеге физикалық салмақ түсіру

Әр адам салауатты өмір салтын ұстануы керек. Ол жаяу жүру болуы да мүмкін, міндетті түрде ауыр жаттығу жасаудың қажеті жоқ. Жастарға не істесе де жарасады, ал 60 жастан асқан кісілерге жаяу жүру де жарайды.

"Астанада қар жиі жауады. Жеке үйде тұрған соң өзім далаға шығып сол қарды күреймін. Қыста сенбі-жексенбі күндері міндетті түрде қарда жүруге арналған көлікпен серуендеймін. Кейінгі кезде скандинав жүрісі сәнге айналды, оның да пайдасы бар", - дейді Досқалиев.

Жетінші – аурудың алдын алу

"Бұл – профилактика. Хирург болғандықтан, жылына екі рет тексеруден өтемін. В, С гепатиті, ВИЧ-ке тексерілемін. Жылына бір рет флюорография, электрокардиографиядан өтемін. Бұл – қалыптасқан нәрсе. Медицина саласына байланысты болған соң мұның бәрі студенттік кезден басталды", - дейді Досқалиев.

Айтуынша, ауру асқынған кезде ғана емес, алдын ала тексеруден өтіп тұрған дұрыс.

Сегізінші – вакцина салу

Досқалиевтің айтуынша, тұмаудың өршитін кезеңінде вакцина салдыру қажет. Бұл COVID-19 инфекциясына да қатысты.

"Қазір коронавирустан қорғанудың басқа амалы жоқ. Басқа жағдайдың бәрінде инфекция жұқтыру қаупі жоғары болады. Өкінішке қарай, бұл ауруға қазір дәрілер жоқ. Коронавирустан 97%-ке жуық қорғайтын – вакцина. Одан басқа жолы жоқ. Ресейдің "Спутник V" вакцинасының сапасы өте жоғары. Қазір өзіміздің де вакцина әзірленіп жатыр", - дейді профессор.

Досқалиев өзінің коронавирусқа қарсы вакцина салдыратынын айтты. Ол 40 жылдан астам уақыттан бері қыркүйекте тұмауға қарсы вакцина салдыратынын, соның арқасында төсек тартып жатпағанын алға тартты.

"Тұмаумен ауырған адам емеспін. Кейде салқындап, түшкіріп, жөтелетін кездер болады. Оның өзі көп болса екі күнге созылады. Тұмау болдым деп төсек тартып жатқан емеспін", - дейді ол.

Айтуынша, егер Қазақстан халқының 70%-і вакцина салдыратын болса, бетперде тағудың да қажеті жоқ. Алайда коронавирус әлі біраз уақыт адаммен бірге өмір сүреді.

"Ондай жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Содан кейін қазір қабылданып жатқан шаралар да қажет болмай қалады. Коронавирус адаммен біраз уақыт өмір сүреді. Табиғи шешек ауруы инфекциясымен әлем 150 жылдай күресті. Қазір Қазақстанда оған қарсы вакцина салынбайды, бұл инфекцияның жойылғанын білдіреді. Ол кезде қазіргідей үздік технологиялар болған жоқ. Осыған байланысты коронавирус 150 жылға созылмайды деп ойлаймын, алайда бізден кетіп қалмайды", - дейді Досқалиев.

Тоғызыншы – оқшаулану және көп адам жиналатын жерге бармау

"Коронавирустан қорғанудың ең жеңіл жолы – әр адамның оқшаулануы. Үлкен той, адам көп жиналған жерге аса қатты қажет болмаса бармаған жөн. Адам болған соң дүкенге, дәріханаға барады. Ал ол кезде бетпердені тағу керек. Содан кейін қолын жуып тұруы керек. Барлығы адамның ағзасына қол арқылы барады. Адам бәрін қол арқылы жасайды. Тамақты да, етікті де қолмен ұстайды. Адамның ең көп жұмыс істейтін мүшесі – қол", - дейді Досқалиев.

Айтуынша, өзі де кей жұмыстарды қашықтан істеп жатыр. Арасында емханаларға кеңес сұрау беру үшін барады. Мұндай кезде де барлық қорғану шараларын сақтайды. Ал басқа уақытта үйінде болады.

Оныншы – аурудың бәрі жүйкеден

"Адамның жасы ұлғайған сайын адам тамырлары тарылады. Денедегі тіндерге қан жеткізу үшін жүрек қарқынды қысқарады. Ал жүректің қарқынды қысқаруы қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Егер адам менің бұған дейін айтқан кеңестерімді орындайтын болса, гипертония ауруы кейінірек пайда болады", - дейді Досқалиев.

Менде қан қасымының көтерілуі бар. Ол қызмет бабы бойынша пайда болды. Себебі жұмыста күйзеліс, жүйкеге әсер ететін сәттер жиі болды. Ал аурудың бәрі жүйкеден келеді, дейді ол.

Маманның айтуынша, медицина адамға тек 30% көмек береді. Қалған 70% әр адамның өз қолында. Егер осы аталған кеңестерді сақтаса, ауру біраз уақыт жоламайды.

7659
Кілт сөздер:
пайдалы кеңес, тұмау, Жақсылық Досқалиев
Тақырып бойынша
Сарымсақ туралы әңгімені экс-министр Досқалиев айтпаған болып шықты
Жақсылық Досқалиев коронавирустан қалай қорғануға болатынын айтты
Коронавирусқа қарсы вакцина бедеулікке ұшыратпайды
Вакцина салдырмағандар ұжымдық иммунитетке сенім арта ала ма?
"Жылап жібере жаздадым" Досқалиев жанына қатты батқан қайғылы оқиға туралы айтты
Архивтегі фото

Қазақстан Қытаймен шекарадағы өткізу бекетін жабады

35
(Жаңартылды 17:07 07.03.2021)
Қаржы министрлігі тасымалдаушыларды және шекарадан өткісі келетіндерді енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағдарын алдын ала жоспарлауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. Қытаймен шекарадағы "Нұр жолы" өткізу бекеті 2021 жылы 8 наурызда жұмыс істемейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұл шектеу Қазақстан Республикасында Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге байланысты енгізілді", - деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.  

Атап айтқанда, 8 наурыз күні адамдар, көлік құралдары, тауарлар шекара арқылы өткізілмейді.

Оқи отырыңыз: Енді Қазақстан шекарасында ұзын-сонар кезек болмайды

Ведомство тасымалдаушыларды және шекарадан өткісі келетіндердің барлығын енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағдарын алдын ала жоспарлауға шақырды.  

35
Кілт сөздер:
шекара, Қытай
Тақырып бойынша
Депутаттар қазақ-қытай шекарасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді
Қытаймен келіссөз жүргізу оңайға соқпай тұр – Мырзағалиев
Қытаймен шекарадағы проблема: Қазақстан шара қабылдауға мәжбүр болды
Мыңдаған жүк көлігі мен вагон Қытаймен шекарада тұрып қалды 
Көпбалалы ана Раушан Үсейінова

Ақшаны "копилкаға" да жинадық: 8 баланың анасы астанадан екі пәтерді қалай алғанын айтты 

120
(Жаңартылды 15:29 07.03.2021)
Sputnik Қазақстан тілшілері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 8 баласы бар батыр анамен кездесіп,  көпбалалы отбасының күнделікті өмірімен танысып қайтты. Олардың нарық заманына қалай бейімделгенін де білді 

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Астаналық Раушан Үсейінова 26 жасында көпбалалы ана атанды. Ал төрт жылдан кейін "Алтын алқамен" марапатталған. Жолдасы екеуі сан алуан қиындықтарға қарамастан, баспана мәселесін шешті, бизнес ашты. Жақында тағы бір үйді рәсімдеп алды. Осылайша, өз күшімен біраз жетістікке жетті. Ал, ең бастысы, бала тәрбиесіне баса мән беріп келеді.

Көпбалалы ананың күн тәртібі

Раушанның күн тәртібі қызметтегі адамның жұмысынан кем түспейді. Тіпті, одан асып кетеді деуге болады. Соған қарамастан, көпбалалы ана бәріне үлгеруге тырысады. Осы жолы сұқбат беруге де уақыт тапты. 

Дүйсекеевтер отбасы
© Photo : Раушан Үсейінованың жеке архивінен
Дүйсекеевтер отбасы

"Біз таңғы сағат 6:30-да тұрамыз. Балаларды оятып, тамағын береміз де, шығып кетеміз. Калиманды - балабақшаға, Абдулраян мен Аяланы - мектепке, екеуінің сабағы 8:00-де басталады. Жолдасым ары қарай жұмысқа кетеді. 11:15-те екі баламды алып келемін де, 13:15-де Жанзерені мектепке апарамын. Одан кейін 14:00-де Мейірім деген қызымызды мектепке жіберу керек. Ол түскі асын ішіп алып, өзі барады. 16:15-те Жанзере сабақтан шығады. Оны үлкен ұлым – Қаршыға алып келеді. Оған дейін олар Нұршуақ екеуі үйден онлайн оқиды. Ал кенжеміз қолымнан түспейді" – деп бастады өз әңгімесін Раушан.

Ол әрбір баласының сабақ кестесін жатқа біледі. Қазір ата-аналардың бас ауруына айналған "ТЖБ" мен "БЖБ" да басталып кеткен. Ал жиынтық бағалау кезінде жұмыс көбейеді. Сабақты бақылауды күшейту керек. Раушан балалардың есімдерін де шатастырмайды, бәрін жіті қадағалап отырады. 

"Мүлде шатастырмаймын. Мен оларды әрбір қылығына дейін білемін. Бір бала екіншісіне ұқсамайды ғой, негізі. Мінезі, қылығы, болмысы...Соның бәрін жатқа білемін. Енді, болашақта шатастырмасам, әзірше, есімдерін шатастырмаймын (күлді)", - дейді ол.

"Мемлекеттік бағдарламадан екі рет өттік"

2008 жылы Раушанның жолдасы Жандос астанаға көшуге шешім қабылдайды. Бірақ алдымен өзі барып, жұмыс іздейді. Ал екі айдан кейін Шорнақ ауылынан екі баласымен бірге келіншегі де келеді.

"Қиыншылық көп болды... Бірақ, Аллаға шүкір, екеулеп жеңдік", - деп еске алады Раушан.

Екі жылдан кейін үшінші баласы Мейірім дүниеге келді. Сол кезде Раушан мен Жандос жас отбасы ретінде мемлекеттік бағдарламаның алғашқы кезеңінен өтіп, екі бөлмелі пәтерге жолдама алған. Ендігі кезекте банктен өту керек. Жас жұбайлар үшінші баланың туғанын жасыруға шешім қабылдайды.

"Мико бір айлық болса да, "метрке" алған жоқпыз. Өйткені банкте бала саны көп болған сайын шығыстың көлемі де артады деген есеп бар. Соның бәрін табыстан шегергеннен кейін адамның төлем қабілеттілігі төмендейді екен. Ал Жандостың жалақысы 18 мың теңге ғана болған. Содан қызымыздың дүниеге келгенін жасыруға тура келді", - дейді Раушан.

Жастар "екі баласы бар" деген анықтамамен банктің тексерісінен сәтті өтті. Алайда тағы бір сынаққа тап болды. Бұрынғы кредиттің бұзылған тарихы шығып қалды. Қарыз жабылса да, "қара тізімнен" шығармапты. Сол кезде жас жұбайлардың қуанышы су сепкендей басылды. Бірақ олар үмітін үзген жоқ. 

Тағы оқыңыз: "Әрбір бала үшін 4,2 млн теңге": депутаттар үкіметке ұсыныс жолдады

"2011 жылы біз қайтадан қатысуға шешім қабылдадық. Әлі есімде, жеке куәлігімнің мерзімі өтіп кеткен. Мен болсам, оны байқамаппын. Содан жеке куәлікті жылдам жасатып, соңғы күн қалғанда үш бөлмелі пәтерге құжат тапсырғанбыз ғой. Аяла да дүниеге келген, төрт баламыз бар. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарламадан тағы өтіп кеттік", - деді Раушан.

Жас жұбайлар осы жолы да банкпен проблема болатынын біліп, баспананы толығымен сатып алуға шешім қабылдайды. Құрылысшылардың тұрғын үйді кешіктіріп тапсырғанын пайдаланып, қажетті соманы жинап алады да, төрт жылдан кейін астанадағы алғашқы пәтеріне кіреді.  

"Әрине, ол кезде жалғыз жалақымен ақша жинай алмайсың. Жандостың қосымша табысы болды. Тоймен айналысатын, артынан тамада болып көрді. Оның жанында мен де жүрдім", - деп еске алды Раушан. 

"Копилканың" ақшасына дүкен ашқан

Бала саны көбейген сайын табыстың мөлшерін арттыру қажет. Жандос пен Раушан осыны әбден түсінді. Кешке қарай балаларды жатқызғаннан кейін екеуі ұзақ уақыт ақылдасатын. Бизнес ашуды ойластырды. 

"Енді, бала өсіп келе жатыр. Оның тамағы бар, киімі бар, үйірмесі бар. Екеуіміз күнде кешке қарай отырып ақылдасамыз. Мен болсам, астанаға келген бойда маған бірдеңе ашып берші деп, ылғи айтып жүрдім. Жандос "Қайтесің, шаршайсың ғой, үйде балаларды бағып отырсаң, сол жетеді" дейтін. Бірақ мен қайтқан жоқпын. Жандос тапқан ақшаның 5-10 мың теңгесін "копилкаға" жинап жүрдік. Соған бірінші бизнесімізді ашайықшы дедім. Сөйтіп, дүкенді де аштық", - деді көпбалалы ана.

Бас кезінде Раушан үйдің астында ашқан дүкенде кеңсе заттарын сатты, ксерокспен көшірме жасады. Артынан азық-түлік сата бастады. Сол кезде жетінші баласы үш айлық нәресте еді.

Тағы оқыңыз: "Жаман сөздің бәрін біз естиміз": Нұр-Сұлтанда автобус айдайтын көпбалалы ананың әңгімесі

"Шынын айту керек, өте қиын болды. Жандос қатты көмектесті, ылғи жанымда болды, негізгі жұмысынан кейін дүкеннің шаруасына да кірісіп кететін. Оның қолдауы болмаса, істей алмайтын едім. "Әр кәсіпте нәсіп бар" дейді ғой. Жаман болған жоқпыз", - деп әңгімеледі Раушан.   

Жас кәсіпкерлер дүкеннен түскен табыстың бір бөлігін қайырымдылыққа да жұмсады. Ай сайын екі отбасыны қант, күріш, май, макарон және тағы басқа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал әр жұма сайын дүкенде мұқтаж адамдарға нан тегін таратылды.

"Қазір кейбіреулер дүкенде ішімдіксіз пайда түспейді" деп айтады. Олай емес. Біз арақ-шарап сатқан жоқпыз. Темекі саттық. Бірақ ішімдіксіз де пайда түсті, жақсы болды", - дейді әйел.

Көпбалалы ана дүкеннен түскен табыстың бір бөлігін тұрғын үй жинағына да салып отырды. Сөйтіп, 50 процентін жинап, жақында тағы бір үйді рәсімдеп алды.

"Сондықтан барлығына айтарым, "жилстройдан" есепшот ашыңдар. Соған табыстың 10 процентін болмаса да, 5 процентін салыңдар, сосын кәсіп бастаңдар. Қазір сегізінші балам бір жасқа келді. Қолым босайды. "Бизнес Бастауға" қатысып, грант алып көретін шығармын. Сондай бір мақсат бар", - деді Раушан.   

Көпбалалы ана болу қиын ба?

"Көпбалалы ана болу оңай десем, өтірік болады ғой. Қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Бірақ менде бала туғанда "Осыны қалай асыраймын? Қалай жеткіземін?" деген қорқыныш болған жоқ. Алла тағала берді, шүкір. "Әрекетке-берекет" дейді ғой, әрбір баланың несібесі бар. Сондықтан әрекет ету керек. Балалардың болашағы біздің қолымызда ғой. Біріншіден, тәрбие. Одан кейін білім. Осы екеуін қатар ұстаса, бала өз жолын табады", - деп атап өтті батыр ана.

Сегіз баланың анасы Раушан Үсейінова
© Photo : Раушан Үсейінованың жеке архивінен
Көпбалалы ана 21 жасында тұрмысқа шыққанына еш өкінбейді

Ал бала тәрбиесінде жолдасы екеуі "арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы доңғалағы да солай жүреді" деген нақыл сөзді басшылыққа алған. Бар күш-жігерін тұңғышына салды.  

"Біз Қаршығаға көп көңіл бөлдік. Әрбір тапсырмасын жіті бақылап, оны орындамайынша ешқайда жібермейтінбіз. Оған бар күш-жігерімізді салдық. Қазір соның жемісін көріп жатырмыз. Тұңғышымыз өз күшімен "Білім-инновация" лицейіне түсіп кетті", - дейді Раушан.

Өмірдегі ең қуанышты сәт...

Көпбалалы ана 21 жасында тұрмысқа шыққанына еш өкінбейді. Қазіргі басты мақсаты – әрбір баланың тұлға болып қалыптасуы.

"Жандос екеуімізді құрбым таныстырған. Онымен үш-ақ рет кездестік. Сөйтіп, Жандостың туған күніне үйіне барғанда мені алып қалған. Тұрмысқа ерте шыққаныма еш өкінбеймін. Енді, балаларымды жеткізсек, әрбіреуі білікті маман иесі атанса, бұдан артық арман жоқ. Сол кезде шетелге де барамыз, елді де көреміз. Бәрі болады", - дейді Раушан.

Оның енесі кеңес заманында 14 баламен "Алтын алқа" алған. Ал Раушан 7 баладан кейін алтыннан алқа тақты. Осы орайда ол көпбалалы ана болудан қорықпау қажет дейді.  

"Көпбалалы болудан қорықпау керек. Балалар бір-бірін сүйреп әкетеді. Көмекші болады. Ашығын айту керек, қазір тамағын істеп, кірін жуғаным болмаса, қалғаны Қаршыға мен Миконың мойнында. Өздерінен кейінгі іні-қарындастарының сабағын да оқытуға көмектеседі", - дейді елорда тұрғыны. 

Раушан Үсейінова енесімен бірге
© Photo : Раушанның жеке архивінен
Раушанның енесі де кеңес заманында 14 баламен "Алтын алқа" алған

Ол үшін ең қуанышты сәт – кешкі ас. Сол кезде бәрі жиналады. Балалары сабақтан, жолдасы жұмыстан келеді.

"Балалар әкесі келгенде қатты қуанады, үйге бір патша келгендей болады. Менің әкем алты айлық нәресте кезімде қайтыс болған ғой. Балаларыма қарап, бір жағынан қызығамын, бір жағынан қатты қуанамын...", - дейді Раушан.

Жандос екеуі қазірден бастап балаларына нарық негіздерін де үйретіп отырады. Бизнес-жоспар жасауға тапсырма береді. Балалар да оған қатты қызығады. Кешке қарай жиналып, барлығы у-шу болады. Бизнес-жоспарларын қорғайды.

8 наурыздың есте қалған сыйлығы

Раушан жыл сайын 8 наурызда балаларынан сан алуан сыйлық алады. Кішкентайлар сурет салады, үлкендер сыйлықты өз қолымен жасайды. Сосын барлығы жиналып, концерт қояды. Жолдасы да тосын сый жасаудан шаршамайды. Бірақ көпбалалы ана Жандостың бір сыйлығын ешқашан ұмытпаймын дейді. 

"2008 жылы алғаш рет келгенде астананың суығына үйрене алмадық. Балалар ауырды. Сонда мен екі баланы алып, үлкен үйге қайттым. Ал бірнеше айдан кейін 8 наурызда Жандос бізге айтпай, өзі келді. Қолында анасы екеуіміздің суреті және оған өзі шығарған бір шумақ өлең жазыпты. Осыны ешқашан ұмытпаймын. Жалпы, Жандостың тосын сыйы таусылмайды ғой (күлді)", - дейді Раушан.

Осы орайда көпбалалы әйел өз анасына жасаған бір сыйлықты да еске алды.

"Студент кезімде анама 8 наурыз күні бір шаш қыстырғыш алып берген едім. Сапасы да мықты. Бірінші курста оқығанда 300 теңгеге сатып алғанмын. Соны анам әлі күнге дейін тағады. 18 жыл болды. "Осыны сен алып бергенсің" деп, тастамай жүр. Сондықтан ана үшін баласы берген кез келген сыйлықтың орны бөлек", - деді 8 баласы бар ана.

120
Кілт сөздер:
Халықаралық әйелдер мерекесі, көпбалалы отбасы