НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы пирамидаларын анықтауға қайта құрылған қаржылық мониторинг агенттігі де атсалысуы керек екенін атап өтті. Бұл туралы ол бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңесте мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Президент үшінші міндет ретінде құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды.
"Мысал ретінде, көптеген азаматымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек", – деді президент.
Оның пікірінше, бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн.
"Жалпы, прокуратура мұндай мәселелерде барынша белсенді, бастамашы болуы тиіс, – деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдар үйлестіруді жолға қоюды тапсырды.
"14 мың сал да, 114 мың ал": сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстандық зергерлер аз уақыт ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында Еуразия зергерлік бюросы ашылады деп үміттеніп отыр. Бұл отандық зергерлік бұйымдарды одан әрі дамыту және экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы жөнінде Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн-брифинг кезінде "Қазақстан зергерлер лигасы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайсар Жұмағалиев мәлімдеді.
"АХҚО алаңында Еуразия зергерлік бюросының ашылуы біздің зергерлердің экспортқа шығуына ықпал етуі керек. Оның үстіне Ресей Федерациясы зергерлік бұйымдарды сүйемелдеу үшін басқа елдердегі өз сауда өкілдіктерін ұсынуға дайын", - деді Жұмағалиев.
АХҚО жанынан бюро ашу туралы мәселеге бизнес те қолдау көрсеткен. Нәтижесінде зергерлер өз бетінше шеше алмайтын мәселелердің шешімі табылады. Сондай-ақ, Ереван мен Мәскеу де өз аумағында Еуразия зергерлік бюросын ашу құқығы үшін таласқан болатын.
"Астана" АХҚО – бұл посткеңестік кеңістіктегі бірегей қаржы орталығы. Мұнда ағылшын құқығы, арбитраж бар. Мұның барлығы шетелдік инвесторлар үшін қызықты болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мұнда салықтық жеңілдіктер жасалып, инвестицияларды тартудың жеңілдетілген тәртібі құрылады және тағы басқа шаралар қабылданады", - деді ол.
Қазіргі жағдайда қазақстандық зергерлерге өндірісті дамыту және нарыққа шығу оңай соқпай жатыр.
"Мысалы, Еуропаға шығу үшін және өз зергерлік бұйымдарыңды таныстыру үшін миллиондаған доллар қажет. Бұл әрбір зергер көтере алатын шығын емес. Біздің жақында құрылатын ұйымымыз (Еуразия зергерлік бюросы) нарыққа талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Біз бірінші қатардағы көрмелерге қатыса аламыз. Бүгінгі күні қазақстандық зергерлер негізінен көпшілікке аса танымал емес екінші және үшінші деңгейдегі көрмелерге қатысып жүр. Сонымен қатар, нарыққа үнемі қатысу қажет. Көрмеге келіп, бір-екі апта тұрып, одан соң кетіп қалу жарамайды. Сені ұмытып кетеді", - деді Лига басшысы.
Ол қазақстандық зергерлердің экспорттық әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді. Бұған халықаралық көрмелерде қазақстандық зергерлік бұйымдарға деген жоғары қызығушылық дәлел бола алады.
"Әлі есімде, 2017 жылы Еревандағы халықаралық көрмеге қатыстық. Ол шараға қатысқан француз зергерлер біздің күмістен жасалған бұйымдарымызды түгелдей сатып алды. Француздар мұндай бұйымдарда шебердің саусақ іздері, оның еңбегі көрініп тұрады, қолдан жасалған бұйымның жаны бар деп санайтындарын айтқан", - деді Жұмағалиев.
Жұмағалиев атап өткендей, еуразиялық зергерлік брендті енгізу қосымша ауқымды инвестицияларды қажет етпейді. Себебі Қазақстанда да сапаға қатысты дәл осындай мемлекеттік стандарттар қолданыста бар.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің порталы – Fingramota.kz зейнетақы жинағын жеке басқаруға қалай беруге болатыны туралы ақпарат жариялады.
1. Ең алдымен салымшы БЖЗҚ-дағы өзінің жеке зейнетақы шотында басқарушы компанияға беруге қолжетімді зейнетақы жинағының сомасын тексеруі керек. Бұл сома үкімет бекіткен жеткіліктілік шегінен жоғары болуға тиіс. Жеткіліктілік шегі туралы мына жерден білуге болады.
Сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда зейнетақы жинағы жеке оның зейнетақы шотындағы қалдығы шегінде берілуі мүмкін.
2. Одан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сайтынан зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген жеке басқарушы компаниялардың тізімін зерделеу қажет. Айта кету керек, зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген басқарушы компаниялардың тізімі ай сайын жарияланады.
3. Салымшы инвестициялық декларациясы талаптарға және тәуекелдерге сәйкес келетін басқарушы компанияны өз бетінше таңдауға тиіс.
БЖЗҚ-ның сайтынан зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан жеке басқарушы компаниялар және олардың инвестициялық декларациялары туралы ақпаратпен танысуға болады.
4. Зейнетақы жинағының бір бөлігін жеке басқарушы компанияға беру туралы өтініш ұсыну үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы кіру немесе қор бөлімшелерінің біріне бару керек.
5. БЖЗҚ өтінішті, жеке басын куәландыратын құжаттың шынайылығын және салымшыда басқарушы компанияға беру үшін қолжетімді зейнетақы жинағы сомасының болуын тексереді.
Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған болса, өтініш берген күннен кейін 5 күн ішінде салымшының өтінішін қанағаттандырмау туралы хабарлама келуі мүмкін.
6. Ал егер барлығы заң талаптарына сәйкес болса, онда БЖЗҚ өтініш түскен күннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде өтініште көрсетілген зейнетақы жинағының сомасын салымшы таңдаған басқарушы компанияға аударады.