НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин өңір әкімдеріне инвестиция тартуға жауапты орынбасарларды айқындауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Асқар Маминнен өңір әкімдеріне инвестиция тартуға жауапты орынбасарларды белгілеуді тапсыруын сұрады.
"Инвесторлармен нақты жұмыс істеу үшін 2012 жылы инвестицияларға жауапты облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің арнайы орынбасары лауазымы енгізілді. Аталған шара өзінің тиімділігін көрсетті. Алайда жылдар өте келе бұл лауазым иелеріне функционалы оларға бейінді емес міндеттер жүктеумен шайылып кетті", – деді ол.
Мәселен, оның айтуынша, қазір тек Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ғана әкімдердің арнайы орынбасарлары инвестиция мәселесімен айналысады. Қалған облыстарда оларға инвестиция тартумен айналысуға мүмкіндік бермейтін басқа міндеттер жүктелген.
"Сондықтан өңір әкімдері орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарап, инвестиция тартуға, бастапқы бағдарға оралу қажет деп санаймын", – деді Тілеуберді.
Премьер-министр Асқар Мамин орынбасарының ұсынысын қолдады.
Оқи отырыңыз: Асқар Мамин Шымкентте 12 мың теңгеге туфли сатып алды
Ол мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңір әкімдері мен квазимемлекеттік сектор басшыларына инвестиция тартуға жауапты орынбасарлардың осы маңызды функцияға баса назар аударуына ықпал етуді тапсырды.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Балаларды құмар ойындарға тартқан заңды тұлғалар лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алды. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдер заманауи технологияларлың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Оқи отырыңыз: ҰҚК қызметкерлері ойынханадағы 30-дан астам адамды ұстады – видео
Президент жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғау қажет екенін айтты. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдер қолдану қажет деп есептейді.
"Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз", - деді ол.
Айтуынша, қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынады. Президент шетелдіктерді ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салуды тапсырды.
Тоқаев құмар ойындарына тосқауыл қою үшін заңнамалық шаралармен шектеліп қалуға болмайтынын айтты.
Ол заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек деп санайды. Бұл міндетті орындауға құзырлы органдар белсенді атсалысуы керек.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс компанияларымен алдын ала сатып алу келісімін жасасуды ұсынды. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатылады. Бұл туралы президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өскен. Бұл жақсы көрсеткіш, алайда өңірлердің ахуалы әркелкі. Мәселен, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-і тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат.
"Нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады", - деді Тоқаев кеңес отырысында.
Ол мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталғанын атап өтті. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет.
"Бұл қадам аз уақыт ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді", - деп санайды мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Ол баспанаға ие болған жастар ауылда тұрақтап қалудан қашпайтынын айтты. Жалпы ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпей, экономикалық белсендікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Депутат шенеуніктер былығы кесірінен кейбір отбасы үйсіз жүргенін айтты
"Баспана мәселесі "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы", - деді Тоқаев.
Айтуынша, жұмыс дұрыс жолға қойылса, осы бастама ауылды дамытуға жан- жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді.
Президент үкіметке бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуді тапсырды.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. "Отбасы банк" АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл "Алматы жастары" сияқты "Елорда жастары" бағдарламасы іске асырылады. Оның негізгі авторы – әкімдік. Сондықтан осы бағдарламаға жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді. Біз әлі келісімге қол қойған жоқпыз. Бірақ тиісті жұмыс жүріп жатыр. Негізгі шарттары, яғни, осы бағдарлама бойынша қандай жастағы азаматтар және қай мамандық иелерін үймен қаматамыз ету жағы пысықталуда", - деді Матаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жақын арада мәслихат отырысында бағдарламаның негізгі шарттары мен бюджеті бекітіледі. Осы орайда филиал басшысы талқыға салынған бағдарламаның тұжырымдамасына да тоқталды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев баспананы арзандатудың жолын ұсынды
"Ол жерде жастардың жасы 35-тен аспауы керек. Бөлінетін кредиттің шегі 13 миллион теңгенің шамасында есептеліп отыр. Алғашқы жарна – 10 процент. Одан кейін қолданыстағы заңнама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында кезекке тұра алмай жүрген жастарды қамту карастырылған. Қазіргі тұжырымдамада бұқаралық ақпарат құралдарында істейтін азаматтар да бар. Сосын бюджеттік салада еңбек етіп жүрген мұғалімдер, полицейлер, одан кейін өнер мен әлеуметтік сала қызметкерлерін де қамту мәселесі алдын ала көрсетіліп отыр", - деп атап өтті Матаев.
Филиал басшысының сөзіне қарағанда, тізім әлі толықтырылады. Оған өндіріс пен ақпараттық технологиялар мамандарын да қосу жоспарланып отыр.
"Жергілікті мәслихаттың отырысы қай кезде болатынын айта алмаймын. Бірақ биыл болатыны анық, бұл бағдарлама наурыз айында басталады деп айтуға болады", - деді Матаев.