Қолы кісенделген әйел, архивтегі сурет

Арқалықтағы ерлер түрмесінде отырған жалғыз әйелдің қасына тағы біреуі қосылды

16370
(Жаңартылды 11:08 24.02.2021)
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, екінші әйел ер адамдар отырған "қасапшылар түрмесіне" былтыр желтоқсан айында жеткізілген

НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Арқалықта ерлер арасында жалғыз әйел отырған "қасапшылар түрмесіне" тағы бір әйел түсті. 32 жастағы қылмыскер билік өкіліне күш қолданғаны үшін сотталған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Ақпаратқа сүйенсек, 32 жастағы әйел билік өкіліне күш қолданғаны үшін Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айырылған. Жазасын Шығыс Қазақстан облысында қауіпсіздігі орташа колонияда өтеп жүрген.

"Алайда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде қасақана бұзғаны үшін былтыр желтоқсан айында сот үкімімен Қостанай облысы бойынша ҚАЖД УК-161/12 толық қауіпсіз мекемесіне ауыстырылды", – делінген жауапта.

Қазіргі таңда сотталушымен психологиялық түзету және психопрофилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Арқалық қаласындағы УК-161/12 мекемесінде ерлер арасында жалғыз әйел отырғаны хабарланған еді.

ҚАЖК мәліметінше, 28 жастағы әйел адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр.

"Сотталушы мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Мекеменің кітапханасына барып тұрады, өлең жазады және ән айтады", – деді комитет Sputnik Қазақстанға.

28 жастағы әйел – аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін УК-161/12 колониясына түскен бірінші әйел. Ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Бұрын Алматы облысындағы түзету мекемесінде отырған.

Айта кетсек, Арқалықтағы УК-161/12 толық қауіпсіз мекемесі ел арасында "қасапшылар түрмесі" деген атпен белгілі. Онда қарақшылық, тонау, зорлау және басқа да ауыр қылмыс жасаған аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейді. Отыз жыл бойы мұнда тек ер адамдар ғана жазасын өтеген.

Атышулы трансгендер мерзімінен бұрын босатуды сұрады

Sputnik Қазақстан атышулы трансгендер Виктория Берікқожаеваның түрмедегі өмірі туралы да ақпарат сұратты.

ҚАЖК мәліметінше, ол Алматы облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі орташа ЛА-155/4 колониясында жазасын өтеуде.

"Қазіргі таңда сотталушы – мекеменің "Шығармашылық орталығы" көркем шеберханасында шебер көмекшісі. Мекеме аумағын абаттандыру және отрядтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша қоғамдық жұмыстарды орындайды", – делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ, трансгендер мәдени шараларға, байқауларға жиі қатысып тұратын көрінеді.

Осы жылдың ақпанында Виктория Берікқожаева шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінген. Материалдар сотқа жолданды.

Еске салсақ, 2019 жылдың шілдесінде Виктория Берікқожаева әйелдер колониясында өзін ҰҚК қызметкері зорлағанын мәлімдеді. Оқиға Алматы облысының Жауғашты кентінде болған.

Тағы оқыңыз: Трансгендерді зорлаған ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері бес жарым жылға сотталды

2020 жылдың қазанында сот Алматы облысы бойынша ҰҚК департаментінің бұрынғы қызметкерін кінәлі деп тауып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сотталушыға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және үш жылға белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сондай-ақ, оны ұлттық қауіпсіздік майоры әскери атағынан айырды.

ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ және соттан өзін ақтауды сұраған болатын.

Виктория Берікқожаева (жынысы ауысқанға дейін – Кәрім Берікқожаев) 2016 жылдың 20 тамызында Алматы дәмханаларының бірінде жәбірленушіден 10 мың доллар алған кезде ұсталды. Тергеу барысында қыздың басқа трансгендерді бопсалағаны анықталды. Жәбірленушіні басқаларға жынысын өзгерткені жайлы айтып беремін деп қорқытқан.

2017 жылдың наурызында сот Виктория Берікқожаеваның мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Қазақстанда қанша әйел темір торда отыр

ҚАЖК ақпаратына сүйенсек, қазір республикада 66 колония жұмыс істейді, оның алтауында сотталған әйелдер жазасын өтеп жатыр.

Түзету мекемелері Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан.

"Арнайы контингенттің жалпы саны шамамен 25 мың адамды құрайды, оның ішінде 1 600-ге жуығы – сот бас бостандығынан айыруға үкім шығарған 18-ден 70 жасқа дейінгі әйелдер", – деп мәлімдеді комитеттен.

Әйелдер, негізінен, адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық, есірткіні заңсыз дайындау және сақтау қылмысы үшін сотталған.

Республика аумағында қатаң режимдегі бір әйелдер колониясы бар. Ол Шымкент қаласындағы қауіпсіздігі ең жоғары ИЧ-167/4 мекемесі. Қазір мұнда 200-ге жуық әйел отыр.

Сонымен қатар, Алматы облысында ҚАЖ департаментінің ЛА-155/4 мекемесі аумағында сотталған аналардың 3 жасқа дейінгі сәбилерін уақытша ұстау үшін балалар үйі ұйымдастырылған. Бүгінде мұнда 20-дан аса бала тәрбиеленуде.

Сотталған әйелдер немен айналысады

Колонияларда тұтқындарды жұмыспен қамту үшін мамандандырылған цехтар ашылған. Жұмыс істейтін тұтқындарға жалақы төленеді. Ақшаны әр адам талап-арызын өтеуге, дүкеннен электронды терминал арқылы азық-түлік пен қажетті заттарын сатып алуға жұмсай алады. Сотталғандар, көбіне, маңдай терімен тапқан ақшаны отбасыларына жіберіп, жақындарына материалдық көмек көрсетеді.

Оқи отырыңыз: "Түрме вице-министрдің көзімен": Суханбердиева кітап жазды

Сотталған әйелдердің жартысы тігін, нан-тоқаш цехтары мен бақтарда еңбек етеді. Жұмыстан бос уақытында кітапханада уақыт өткізеді, спорттық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады, түрме аумағын абаттандырумен және қайырымдылықпен айналысады.

ҚАЖК ақпаратынша, түрмеде жазасын өтеп жатқан бір адамды асырауға жылына 590 мың теңгеден аса ақша кетеді.

16370
Кілт сөздер:
түрме, құқық бұзу, жазасын өтеуші
Тақырып бойынша
Таразда бұрынғы түрме бастығы жеті жылға сотталды  
Әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан соң Қарағандыдағы түрме тексерілді
Жынысын өзгерткен трансгендер қыз түрме қызметкеріне күш қолданбақ болды
Алматыда сотталған трансгендер әйелдер колониясына жіберілмек
архивтегі фото

Ата-аналардың ашуына тиген заң жобасы: депутат "жәбірлеу" ұғымын түсіндірді

53
"Жәбірлеу" түсінігі қоғам белсенділері айтып жүргендей, қазақ дәстүріне қарсы енгізіліп жатқан жоқ, дейді Елнұр Бейсенбаев

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев балалар құқығын қорғау заңнамасына "жәбірлеу" ұғымы не үшін енгізіліп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Барлығымыз талқылап отырған баланың құқығын қорғау мен оны қолдауға бағытталған заңдарға өзгерістер енгізу бойынша қоғамда түсініспеушілік туындап отыр. Оның басты себебі – әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджерінде жалған ақпараттың таратылуы, дәйексіз мәліметтердің халық арасында талқылануы", - деді Бейсенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.  

Оның айтуынша, көптеген қоғам белсендісі "жәбірлеу" деген түсінік қазақ дәстүріне қарсы енгізіліп отыр деп санайды.

"Олай емес, керісінше, баланы қадірлеуге, оны сыйлауға бағытталады. Білім беру мекемелеріндегі жәбірлеуді болдырмау және оған жауап беру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Мысалы, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде оқушылардың 12 проценттен астамы жәбірленуі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсаған болса, 306 жасөспірім сондай әрекет жасауға тырысқан, яғни, әлем бойынша біздің еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатарлардың бірінде тұр", - деп атап өтті Бейсенбаев.  

Оқи отырыңыз: Футбол ойнай алмағаны үшін мазаққа ұшыраған – оқушы өзіне қол салды 

Депутаттың сөзіне қарағанда, балалар құқығын қорғау бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасының жұмыс тобы өткен жылы мамыр айында құрылған. Ал мәжіліс сайлауынан кейін жұмыс тобы қайтадан жасақталды. Оған 65 адам – депутаттар, психологтар, педагогтар, қоғам белсенділері, сарапшылар мен құқықтанушылар кіреді.

"Қаңтар айынан бері үш отырыс өтті. Жұмыс тобының әрбір отырысы парламент мәжілісінің ресми сайтында ашық көрсетіледі. Оны әрбір азамат көре алады. Қазіргі уақытта үш кодекске және алты заңға 35-тен астам түзету енгізу ұсынылды. Ал "жәбірлеу" түсінігін жұмыс тобы тек ұғым ретінде енгізуді қарастырып отыр, яғни, тек алдын алу шараларын ұйымдастыру, балалар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін қажет", - деп атап өтті Бейсенбаев.

Сондай-ақ, заң аясында алдын алу шараларын бір жүйеге келтіру жоспарланған. Себебі жәбірлеудің арты кибербуллингке ұласып жатады. Баланың жеке басына қатысты мәселелер әлеуметтік желіге де салынады. 

"Сосын бұл түсінік бойынша ешқандай әкімішілік немесе қылмыстық іс-әрекеттерді енгізу жоспары жоқ, яғни, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Кінәлілерді анықтау қарастырылмаған. Осыны бірден айтып қояйық", - деді Бейсенбаев.

Бүгінде "жәбірлеу" ұғымын енгізу бойынша арнайы талқылау алаңы да құрылған. Негізгі мақсат – түсінікті әрі жан-жақты ақпарат беру.

53
Әлия Назарбаева

Назарбаева Adam bol сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады

43
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 1 наурызда өтті. Әлия Назарбаеваның айтуынша, іс-шараға мектеп оқушылары қатысқан

АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. Алматыда ADAM BOL сыйлығының лауреаттары марапатталды. Сыйлықты Қазақстанның тұңғыш президентінің кенже қызы Әлия Назарбаева табыстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Олар алғыс хат пен мақтауға ғана емес, еліміздің мектептеріндегі білім беру бағдарламаларының бір бөлігі болуға лайық. Оларды мұғалімдер сабақтарда, сынып сағатында, әлеуметтік кездесулерде, ата-аналар баласымен қарапайым әңгіме барысында талқылауға лайық", - деп жазды Назарбаева.

Айта кетейік, жеңімпаздарды марапаттау 1 наурызда өтті. Назарбаеваның айтуынша, марапаттау рәсіміне мектеп оқушылары қатысқан.

"Олар жан-жағына жалтақтамай, рәсімді мұқият қарап отырды. Лауреаттар мен сахнаға шыққандардың әңгімесін тыңдады. Біздің жоба дәл уақытында құрылды және оның болашағы зор болатынына сенемін. Біздің кейіпкерлер өте батыл және адамдарды жақсы көреді. Сол себепті ойланбастан көмек қолын созды. Рахмет, батырлар!", - деп жазды ол.

Айтуынша, марапаттау рәсімі КТК телеарнасынан 6 наурызда көрсетіледі.

Оқи отырыңыз: Әлия Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлерге қатысты жобаны қолға алды 

Айта кетейік, ADAM BOL жүлдесі Әлия Назарбаеваның бастамасымен жүзеге асты. Ол адамдарды, жануарларды, табиғатты құтқару секілді игі істер атқарып жүрген адамдарға арналған. Бұл жобада елдің кез келген азаматы танысының жасаған іс-әрекеті туралы маңызды оқиғаны айта алады.

Үміткерлерге дауыс беру 20 ақпанда аяқталды.

43
Кілт сөздер:
Әлия Назарбаева
Тақырып бойынша
Назарбаеваның 80 жылдық мерейтойы: тұңғыш президент жары туралы не білеміз
Әлия Назарбаева әкесіне ән арнады – видео
Әлия Назарбаева әкесі туралы фильм жайлы не ойлайтынын ашық айтты – видео
Әлия Назарбаева анасы туралы жазба жариялады
Архивтегі фото

АҚШ пен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы шиеленісті ме?

0
Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Сауд Арабиясы мен АҚШ қарым-қатынасы күрделі кезеңнің алдында тұр. АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметі 2018 жылы журналист Джамал Хашукджиді өлтіру туралы баяндаманы жариялағаннан кейін Ақ үй жаңа стратегия жариялады: америкалықтар Йемендегі соғысты тоқтатып, адам құқықтарын сақтауды талап етті, деп жазды РИА Новости.  

Мемлекеттік департамент басшысы Энтони Блинкен 76 саударабиялық азаматқа визалық шектеу енгізу туралы мәлімдеді. Блинкеннің ақпаратына сәйкес, бұл азаматтардың диссиденттерді қорқытып-үркітуге және Хашукджи өліміне қатысы бар көрінеді. Дербес санкциялар Жалпы барлау қызметінің басшысы Ахмад әл Асириге де қатысты болмақ. Барлау баяндамасында Сауд Арабиясы билігін өткір сынға алған The Washington Post газетінің авторын қинап өлтіруге мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманның да қатысы бар екені айтылған. Ханзаданың мақұлдауынан кейін журналисті ұрлап әкетіп, оны мүшелеп өлтірген. СІМ бұл айыптауды толығымен жоққа шығарды. Әйтсе де, ханзадаға қатысты жеке шектеулер енгізілген жоқ. Бірақ жаңа президент Джо Байден Эр-Риядты қатаң жазалайтынын мәлімдеген болатын.

"Бір адаммен емес, бүкіл мемлекетпен арадағы қарым-қатынас әлдеқайда маңызды. Біз корольдікті қорғауға тырысамыз", - деген Блинкен Эр-Рияд әрекеттері АҚШ мақсаттары мен құндылықтарына сәйкес келуі маңызды екенін атап өтті.

Корольдіктің қорғанысын қамтамасыз еткені үшін америкалықтарға мұнайға қолжетімділік беру аталған екі мемлекеттің қарым-қатынасының негізі десе де болады. Оның үстіне Сауд Арабиясы Америка қару-жарағына ең ірі тапсырыс беруші. Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады.

Корольдің жеке кеңесшісі Салман атап өткендей, Барак Обама президент болған соңғы жылдарда пікірлер қайшылығы туындады. Бұл көбіне Сауд Арабиясының басты қарсыласы – Иранға деген АҚШ-тың қарым-қатынасында байқалды. Екі елдің барлау қызметі қауіпсіздік саласында сәтті әріптестік орнатқанымен, арабтардың монархияны сынаушылармен күресу әдістері АҚШ-тың көңілінен шықпады. Оған Йемендегі проблемалар қосылды. Ақ үй Америка қару-жарағы қолданылған соғыс әрекеттерінің құрбандарына алаңдады.

Ақ үйге Дональд Трамп келгеннен кейін қарым-қатынас біршама жақсарды. Трамп президент қызметіне кіріскенге дейін корольдікті аса жақтырмағанымен, ол өзінің ең бірінші іссапарын дәл осы Эр-Риядтан бастады. Хашукджи өлімі туралы баяндама алдыңғы президент кезінде әзірленген. Бірақ құжат сол уақытта жарияланбады.

"Трамп Вашингтон міндеттерін азайту үшін одақтастарға инвестиция салды. Оның серіктестері, соның ішінде Сауд Арабиясы бұрынғыдан да көп қару-жарақ сатып алып, аймақтағы жағдайда өз бақылауына алуы керек болды. Есесіне АҚШ әәскери-саяси қолдау көрсетіп, одақтастары үшін маңызды бастамаларды мақұлдап отырды", - дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Халықаралық зерттеулер институты Перспективалы америкалық зерттеулер орталығының директоры Максим Сучков.

Жаңа президент сайлануымен қатар бұл бағдар өзгереді деп болжанған және алғашқы қадамдар жасалып қойды. Байден Йемендегі шабуылдау операцияларын қолдау тоқтатылатынын хабарлады. Оның ішінде қару-жарақ экспорты да бар. Бұл өткен жылдың желтоқсанында мақұлданған 290 миллион долларға дәлдігі жоғары үш мың GBU-39 бомбасы мен сомасы 478 миллион долларды құрайтын жеті мың Paveway IV бомбасын жеткізуге қатысты болып отыр. Вашингтон Йемендегі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешетінін мәлімдеді. Оның үстіне ақпан айынан бастап хуситтерді террористік топтар тізімінен алып тастады.

Бірақ сарапшылар екі елдің қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді деп күту орынсыз деп санайды. Яғни, стартегиялық жоспар сол күйінде қалады.

"Америкалықтар сонау Обама кезінен бері өз энергетикасы мәселесінде едәуір өсіп, мұнай өндірісінде әлемдегі жетекші орынға ие болды да, Сауд Арабиясына деген қажеттілік азайды. Аймақішілік динамикада көп мәселе ирандық ядро келісіміне тәуелді болып тұр. Эр-Рияд – Тегеранмен қарым-қатынастағы АҚШ-тың басты серіктестерінің бірі. Егер Сауд Арабиясына тым қатты қаталдық танытса, бұл Иран үшін тиімді болады. Хашукджиді өлтіргендерді жазалау үшін АҚШ бұл әрекетке бара қоймайды", - деп санайды Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің таяушығыстық жобалар менеджері Руслан Мамедов.

Таяу Шығыс жөніндегі маман Алексей Хлебников соңғы он жылда аймақта бірнеше жаңалық болғанын еске салды.

"Тунис пен Египеттегі көтеріліс, Мысырда төңкеріс болды және соның салдарынан америкалықтардың Каирге әскери көмегі тоқтатылды. Иранмен келісім тағы бар. Осының барлығы корольдіктерді, соның ішінде Сауд Арабиясын, дипломатиялық байланысты әртараптандыруға және Ресей мен Қытай сияқты басқа да ірі державалармен қарым-қатынасты нығайтуға итермеледі", - дейді саясаттанушы.

Мәскеу де Эр-Риядқа қару-жарақ сатады. Алғашқы партияларды жеткізу 2019 жылы басталды. Содан кейін корольдік Ресеймен ауыр отшашар жүйелері, танкке қарсы кешендер, гранатометтер мен автоматтар сатып алу туралы меморандумға қол қойды. 2021 жылдың басында саудтықтар орыстың С-400 зениттік-зымыран кешендері мен Су-35 жойғыштарын сатып алуы ықтимал екені хабарланды.

"Мәскеу мен Эр-Рияд қарым-қатынасында ОПЕК+ мәмілелерінің де маңызы зор. Бұл екі тараптың да табыс көзін арттыруына септігіни тигізді", - дейді Руслан Мамедов.

Оның айтуынша, Эр-Риядтың Вашингтоннан теріс айналып, оған көптеген проблема туындату мүмкіндігі бар. Бірақ бұл екі мемлекеттің бір-бірі үшін маңызы жоғары.

"Сауд Арабиясы АҚШ-пен қарым-қатынас Ақ үйде қай президент отырғанына байланысты өзгермейді. Себебі екі елдің байланысы бірнеше онжылдық бұрын қалыптасқан. Оны онша-мұнша дүрбелеңдер бұза алмайды", - деп санайды сарапшы.

Онжылдықтарға созылған серіктестік көп салада нәтиже берді. Мысалы, Сауд Арабиясы элитасының басым бөлігі АҚШ-та білім алған, саудтық риал долларға жіпсіз байланып тұр, ал қару-жарақ пен әскери дайындық негізінен америкалықтар тарапынан орындалып жатыр. Мұны өзгерту үшін көп жыл қажет. Сондықтан сыртқы саяси байланыстарды әртараптандыру көпполярлы жаңа әлемнің талаптарына жауап беретін тактикалық қадам.

0