Артур Платонов

Назарбаев Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасын тағайындады

13605
(Жаңартылды 12:53 26.02.2021)
Артур Платонов 2016 жылдан бері парламент мәжілісінің депутаты болып еңбек етіп жүр

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Артур Платоновты партиялық бақылау комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады.

"Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен Артур Платонов Nur Otan-ның партиялық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды", - деп жазды Байбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол Артур Платоновтың қоғамдық және партиялық жұмыста жинақтаған мол тәжірибесі комитет қызметін күшейте түсуге мүмкіндік беретініне сенімділік білдірді.

Сонымен қатар мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайланған комитеттің бұрынғы басшысы Павел Казанцевке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Айта кетсек, Артур Платонов 2016 жылдан бері мәжіліс депутаты болып еңбек етіп жүр. Ол халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 

Платоновты көпшілік "Портрет недели" телебағдарламасының жүргізушісі ретінде таниды. 

13605
Кілт сөздер:
Назарбаев
Алик Шпекбаев

Алик Шпекбаев агенттік төрағасы ретінде несімен есте қалды

93
Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жеті жылға жуық қызмет атқарды. Ол басқа қызметке ауыса ма, әлде демалысқа кете ме, оны уақыт көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Қазақстан президентінің жарлығымен 63 жастағы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алик Жатқамбайұлына атқарған қызметі үшін алғыс білдірді. Алайда Ақорда Шпекбаев демалысқа кете ме, әлде жаңа қызметке тағайындала ма, ол жағын ашып айтпады.

Елде белең алған сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу жүйесінде Шпекбаев 2014 жылдан бері еңбектеніп келді. 2017 жылдың желтоқсанында ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Аталған агенттік екіге бөлінген соң 2019 жылдың маусымында Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.

Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізген шенеуніктің елең еткізерлік әрекеттері мен өткір сөздерін еске түсірді.

Қазақстанды жемқорлықтан құтқаруға уәде етті

Агенттік басшысы қызметіне тағайындалудан бірнеше ай бұрын, 2017 жылы Алик Шпекбаев Sputnik Қазақстанға сұхбат берді. Ол әңгіме барысында сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа әдістерімен бөлісіп, жемқорлық дендемеген аймақтарды атады. Шпекбаев сыйбайлас жемқорлықпен күресушілер оның салдарына қарсы әрекет етуді ысырып, жемқорлық себептерін анықтау және жоюға ерекше назар аудара бастағанын айтты.

Мемлекеттік қызметкерлерге жалақы есептеудің жаңа жүйесі

Алик Шпекбаев төраға болған шақта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын есептеудің жаңа жүйесі енгізілді. Жаңашылдық қызметті бағалаудың факторлық-балдық шкаласын қолдануды қарастырды. Яғни, қызметтік жалақы көлемі құзыретінің, шешілетін мәселенің күрделілігі және нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік дәрежесін басшылыққа ала отырып белгіленді. Ал бонустар мекемедегі ортақ міндеттерді орындауға қосқан нақты үлесін негізге алып есептеледі. Осылайша, қызметкерлерді материалды ынталандырудың нәтижелі механизмі енгізілді. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер осы әдіс арқылы қызметкерлердің әлеуетін ашу үшін қолайлы жағдай жасауды көздеді.

Шенеуніктерге қарсы істер

Шпекбаев "сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік" саясатын басшылыққа алған тұста бірқатар жоғары лауазымды тұлға абақтыға жабылды. Жалпы орта есеппен бір жылдың ішінде 1 700 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, оның жартысына жуығы пара алуға қатысты болды. Осы бір жылда шенеуніктердің заңға қайшы әрекеттерінен келтірілген шығын көлемі ондаған миллиард теңгеден асып кетті.

Сотталғандар қатарында министрлер, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, жауапты хатшылар, елшілер, судьялар мен түрлі қызметтегі шенеуніктер болды.

Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов әскери полигондағы жарылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру үшін бөлінген 80 миллион теңге көлеміндегі қайырымдылық қаражатты жымқырып, алаяқтық жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтың туыстарынан 1,2 миллион долларды заңсыз алғаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды.

Сол кезде халық арасында абақтыға жабылған бұрынғы министрлер мен әкімдердің көптігі "түрмедегі үкіметті" құруға жетерліктей екені туралы қалжың тарады.

Ақша қайдан келді, мырзалар?

2018 жылдан бастап Алик Шпекбаев әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушысы атанды. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында мемлекеттік қызметкер қандай болуы тиістігі туралы жазды. Көп жағдайда думанды тойлардан бас тартып, мерекені жарысқа айналдырмауға кеңес берді.

"Құрметті мемлекеттік қызметкерлер, өзгеретін уақыт келді. Қарапайым болу керек", – деп үндеу тастады Шпекбаев.

Кейінірек Шпекбаев қазақстандықтарға сыбайлас жемқорлыққа тап болған жағдайда еш қорықпастан өзінің жеке поштасына жазуды сұрады. Ол тіпті 240 мың теңге көлемінде материалдық ынталандыру беруге уәде етті.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы ел арасында айталған анекдоттарға кейіпкер де болды.

Пандемия сыбайлас жемқорлықтан құтқармады

Коронавирус пандемиясына қарамастан, 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы азая қоймады. Өткен жылы дәл осы COVID-19-бен байланысты жүз қылмыстық іс тіркелді. Оның жартысына жуығы дағдарысқа қарсы шаралар үшін бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты.

"Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын қалтасын толтыру үшін пайдаланып, жүйелі түрде пара алды. Бюджет қаржысын жымқырды. Халықтың қайғы-қасіреті арқылы баю сатқындық пен адам өлтірумен тең", – деді Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.

2020 жылы сыбайлас жемқорлық үшін қамауға алудың басым бөлігі медицина саласына қатысты болды. Денсаулық сақтау саласындағы төрт жоғары лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жүрді. Олардың қатарында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бар.

Қарашаның басында қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитеті экс-министрдің ұсталғанын хабарлады. Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын талан-тараж ету бойынша айып тағылды. Біртанов күні бүгінге дейін үйқамақта отыр.

Бұл "медиктер тобында" тамыздың басында ұсталған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, "СК-Фармация" компаниясының экс-басқарма төрағасы Берік Шәріп, ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығының бас директоры Эрик Байжүнісов те бар. Ол бұрындары денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Президенттің мақтауы

Осы жылдың басында Қазақстан президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылғы жұмысының негізгі көрсеткіштері туралы есепті тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев шығын орнын толтыру және жосықсыз шығындардың алдын алу бойынша агенттік жұмысының экономикалық ықпалын оң бағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізгені үшін ведомство басшысын мақтады.

Алик Шпекбаевтың өмірбаяны

Алик Шпекбаев 1957 жылдың 4 шілдесінде Алматы облысы Қаскелең ауданы Абай ауылында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін (1987) және РФ ІІМ академиясын (1991-1992) бітірген. Мамандығы бойынша заңгер, заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алматы облысы бойынша Каменка ауылында сантехник-слесарь болып бастаған. Әр жылдары Алматы облысында жедел бөлім инспекторы, жедел қызмет өкілі міндетін атқарған.

2000 жылы Алматы облысының ішкі істер департаментін басқарды. Үш жылдан кейін Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары болды. 2008 жылдан 2014 жылға дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

оқи отырыңыз: Алик Шпекбаев "Қазақ күресі" федерациясының президенті болып сайланды

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінде 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Алдымен ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары болды.

2017 жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2019 жылдың маусымында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлінгеннен кейін ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы болып тағайындалды.

93
Кілт сөздер:
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алик Шпекбаев
Тақырып бойынша
Алик Шпекбаев "сталиндік әдіс-тәсілдерге" үндейтіндерге жауап берді
Сыбайлас жемқорлықты өз Отанына сатқандық жасаумен теңестіру қажет  – Шпекбаев
Тоқсан төртінші орынға табан тіредік: Шпекбаев президентке есеп берді
"Халық көріп отыр": Шпекбаев кімдер автоматты түрде жұмыстан шығарылатынын айтты
Шпекбаев кейбір шенеуніктер жайлы: заңнан да, құдайдан да қорықпайды
Ақша

Халықтың көбісі білмейді: вице-министр 1 миллион отбасыға арналған төлем туралы айтты

3374
Вице-министрдің айтуынша, 2019 жыла 54 мың отбасы тұрғын үй көмегіне өтініш берсе, өткен жылы ондай отбасылардың саны 36 мыңнан да аспаған

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Қазақстанда 1 миллионнан астам адам коммуналдық қызметтердің жартысын ғана төлей алады. Алайда осы жеңілдікті халықтың 5 проценті ғана пайдаланып отыр. Sputnik Қазақстан тұрғын үй көмегін алу тәртібін ұсынады

36 мың отбасы ғана алған

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымовтың айтуынша, бүгінде халықтың басым бөлігі коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдік алуға болатынын білмейді. Тұрғын үй көмегі аясында шығындардың жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Осылай деген вице-министр 2019 жыла тек 54 мың отбасы ғана тұрғын үй көмегіне өтініш бергенін, ал өткен жылы ондай отбасылардың саны 36 мыңнан да аспағанын атап өтті.

"Біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге есеп-қисап жасадық. Қазіргі кезде ондай жеңілдік алуға құқылы абоненттердің саны 1 миллион адамнан асып отыр", – деді Рахымов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, тұрғын үй төлемін алу үшін халыққа қызмет орталығына барып, өтініш беруге болады. Бұдан бөлек, egov.kz порталы арқылы онлайн режимде тиісті құжаттарды жіберуге мүмкіндік бар.

Тұрғын үй көмегі қалай беріледі?

Үкіметтің тұрғын үй көмегін көрсету туралы ережесі он екі жыл бұрын бекітілген. Онда көмек көрсетудің нақты тәртібі жазылған. Тұрғын үй көмегі – бұл коммуналдық қызметтердің бір бөлігін жабуға арналған төлем. Оның бекітілген мөлшері жоқ және әр аймақта әртүрлі болады. Тұрғын үй көмегін тұрмысы төмен отбасылар ғана ала алады. Ондай адамдар бірнеше талапқа сай болуы шарт. Олар:

  • Отбасының адам басына шаққандағы ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (34 302 теңге – Sputnik) аспауы тиіс;
  • Отбасыда жеке меншік немесе жалға алған бір ғана пәтер болуы қажет;
  • Тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде тұру керек.

"Мәселен, бір отбасыда төрт адам бар дейік, отағасы ғана жұмыс істейді. Ай сайынғы табысы – 100 000 теңге. Әйелі және кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар. Олар жұмыс істемейді. Заң бойынша осы отбасы коммуналдық қызметтердің жартысын ғана төлей алады. Қалғаны мемлекет тарапынан өтеледі. Себебі 100 000 теңгені төрт адамға бөлсек, әрбіреуіне 25 000 шығады. Демек, отбасының адам басына шаққандағы ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспай тұр", – дейді вице-министр Рахымов.

Коммуналдық төлемнің шекті сомасы қалай анықталады

Заң бойынша тұрмысы төмен отбасының коммуналдық шығындарға кететін ақшаның шекті көлемін мәслихаттар анықтайды. Оның мөлшері ай сайынғы табыстың 5-20 процентін құрайды. Мысалы, Алматыда 5 проценттік меже қойылған. Демек, төрт адамнан тұратын отбасының ай сайынғы табысы 100 000 теңге болса, соның 5 проценті, яғни 5 мың теңгесі ғана коммуналдық шығындарға арналған. Ал одан артылған ақшаны мемлекет төлеп береді.  

Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн. Егер кәмелетке толған отбасының бір мүшесі жұмыс істемеген жағдайда, сондай-ақ оқуға да, әскерге де бармаса, тұрғын үй көмегі берілмейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгереді

Сол сияқты жұмыссыз адам мемлекет ұсынған жұмыстан және қайта даярлау курсынан себепсіз бас тартса, отбасының коммуналдық шығындары өтелмейді. Ал ересек адам 80 жастан асқан қарияларға, 7 жасқа дейінгі балаларға немесе мүгедектерге қарап жүрсе, жеңілдіктен қағылмайды. Тұрғын үй көмегін алады. 

Мемлекет тарапынан қандай шығындар өтеледі

  • Әкімдіктен алынған жалдамалы баспананың ақысы;
  • ПИК/басқару компаниясының қызметтері (кондоминиумды ұстап тұруға, үйді күрделі жөндеуге және тағы басқа шығындар);
  • Коммуналдық қызметтер (электр энергиясы, газ, қоқыс шығару, суық және ыстық су, жылу мен канализация).

Тұрғын үй көмегі интернет, домофон, бейнебақылау, кабельді теледидар мен кіреберісті жинау қызметтеріне тесілі емес. Сосын ағымдағы шығындар ғана өтеледі. Бұрынғы қарыздар жабылмайды.

Тұрғын үй көмегін қалай алуға болады

Тұрғын үй көмегін халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеуге болады. Ал үйден шыққысы келмейтіндер egov.kz порталы арқылы өтініш жібере алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

Құжаттар тізімі:

  • өтініш;
  • жеке куәлік;
  • табыс туралы анықтама;
  • коммуналдық қызметтер бойынша түбіртектің көшірмесі;
  • банк есепшотының реквизиттері;
  • жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
  • жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз тіркелгені туралы құжат;
  • балаларға алимент төленетіні туралы мәлімет;
  • зейнетақы жарналары туралы анықтама.

Қазіргі кезде осы тізім төрт құжатқа дейін қысқартылды. Мамандар қалған құжаттарды ақпараттық база арқылы өздері ала береді. Өтінішті қарау мерзімі – сегіз жұмыс күні. Тұрғын үй төлемі оны алатын адамның есепшотына аударылып отырады. Сондай-ақ, үш ай сайын құжаттарды жаңартып отыру қажет.

3374
Кілт сөздер:
жәрдемақы, әлеуметтік төлем
Тақырып бойынша
Әлеуметтік төлем үшін қазақстандықтардың жеке дерегі жиналып жатқаны рас па
Телефон арқылы төлем жасағанда ақша қалай ұрланады
Нұр-Сұлтанда қоқыс үшін төлем электронды жүйенің тағы бір шикілігін анықтап берді
Кімдерге ай сайын төлем төленеді – мәжіліс заң жобасын мақұлдады
БЖЗҚ төлем алуға өтініш бермеген зейнеткерлерді іздестіріп жатыр
Әскери оқу-жаттығу

Жағдай шиеленісіп барады: Ресей мен Украина қатынасы қалай өрбиді

0
Британдық және америкалық радиоэлектронды барлау ұшақтары мен кемеге қарсы ұшақтар Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Соңғы күні Солтүстікатлантикалық альянс шығыс Еуропада күрт белсенділік танытып жатыр. Бұл Киевтің Донбаспен шекараға қосымша бөлімшелер мен техника жеткізуіне қатысты жауапты әрекет екені ешкімге жасырын емес, деп жазады РИА Новости.

Донбастағы жағдайдың кезекті рет өршуіне байланысты НАТО елдерінің авиациясы бұл аймақта жиі төбе көрсетіп жүр. Түйісу орнында RQ-4 Global Hawk барлаушы дрондары тұрақты күзетте тұр. Олар ДХР мен ЛХР әскерінің қорғанысқа даярлығын назардан тыс қалдырмауда. Ұшқышсыз ұшу аппараттары түсірген суреттер сол мезетте киевтік әскери қолбасшылардың үстеліне жететініне еш күмән жоқ.

Украина қарулы күштері де әуе барлауын күшейтті. Сарбаздар Түркиядан сатып алған Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондарын байқаған. УҚК-де мұндай алты дрон бар. Қосымша ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу туралы келісімшарт жақында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға сапары кезінде жасалғаны мәлім болды.

Сонымен қатар, батыс авиациясы Қырым жағалауына күн сайын мониторинг жүргізіп отыр. Британдық және америкалық Boeing RC135W және Lockheed P-3COrion радиоэлектронды барлау ұшағы мен P-8APoseidon кемеге қарсы ұшағы Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр. Олардың басты міндеті – Қара теңіз флоты кемелерінің әрекетін қадағалау және түбекте орналасқан әскери топтың әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерінің позицияларын анықтау.

НАТО өңірдегі әскери-теңіз қатысуын да күшейтіп жатыр. Сәуірдің соңына дейін АҚШ ӘТК-нің екі зымыран эсминеці Қара теңізге шығуы керек. Пентагонның ресми мәлімдемесі бойынша, кемелерді бағыттау қалыпты сипатқи ие. Алайда Кремль жағдайды назарда ұстап отыр. Себебі бұл эсминецтер елуден астам "Томагавк" қанатты зымыранын тасымалдайды.

"Америка Құрама Штаттарының әскери белсенділігіне, соның ішінде Қара теңізге кеме кіргізуіне келсек, бұл тұрақты болып жатыр. Қазір бұл әсіресе агрессивті қарқында орындалуда", – дейді Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров.

Тағы бір қызық жағдай: АҚШ ӘӘК әскери-көлік авиациясының ұшақтары Киевке қандай жүк жеткізіп жатыр?

Мамандар FlightRadar интернет сервисінің көрсеткішіне назар аударып, АҚШ, Германия мен Балтық маңы елдерінен ұшып шыққан америкалық С-17 мен С-30 Борисполь әуежайына тоқтап, жүк түсіріп, кері қайтып жатқанын анықтады.

Әскери сарапшы Алексей Леонковтың пікірінше, Вашингтон Украинаға радиоэлектронды күрес кешендерін жеткізіп жатыр. Бұл жақын уақытта УҚК шабуыл жасайды дегенді білдіреді. Ресей де қол қусырып отырмайтыны анық.

"Егер жағдай ушығатын болса, онда біз өзіміздің және қай жерде жүрсе де, өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасаймыз. Мұндай өршуге Киев пен оның Батыстағы кураторлары толық жауапты болады. Сондай-ақ біз Қырымнан, Қара теңіздегі жағалаудан аулақ болу туралы АҚШ-қа ескертеміз", – деді СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков.

Батыс елдерінің ресейлік шекара маңында белсенділігінің артуына тағы бір себеп – НАТО әскерлерінің мамырдың ортасында өтетін ең ауқымды Defender Europe 2021 оқу-жаттығуына дайындығы.

Өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылғы әскери шара кезінде Шығыс емес, Оңтүстік Еуропаға көп көңіл бөлінеді. Маневрлер Черногория, Косово және Албанияда жоспарланған. Болгария мен Румынияда әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелері мен "жер – жер" тобындағы зымырандардың жаттығуы өтеді. Ал Венгрия тыл қызметін атқарады. Маневрлерге украин әскери қызметшілері де қатысады.

Еуропадағы АҚШ Құрлық әскерінің ресми сайтында жарияланған баспасөз релизіне сәйкес, оқу-жаттығулар "АҚШ, НАТО бойынша одақтастар мен серіктестері арасындағы стратегиялық және жедел дайындық пен өзара әрекеттесуді күшейтуге бағытталған". Бұл маневрлер үшінші мемлекеттер үшін ешқандай қауіп төндірмейтіні жазылған. Алайда Defender Europe 2021 антиресейлік бағытта өрбитіні айдан анық.

Сондықтан Ресей мен Белоруссия қыркүйекте "Батыс-2021" маневрлерін өткізеді. Белоруссияның қорғаныс министрі Виктор Хренин атап өткендей, "бірлескен оқу-жаттығулар жоғары урбанизацияланған елді мекендерде шабуылдау бөлімшелерінің бірлескен іс-қимылдарының жаңа әдістерін сынауға мүмкіндік береді" деп санайды.

0
Кілт сөздер:
Украина, Ресей