Қоғам

Амал мерекесі дегенді естіген жоқпын – этнограф

© Sputnik / Владислав ВодневНаурыз мейрамын тойлап жатыр
Наурыз мейрамын тойлап жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.03.2021
Жазылу
Этнограф Досымбек Қатранұлы Көрісу күні Наурыз мейрамы аясында атқарылатын амалдардың бірі екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні адамдар ерте тұрып, жасы үлкендерге арнайы барып сәлем береді. Арадағы өкпе-ренішті, араздықты ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді. Sputnik Қазақстан белгілі этнограф Досымбек Қатранұлынан Көрісу күнінің шығу тарихы мен қалай аталып өтетінін сұрады.

"Амал мерекесі деп айтуға болмайды"

Халық арасында Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атайтынын жиі естиміз. Алайда этнографтың айтуынша, бұл мүлде дұрыс емес.

"Амал мерекесі деп айтуға болмайды. Мен ондайды естіген жоқпын. Осы атаудың шыққанына бір-екі жыл болды. Этнограф ретінде айтайын: Қазақстанның барлық облысында болдым, батыс өңірге –  Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау, Ақтөбеге бірнеше рет барған кезде, Амал мерекесі дегенді естіген жоқпын. Амал мерекесі деген жоқ, ойдан шығарылған дүние", - деді ол.

Досымбек Қатранұлы Көрісу мереке емес, ғұрып екенін, Наурыз мейрамы аясында атқарылатын амалдардың бірі екенін атап өтті.

Айтуынша, Көрісу күні тек батыста ғана сақталмаған, барлық өңірде бар.

"Көрісу күні тек батыста аталып өтеді деу қате түсінік. Қыстан аман-есен шыққан қазақтар бір-бірімен көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған. Алыста тұратын ағайын-туысқан үлкендерге сәлем беру үшін арнайы келген. Яғни, бұл дәстүр бүкіл өңірде бар. Тек көрісу деп ат қойып жүрген ол батыстың өзінің ерекшелігі. Басқа өңірлерде көрісу деп аталмауы мүмкін, амандасу, бет көрісу, жүз көру ол барлық жерде бірдей. Батыста ғана көрісу деп атап кеткен", - дейді этнограф.

Тағы оқыңыз: Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады

Ол биыл Көрісу күні 14 нурызға дәл келіп тұрғанын жеткізді. Айтуынша, жыл сайын дата ауысып отырады, мәселен, келесі жылы 11 наурыз болуы мүмкін.

Көрісу күні қазақтар не істейді

"Сәлем беру үлкен үйден басталады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң жасы үлкендерге арнайы барып, амандасады. Барлығы сол үйде жиналып, бата оқылады, сүр ет пен қымыздан дәм татады. "Жаңа жыл келді, жыл басы болып жатыр, аман-есен қыстан шықтық, бас аман, мал аман болсын" деген сөздер айтылады. Қарияларға сәлем бергеннен кейін басқа туысқандарының үйіне кіріп, былайша айтқанда, айт мерекесі сияқты үш күн бойы тойлайды", - деді Досымбек Қатранұлы.

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы

Қазақстанда биыл Наурыз мейрамын 10 күн тойлау ұсынылды. Әр күннің өз атауы бар.

  • 14 наурыз – "Көрісу күні"
  • 15 наурыз – "Жайлау күні"
  • 16 наурыз – "Шежіре күні"
  • 17 наурыз – "Тарихқа тағзым күні"
  • 18 наурыз – "Игі істер күні"
  • 19 наурыз – "Шымырлық пен шеберлік күні"
  • 20 наурыз – "Зияткерлік күні"
  • 21 наурыз – "Ұлттық тағамдар күні"
  • 22 наурыз – "Ұлыстың ұлы күні"
  • 23 наурыз – "Жоралғы күні".

Осы жылы қазақстандықтар бұл мейрамда бес күн – 20, 21, 22, 23 ,24 наурызда демалады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні сәрсенбі, 24 наурызға ауыстырылды.

Жаңалықтар
0