Наурыз көже

Қазақстандықтар Наурызды екінші жыл пандемия жағдайында атап өтіп жатыр

100
Елде коронавирус індетіне байланысты мерекелік шараларға тыйым салынды, денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға Наурызды отбасы ортасында қарсы алуға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтуде. Биыл қазақстандықтар көктемнің басты мерекесінде қатарынан бес күн демалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Наурыз  – байырғы заманнан келе жатқан "көктемгі жаңару" мерекесі. Бұл күні күн мен теңесіп, тіршілік қайта жанданады. Жалпы "наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны береді.

Қалың қыстан аман-есен шыққан халық күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алады. Наурыз мерекесінде адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, мерекенің алдында тазалыққа мән беріп,  үйі мен ауласын кір-қоқыстан тазартады.

Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақта мерекелік наурыз көже дайындалады. Наурыз көже – Наурыздың дәстүрлі тағамы. Ол жеті түрлі дәмнен тұрады.

Тағы оқыңыз: Наурызды жаңаша атап өту қажет – Тоқаев

Қазақстанда Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн – 21, 22, 23 наурыз тойланып келеді. Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.

Наурыз мейрамы тек Қазақстанда ғана тойланбайды. Алыс-жақын шет елдер де бұл мейрамды қарсы алады.

Наурызды жаңаша тойлау

Биыл Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын он күн тойлау ұсынылды. Мерекенің басы 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Әр күннің өз тақырыбы бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс деп санайды. Сондықтан қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра беруге болады.

"Ұлыстың ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?! Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі", - деді мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған құттықтауында.

Sputnik Қазақстан елорда тұрғындары мен қонақтарынан Наурызды қатарынан он күн мерекелеу туралы не ойлайтынын сұраған болатын.

Кейбіреулері қазақтар үшін он күн аз, Наурызды бір ай тойлау керек десе, енді бірі үш күн де жетеді деп санайды.

Пандемия жағдайындағы екінші Наурыз

Биыл коронавирус салдарынан Наурыз мейрамы екінші рет дәстүрлі түрде аталып өтпейді. Былтыр дәл осы кезде елде пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған еді. Халық мерекені үйде, өз отбасымен ғана қарсы алуға мәжбүр болды.

Бұл жолы да республикада мереке күндері бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды.

Денсаулық сақтау министрлігі мейрамды отбасы ортасында өткізуге, барлық байланысты азайтып, көпшілікке арналған шараларды ұйымдастырмауға, оларға қатыспауға, сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді.

Тағы оқыңыз: Бас санитар дәрігер Наурыз мейрамына қатысты мәлімдеме жасады

Дәстүрлі форматта өткізуге рұқсат етілген барлық шарада адам саны шектеулі болуға тиіс.

"Қызыл аймақта" тұрған өңірлерде кез келген шараны өткізуге тыйым салынады, "сары аймақта" –  20%, "жасыл аймақта" – 30%-тен аспайтын адам саны рұқсат етіледі.

Биыл қазақстандықтар Наурызда бес күн – 20, 21, 22, 23, 24 наурыз демалады. Мерекенің алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні сәрсенбі, 24 наурызға ауыстырылды.

100
Кілт сөздер:
қазақстандықтар, коронавирус, Наурыз мейрамы
Тақырып бойынша
Тоқаев Наурызды жаңаша атап өтуге қатысты ойын бөлісті
Наурыз мейрамында ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы
Шет мемлекеттер басшылары Қазақстанды Наурыз мейрамымен құттықтап жатыр
Шетелде туып-өскен қазақтар атамекеніндегі Наурыз мейрамына қатысты пікір білдірді
Марат Омаров

"Ол өтірік қой": Марат Омаров желіні шулатқан видеоға түсініктеме берді

2015
(Жаңартылды 19:48 12.04.2021)
Тойға келген қонақтардың арасында волейболшы Сабина Алтынбекова мен әнші Қайрат Түнтеков те жүр. Желі қолданушылары композитор Зульфия есімді қызын ұзатқанын жазып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Әлеуметтік желіде танымал әнші әрі композитор Марат Омаров қатысқан тойдың видеосы тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Видеодан жас жұбайларды көруге болады. Ал келесі кадрда олар Марат Омаровпен суретке түсіп жатыр. Желі қолданушылары композитор Зульфия есімді қызын ұзатқанын жазып жатыр. Ал қонақтардың арасында волейболшы Сабина Алтынбекова мен әнші Қайрат Түнтеков жүр. Тойдың шағын құрамда өткенін байқауға болады.

Sputnik Қазақстан тілшісі композитордың өзіне хабарласып, мән-жайды білді. Марат Омаровтың айтуынша, видеоға монтаж жасай салған.

"Ол өтірік қой, монтаж ғой. Менің тойым емес", - деді Омаров.

Айта кетейік, Марат Омаров "Анашым", "Әке арманы", "Қыз сыны", "Әнші балапан", "Арман қала – Астана" және тағы басқа әндерді жазған. Ал коронавирус пандемиясы басталғанда "Коронавирус, кет, кет, кет" композициясымен танылды. Халық арасында осы ән хитке айналған.

2015
Тақырып бойынша
Қайрат Нұртас жауапкершілікке тартылуы мүмкін
"Хит ән шығармаймын": Өнер адамдары қалай күн көріп жүргендерін айтты
"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы
"Еденге жатқызуға орын болмады": Рамазан Стамғазиев інісінің қалай көз жұмғанын айтты
Қайрат Нұртастың басы тағы да дауға қалды
Архивтегі фото

"Қиналып кеттім": қазақстандықтар жалғызбасты әкеге бір бума ақша жинап берді видео

869
(Жаңартылды 19:47 12.04.2021)
Вячеслав Дружининнің банк картасы жоқ болғандықтан қайырымды жандар жарты миллион теңгеден астам ақшаны оның қолына берді

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Әлеуметтік желіде дөңгелек ауыстыру бекетінде тұратын жалғызбасты әкенің үндеуі тарады. Ұлты орыс Вячеслав Дружинин қазақ тілінде көмек сұраған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Осындай жағдайға түсіп қалдым. Әйелім қайтыс болды. Қырқы өтті. Балам ДЦП-мен ауырады. Жағдайым қиын, пәтерді төлемегеніме үш ай болды. Жұрт батаға берген ақшаға баланың тамағын алдық, қиналып кеткеннен кейін осында жұмысқа шықтым", - дейді елордалық Дружинин.

Жалғызбасты әке баласының жататын жерін де көрсетті. Дөңгелек ауыстыратын бекеттің түкпірінде кішкентай кереует орнатып қойған. Сонда баласын жатқызады. Ал кірген адамдар көрмесін деп, шымылдықпен жауып қояды. Өзі де сол жерде жатып жүр.

"Времянкаға" ақша төлей алмай жатырмын. Кім көмектесе алады, Алла разы болсын! Жаман қиналып кеттім", - деп атап өтті Дружинин.

Жазбаның жарияланғанына бір тәулік те болған жоқ. Қазақстандықтар жарты миллион теңгеден астам ақша жинап, жалғыбасты әкеге апарып берді. Оның банк картасы жоқ екен. Кредит алып, 320-330 мың теңге қарыз болып қалған.

Вячеслав қаржылай көмек берген барша қазақстандыққа өз ризашылығын білдірді.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің мәліметінше, Вячеслав Дружининнің кәмелетке толмаған ұлы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып отыр. Қазіргі уақытта бала №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында емделуде.

"Ауруханадан шыққаннан кейін медициналық тексеріс нәтижесіне сәйкес, баланың қай оңалту орталығында одан әрі ем алатыны белгілі болады. Әкесі Вячеслав Дружинин ай сайын 125 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алып отыр", - делінген хабарламада. 

Қала әкімдігі балаға қажет, заңмен белгіленген медициналық және әлеуметтік көмекті толыққанды көрсетіп отыр. Отбасының тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешіледі, дейді әкімдіктегілер.

869
Газодобывающее предприятие, архивное фото

Еуропаға газды кім жеткізеді: Ресей ме, АҚШ па?

0
Осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Ұзаққа созылған қыс еуропаның газ қоймаларын бос қалдырды. Газ қорының үштен бір бөлігі ғана қалды. Америкалықтар осы мүмкіндікті пайдаланып, көп көлемде сұйылтылған газ ұсынды. Алайда коронавирус дағдарысы Еуропаға мұхиттың арғы жағынан келетін қымбат газға шығындалуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ресейлік шикізатты сатып алуға тура келіп отыр, деп жазды РИА Новости.

Күзде және қыста еуропалықтар 65 миллиард текше метрден астам газ тұтынды. Бұл он жылдық максимумға тең. Бұл туралы Газпром GasInfrastructureEurope-ке сілтеме жасап хабарлады. Алдыңғы жоғары көрсеткіш 2018 жылы болған. Ол кезде ақпан-наурызда Еуропаны қалыптан тыс аяз бен қар жауып қалды.

Ауа райы биыл да тосын мінез көрсетті. Қаңтарда Газпромға аяз құрсауында қалған Еуропаға жеткізілімдерді шұғыл көбейтуіне тура келді. Компания Германияға 32,4 процентке, Францияға 77,3 процентке, Нидерландыға 21,2 процентке, Италияға 100 процентке әдеттегіден артық газ жіберді.

Сонымен қатар суықтың беті қайтпаған Азияға да экспорт артты. Нәтижесінде нарықта тапшылық пайда болып, бұл споттық бағаның шарықтауына алып келді. Ол бойынша тауарлар, бағалы қағаздар немесе валюта шұғыл жеткізу шарты бойынша сатылады.

Мысалы, Азияда баға кесімі мың текше метр үшін 1 000 доллардан асқан сәт болды. Кейбір мәмілелер 1400 бағасы бойынша жасалды. Еуропада баға 300 доллар болып белгіленді. Ал "Газпромның" 2021 жылға арналған бюджетінде 170 деген баға көрсетілген.

Нәтижесінде алыс шетелге жөнелтілген ресейлік экспорт 19,5 миллиард текше метрге дейін артты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46 процентке көп.

Ақпан айында да ауа райы қуанта қоймады. Осы айда үш күн қатарынан еуропалық қоймалар тәулігіне миллиард текше метр жіберіп отырды. 25 наурызға қарай қоймадағы газ қорының көрсеткіші 29 процентке дейін түсті. Германия мен Автрияда – 26, Нидерландыда – 23, Францияда – 17.

Алдағы қыста суықтан қорғану үшін еуропалықтарға өткен жылғыдан 57,3 процентке артық газ өндіру қажет. Бұл 2020 жылы Франция мен Нидерландыға жеткізілген экспорт көлеміне тең. Қоймаларды толтыру бойынша басталған газ өндіру науқаны 2011 жылғыдан кейінгі ең ауқымды шараға айналмақ.

Еуропа нарығындағы ресейлік шикізаттың үлесі 2020 жылы шамамен 33 процентті құрады. Бұл жөнінде "Газпром экспорт" бас директоры Елена Бурмистрова мәлімдеді. Оның айтуынша, "үшінші тоқсанда-ақ экспорт көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштен асып түсті". Импорттаушылар алдындағы барлық міндет толық орындалды. Жыл соңына қарай келісімшарт бойынша баға еуропалық хабтардағы споттық бағадан төмен болды. Бұл да қосымша жеткізулерді орындауға ықпал етті.

Еуроодаққа көгілдір отын Ресейден бөлек Норвегия, Катар, Алжир, АҚШ пен Нигериядан жеткізіледі. Басты тұтынушылар – Германия, Ұлыбритания және Италия. Немістер мен ағылшындар ресейлік газды "Солтүстік ағын" құбыры арқылы алып отыр. Басқа амал жоқ. Әрине сұйылтылған табиғи газға ауысуға болар еді. Бірақ ол тым қымбат. Сонымен қатар ол үшін арнайы терминалдар керек. Ал Германияда мұндай техника қарастырылмаған. Сұйылтылған табиғи газ ол елге Бельгия мен Нидерланды арқылы жеткізіледі.

Италия мен Ұлыбританияда қажетті терминал бар. Бірақ олар да құбыржол газынан бас тартуға асығар емес. Сол себепті ресейлік энергия ресурсын сатып алушылар АҚШ-тың "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы ашқан соғысын қолдамай отыр. Жалпы ресейлік жобаның қарсыластары аз емес. Олардың қатарында Чехия, Польша, Венгрия, Словакия, Румыния, Хорватия бар.

Жалпы Варшава 2022 жылға қарай Ресей газынан бас тартуға дайын екенін бұған дейін мәлімдеген болатын. Поляктар Солтүстік теңізде норвегиялық қайраңдағы Baltic Pipe құбырына үміт артып отыр.

Жалпы дағдарыстың беті әлі қайта қойған жоқ. Ал сұйылтылған табиғи газ баяғыдай құбыржол газынан қымбат болып тұр. Оның үстіне "Газпром" бәсекелестеріне қарағанда өндіріс көлемі мен тәуліктік жеткізу көлемін өте жылдам арттыра алады.

Г.В.Плеханов атындағы РЭУ доценті Александр Тимофеев "Солтүстік ағын" жобасының өзін-өзі ақтауы әлі де нақты болмағандықтан, батысеуропалық бағыт басымдықта тұр деп санайды.

"Ұзаққа созылған қыс сұранысты арттырды. Бұл күзге қарай бағаның қымбаттауына алып келеді", - дейді ол.

Ресей ЖЭК даму мәселелері жөніндегі тәуелсіз кеңесшісі VYGONConsulting пікірінше, осы жылы "Газпром" алыс шетелге жөнелтетін экспорт көлемін 210 миллиард текше метрге дейін арттыра алады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 17 процентке, коронавирус дағдарысына дейінгі 2019 жылғыдан 5,5 процентке артық.

Осылайша бірінші тоқсанда "Газпромның" экспорты 30,7 процентке өсті.

"Бұған дейін жабдықтаушы бюджетке мың текше метр газ үшін 170 доллар көлеміндегі бағаны көрсеткенін ескеру керек. Бірақ содан кейін жоспарлар қайта қаралды. Енді орташа жылдық баға 200 доллар деп болжануда. Себебі ұзақ мерзімді келісімшарттар көбіне еуропалық споттық бағаларға тәуелді. Оның үстіне газ бағасы тікелей тәуелді мұнай бағасы да шарықтап кетті. Сондықтан "Газпром" өз тұтынушыларын жоспарының негізді екеніне сендіре алуы әбден мүмкін", - дейді TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының бас экономисі Марк Гойхман.

Жалпы газ бағасы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де қымбаттай берді. Қазір нидерландтық TTF (Title Transfer Facility Natural Gas Price Index) хабындағы спотта мың текше метр газ бағасы 252 доллар. Бұл 2018 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткіш.

Нәтижесінде осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting. Ал бұл Ресейдің мемлекеттік бюджетіне майдай жағады.

0