Қоғам

Министр Омаров жер комиссиясы қандай мәселелерді қарайтынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр сельского хозяйства Омаров Сапархан Кесикбаевич
Министр сельского хозяйства Омаров Сапархан Кесикбаевич - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.03.2021
Жазылу
Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері шешімін таппаған

НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз — Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жер комиссиясының алғашқы отырысында мораторийдің кейбір мәселелері бойынша түпкілікті шешім қабылдау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мораторий нормаларына қатысты түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейді", - деді Омаров.

Осы орайда министр президенттің шешімі бойынша арнайы заң жобасының әзірленгенін еске салды. Қазіргі кезде осы құжат парламент мәжілісінің қарауына енгізіліп отыр.

"Енді мораторийдің кейбір мәселелері ғана шешілмей тұр, бұлар – ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері", - деп толықтырды ол.

Министр ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшік құқығын енгізу тарихына да тоқталды. Ондай құқық 2003 жылы заңнама жүзінде бекітілген. Сол кезде ауыл шаруашылығы жерін жекеменшікке сатып алуға немесе 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіндік берілді.

"2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Соның аясында қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алып тасталды. Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50 проценті мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жекеменшікке сатып алуға міндетті болды", - дейді министр.

Ал ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мүмкіндігі 2015 жылы енгізілген болатын. Бірақ 2016 жылы мемлекет басшысының жарлығымен осы екі түзетуге де мораторий жарияланды.

"Жер комиссиясының отырыстары аясында жоғарыда аталған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау ұсынылады", - деді Омаров.

Айта кетейік, өткен аптада премьер-министр "Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы" өкімге қол қойған болатын. Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі көрсетілген. Комиссияның құрамы да жарияланды.

Жер комиссиясының отырыстары аптасына бір рет сенбі күні өтеді. Оны министрліктің ресми парақшасында онлайн режимде көрсетеді. 

Жаңалықтар
0