Қоғам

"Жемқор жүйенің ойыны": Төреғали той төңірегіндегі былық-шылықты жайып салды

© Sputnik / Владислав ВодневТорегали Тореали
Торегали Тореали - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2021
Жазылу
Әкімдік пен учаскелік полицейлер тойды өз бизнесіне айналдырып алды, деп мәлімдеді Төреғали Төреәлі

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Төреғали Төреәлі басы дауға қалған Қайрат Нұртасқа қолдау білдіріп, карантин кезіндегі жасырын тойлар туралы шындықты айтты.

"Соңғы екі-үш күнде Қайрат Нұртас той үстінде ұсталды деп, тура қылмыс үстінде қандықол қарақшы ұстағандай ұрандатып жүргендер бар. Шын өнер адамы шақырса, қандай ортаға болсын барып, өнер көрсетуді парыз санайды. Роза апаларымыз оқ жауып тұрған соғыста танктің үстінде ән айтқан ғой. Туберкулез жайлаған түрмеден бастап, жемқорлық жайлаған мінбеге дейін құрметтеп шақырса барасың... Оның жанында басшылықтан бастап, бүкіл жүйе дұрыс күреспей отырған ковидтен Қайрат қана сақтануға міндетті емес шығар?", - деп жазды Төреәлі Instagram-парақшасында.

Әншінің айтуынша, халық вирустан емес, биліктен тығылып, жалтақтап жасырын тойлап жүр. Халықты бұл үшін жазғыруға болмайды. Себебі небір қиын-қыстау кезеңде думанын тарқатпай, "бұдан жаман күнімде тойға барғам" деп мәтелдеген дархан халықпыз.

"Отау құрған жастардың ниетін қолдап, жұртты жиып, некені көпшілікке жариялау діннің де, дәстүрдің де міндеті. Ата-ана ол міндетті орындау үшін қандай жағдайда да жол табатыны белгілі. Қазіргі тауда, табиғат аясында, тойханаларда "жасырын" өтіп жатқан тойлар соның дәлелі. Иә, тырнақшадағы жасырын той. Бәрі белгілі, әрі соған жол беріп қойып, білмеген кейіп танытқан жемқор жүйенің ойыны бұл. Сорлайтын сол қара халық!", - деп қынжылды Төреғали.

Оның сөзінше, ковидті сылтауратып әкімдік пен учаскелік полицейлер тойды өз бизнесіне айналдырып алған.

"Ресторан қожайындары беретінін беріп, "крышасы" табылғанда ғана "жасырын" жұмысын бастайды. Солай гарантиямен тойын қабылдағанын клиенттерден естіп жүрміз. Әрі той үстінде тексеріп келгенде қонақтарды таратпай, "өзара келісіп" жалғасын тапқан тойларды да көзіміз көрді. Бұған да үйреніп қалдық", - дейді әнші.

"Бірақ түсінбейтінім, базарларда иін тірескен жұрт жүргенде, мешіттердің аузында құлып тұрды. Тамақтанатын кафе-ресторандарда орын жоқ кезде, тіпті түнгі клубтар да жұмыс жасап жатқанында, қоғамдық моншаларда кемі 50-ден 250-ге дейін адам араласып жуынып жүргенде де, той жасауға рұқсат бермеді. Бұл қарапайым халықты қалайда тығылып той жасап, жамағатсыз ғибадат жасауға қолдан ұйымдастырған әрекет", - деп түйген өзін Төреғали Төреәлі.

Еске сала кетсек, Алматыда мониторингтік топтың тексерісі кезінде әнші Қайрат Нұртас пен оның әріптесі Кенжебек Жанәбіловтің заңсыз жұмыс істеген мейрамхананың бірінде жүргені анықталған. Желіде тараған видеода әншілердің мекемеден асығыс шығып кетуге тырысқан сәті түсірілген.

Карантин талабын бұзған Қайрат Нұртасқа 87,5 мың теңге, ал мейрамхана иесіне 670 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Жаңалықтар
0