Мадридтік Реал капитаны Серхио Рамос

Мадридтік "Реал" қазақстандық суретшінің жұмысын жоғары бағалады

71
Қанат Нұртазин ел арасында ерекше өнерімен танымал, ол қағаз бен картоннан тамаша туындылар жасайды

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Мадридтік "Реал" клубы қазақстандық суретшінің жұмысын жоғары бағалап, оның суреттерін әлеуметтік желіде жариялады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Real Madrid C.F. (@realmadrid)

Қанат Нұртазин үйеңкі жапырағынан мадридтік "Реалдың" логотипін жасады, онда клуб капитаны Серхио Рамос бейнеленген.

"Бұл таңғаларлық", - деп жазылған клубтың Instagram-дағы парақшасында.  

Қанат Нұртазин сурет салудың кәсіби маманы болмаса да жапырақ пен картоннан қызықты туындылар жасайды, өз жұмыстарын ерекше ракурспен фотоға түсіреді.

Айта кету керек, суретші Назарбаев университетінде менеджер болып жұмыс істейді, алайда оның ерекше ісін бірнеше әлемдік бренд танып үлгерген. 2019 жылы ол Disney-мен серіктес болып "Малефисента - 2" және "Мұзды өлке - 2" анимациялық фильмдерінің жұмысына қатысады. Суретшінің жұмысын компания өз жобаларын насихаттау барысында пайдаланды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kanat Nurtazin (@kanat_n)

Сондай-ақ ол Nickelodeon компаниясының танымал анимациялық фильмдерінің желісі бойынша жұмыс істеген.

"Реал Мадрид" - әлемдегі ең танымал клубтардың бірі. Олар үш рет қатарынан чемпиондар лигасын жеңді. "Реал" Испанияның 34 дүркін чемпионы, 13 рет чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Қазір мадридтік клуб 28 ойында 60 ұпай жинап, Испания чемпионатында үшінші орында тұр.   

 

71
Кілт сөздер:
Реал, суретші
Архивтегі сурет

"Қорқыныш бар": Ираннан көшіп келген қандастар неге алаңдайтынын айтты

692
Қандастар тарихи отанына неге оралғанын, солтүстіктегі ауылдарды не себепті таңдағанын және Ирандағы қиыншылықтар туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Таяуда 20 отбасы Ираннан атажұртына оралды. Қазір қандастар Солтүстік Қазақстандағы үш елді мекенде тұрады. Баспана, мектеп, жұмыс жайы шешілді. Sputnik Қазақстан тілшісі тарихи Отанына жеткен этникалық қазақтармен әңгімелесіп, бүгінгі жай-күйі мен парсы еліндегі қандастардың тұрмысына қанықты.

Қуаныш пен қорқыныш

Ираннан атамекенге ат басын бұрған көшті 52 жастағы Хадиша Адай бастап келген. Екі ай бұрын ол Қазақстанға келіп, өңірлерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты. Иранға барғаннан кейін қандастармен көрген-білгенін бөліседі. Осылайша жиырма отбасының атажұртпен қауышуына түрткі болған.

"Әр қазақ әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, ата-бабасының кіндік қаны тамған топыраққа оралуды армандайды. Біздің де ең басты арман-тілегіміз осы еді. Шынын айтсам, ел-жұртымды ауыстырып, өз туған еліме келгенде өте қуанышты едім. Бірақ, қазір қуанышпен қатар қорқыныш та бар. Болашағым қалай болар екен, мені қалай қабылдар екен, артымнан ілескен адамдардың одан арғы жағдайы не болады, сіңісіп кетер ме екен, өз балаларымның келешегі қандай болар екен деп уайымдаймын", - деді әңгімесін бастаған Хадиша Адай.

Хадиша Адайдың жұбайы – өзге ұлттың өкілі. Айтуынша, жолдасы Иранда қалған, ал өзі екі баласымен Отанына біржолата қоныс аударуға бел буған.

"Мен жас кезімде парсы жігітіне тұрмысқа шықтым. Одан бір ұл, бір қыз сүйдім. Бірақ, кейін өзім қазақтың келіні болмасам да, балаларымды қазақ қыламын деп шештім. Олардың қазақы ортада тәрбиеленгенін, болашағын Қазақстанмен байланыстырғанын қаладым. Оларды Қазақстанға әкелуді армандадым. Аллаға шүкір, арманым орындалды", - дейді қандас.

Қазір Хадиша Адай балаларымен Есіл ауданындағы Петровка ауылында тұрады. Иранда ұшақ жөндейтін инженер мамандығына оқыған 21 жастағы ұлы Петропавл университетіне ауысқан. Сабаққа онлайн қатысады. Ал 15 жастағы қызы мектепке барып жүр. Екеуі де Иранда тұрғанда қазақ тілі мен орыс тілін онлайн оқып, меңгеріп алған.

Үкіметтің жұмысына кірмеймін

Хадиша Адай Иранда парсы тілі мен әдебиетінен университетте жиырма бес жыл сабақ берген. Кейін өз еркімен зейнетке шыққан. Үйде бос отырмай, кәсіптің көзін табады. Табиғи маталардан ерекше дизайнмен плащ тігіп сатады. Ісі өрге домалап, екі дүкен ашады. Алаша мен табиғи теріні қосып, сырт киімдерге келістіріп, сөмке тігуге кіріседі. Алайда былтыр пандемия басталып, дүкендерін жабуға мәжбүр болған. Тауарларын онлайн сатуға көшкен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от SPUTNIK|ҚАЗАҚСТАН (@sputnik_kz)

"Бір күні ойыма тағы бір идея сап ете түсті. Қойдың жүнінен кілем тоқып, оны қазақтың ою-өрнегімен нақыштап безендіру. Солтүстіктегі ауылды таңдаған себебім де осы. Біріншіден, Қызылжардың әсем табиғаты баураса, екіншіден, ата-бабамыздан мұраға жеткен қолөнерді қайта дамыту", - деді ол.

Айтуынша, үкімет елге оралған қандасқа жұмыс ұсынған. Бірақ Хадиша Адай өз кәсібін ашуды құп көріпті.

"Үкіметтің жұмысына кіремін деген ой болған жоқ. Мен өзім кілеммен айналысамын деп шештім", - деді алдағы жоспарын бөліскен әйел.

Отанға келіп, отын жардым

"Ауыл ішінде Қазақстан бәрін елге шақырып жатыр екен деген әңгіме тарады. Рас-өтірігін білу үшін көшті ұйымдастыратын адамдардың телефонын сұрастырдым. Қоңырау шалсам, Хадиша Адай деген апай екен. Ол кісімен сапар жайлы ұзақ сөйлестік, ақылдастық. Үйге келіп, жолдасыммен де кеңестім. "Балаларды туған жерге апарайық, өз топырағында, өз қандастарының ортасында жүрсін, тілін жоғалтпасын" дедім. Жарым да қарсылық танытпады. Сөйтіп, әрі-бері ойланып, ақыры көшуге бел будық", - деп еске алды Ираннан әйелі және төрт баласымен атажұртқа оралған 35 жастағы Нәжіп Қазақ.

Нәжіп отбасымен Қазақстанға осыдан бес-алты жыл бұрын қыдырып келген. Айтуынша, Ақтауда туыстары тұрады. Парсы елінде туып-өссе де, тарихи отанға оралуды бұрыннан ойлап жүрген. Биыл сәті түсіп, қандастар туған топыраққа аяқ басты.

Ираннан қоныс аударған қандастар
© Photo : Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының СҚО филиалы
Ираннан қоныс аударған қандастар

"Ұшақ әуежайға қонғанда, жүрегімді қуаныш кернеді. Атажұртыма шынымен оралғаныма сене алмадым. Шыны керек, екі көзім жасқа толды", - дейді Нәжіптің әйелі Махтаб Шадкам.

Бұл отбасын әкімдік Есіл ауданының Николаевка ауылына жіберді. Қандастар ақшалай көмек пен жұмысқа құжат тапсырып қойған.

"Үш бөлмелі үй берді. Ваннасы, дәретханасы ішінде. Ауыл адамдары бізді жылы шыраймен қарсы алды, халқы маған қатты ұнады. Бауырым деп сыйлап жатыр. Ауылда бидай егіледі, мал бағады. Өте жайлы жер екен", - дейді Нәжіп Қазақ.

Қыста қар көрмейтін Иран қазақтары күздің қара суығынан пеш жағып жылынып отыр.

"Иранда қыста жаңбыр жауып, аздап жел соғады. Жылдың қалған мезгілінде күн ашық. Мына жақта адамдар белге дейін қар келеді дейді. Соны естіп, шошып кеттім. Өз ақшама отын сатып алдым. Енді оны жару керек. Бүгінге дейін отын жарып көрмеп едім. Отанға келіп, отын жарып жатырмыз", - деп күлді Нәжіп.

Егін ектім, нан пісірдім, мал бақтым

Нәжіп Қазақ Иранда Горган қаласынан 35 шақырымдағы Бендер-Түрікменде тұрған. Айтуынша, этникалық қазақтардың дені сол елді мекенде шоғырланған.

"Иранда менің екі-үш жұмысым болды. Нан пісіретін наубайханам бар еді. Қол астымда төрт бала істейтін. Оны ініме тапсырып кеттім. Сосын бидай, арпа егетінбіз. Ағаммен бірге он жылдай мал да бақтық. 400-500 қой ұстадық. Бірақ кейінгі жылдары Иранда жем-шөп қымбаттап, қой басын азайттық. Біразын сатып жібердік", - дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Ауғанстанда көп қазақ қалды": атажұртқа оралған қандастар нені түсінгенін айтты - видео

Нәжіп Қазақ енді солтүстіктің шөбі шүйгін, құнарлы жайылымында мал ұстап, егін еккісі келеді.

Айтуынша, Бендер-Түрікменде әкесі көзі тірісінде тұрғызған мешіт бар. Бүкіл қазақ сол мешітке баратын көрінеді.

"Бәрін тастап, Қазақстанға көшуге бел байлағанда, ештеңеден қорыққан жоқпын. Өйткені ол жақта қазақ мектебі жоқ. Барлық қазақ баласы парсы тілінде оқиды. Бірақ сонда да ана тілімізді жоғалтпадық. Өзге ұлттан қыз алып, қыз бермейміз. Беташар, келін түсіру, Наурыз мейрамы – ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер сақталған", - деп атап өтті қандасымыз.

Ирандағы қазақ жастарының проблемасы

Хадиша Адайдың айтуынша, Иранда тек қазақ жастары ғана емес, бүкіл ұлт өкілдері жұмыс таба алмай қиналып жүр. Оған коронавирус індеті де себеп.

"Иранда көп фабрика тоқтап, тауарлар шетелге шықпай қалды. Ел экономикасы біраз қысым көрді. Оқыған мамандар жұмыссыз жүр. Тағы бір қиыншылық, өкінішке қарай, Иран қазақтарының арасында жас жігіттер мен балалар есірткіге құмар болып жатыр. Ана тіліміз жойылудың аз-ақ алдында. Қазір 10-15 жастағы балалар қазақ тілінде таза сөйлей алмайды", - деп қапаланды этникалық қазақ.

Ал Нәжіп Қазақ Ирандағы қазақ жастарының жат ағымның жетегіне еріп кетуіне алаңдады.

"Жастардың жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндігі жоқ. Содан екі қолға бір күрек таба алмай, теріс жолға түсіп кетеді. Бүкіл жерде сақалдылар бар. Олар жас балалардың ойы мен ұстанымын өзгертіп, өз қатарына қосады. Сөйтіп көп кісі қор болып жүр", - дейді ол.

Әйелдер еркін жүреді

Хадиша Адай Иранда ерлер мен әйелдердің құқықтары тең екенін атап өтті. Нәзік жандар хиджаб киіп, оранып жүретіні болмаса, еш қысым көрмейді.

Оқи отырыңыз: "Тамақ алуға ақшамыз болмады": Сириядан оралған қыздың әңгімесі – видео

"Мақтағаным емес, Иран тарихы терең, дамыған мемлекет. Қандай жұмыс істеймін десе де, әр әйелдің өз еркі. Әйелдер мен еркектердің ешқандай айырмашылығы жоқ. Қысым көрген жоқпыз, емін-еркін жүрдік. Тек хиджаб мәселесі бар. Енді әр үкіметтің өз заңы бар ғой. Оны қабылдауымыз керек. Өкініштісі, Иранда қазақ мектебі жоқ, мәдени жағынан жиналысқа рұқсат бермейді. Бірақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді сақтауға тырыстық. Үйде ата-анамыз тек қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат беретін, парсы тілінде сөйлеттірмейтін", - деді ол.

Көктемде тағы 50 отбасы келеді

Нәжіп Қазақтың айтуынша, Қазақстанға көшкелі бері телефонына тыным жоқ. Ирандағы ағайын, жора-жолдастар хабарласып, қандастардың жай-күйін сұрастырып жатыр. Баспана берсе, атажұртқа қоныс аударатын ойлары бар.

Хадиша Адай Ираннан наурыз айында тағы елу отбасы көшіп келуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

692
Кілт сөздер:
Иран, этникалық қазақ, қандастар
Иманбек Зейкенов

"Ол арсыздықтың шегі": Иманбек өзінің құрметіне ескерткіш орнатуға қатысты пікір білдірді

412
(Жаңартылды 14:17 26.09.2021)
Өзіңнің құрметіңе ескерткіш орнатуды сұрау – арсыздықтың шегі және өз-өзіңді тым жоғары бағалау деп есептейді қазақстандық диджей

НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов туған жері Ақсу қаласында өзінің құрметіне ескерткіш орнату ұсынылғаны туралы жаңалыққа түсініктеме берді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Это Павлодар, детка 🤷🏼‍♂️ (@pavlo.detka)

Иманбек Instagram-да арнайы тікелей эфирге шығып, бұл жаңалықтан кейін әлеуметтік желіде сынайтындар көбейіп кеткенін айтты.

"Елдің жазғанын оқиын деп парақшамды ашсам, мені жек көретіндер шыға келеді. Ешкімге тиіспесем де: "Сен соншалықты кім едің?" дейді. Маған шынымен де ескерткіш орнататын болса, ұят болады. Жоқ, маған ешкім ескерткіш орнатайын деп отырған жоқ. Біз граммофонның мүсінін жасағымыз келді ("Грэмми" - Sputnik)", - деді Иманбек.  

Диджей тікелей эфирдің видеосын сақтап қоймады, бірақ оны павлодарлық пабликтердің бірі жариялады.

Иманбектің айтуынша, шамамен бір ай бұрын әкімдіктен қоңырау шалып, "беделді музыкалық байқауда жеңіске жетуіңіздің құрметіне Ақсуда монумент орнатсақ қалай қарайсыз" деп сұраған. Әңгіме граммофонның үлкен мүсінін орнату туралы болған.

"Егер сіздерге қиын болмаса, орната беріңіздер, бұл керемет қой, шынымды айтсам, маған бәрібір дедім. Журналистерді жек көремін – олар басқаша жеткізіп, мәселенің өңін айналдырып жіберді, енді адамдар өзіне ескерткіш орнатылғанын қалайды екен деп ойлап жатыр. Мен көзі тірісінде ескерткіш орнатылған бір адамды ғана білемін – ол Нұрсұлтан Әбішұлы, тұңғыш президент", - деді әртіс.

Ол ешқашан ескерткіш орнатуды сұрамайтынын, оны айналасындағы адамдардың бәрі білетінін атап өтті.

"Маған ескерткіш орнатуды сұрау – арсыздықтың шегі және өзіңді тым жоғары бағалау деп есептеймін", - деп түйіндеді Иманбек.

Оқи отырыңыз:

412
Алматылық 5 кісіні өлтірді

Психологтар Алматыда 5 кісіні өлтірген ер адамның әрекетіне пікір білдірді

90
Алматыда бес кісіні атып өлтірген адамда психологиялық ауытқу бар деп айтуға бола ма? Адамдарға қарсы оқ атуға не себеп болды? Басқа адамдар оның бұл әрекетін қайталауы мүмкін бе? Осы және өзге сұрақтарға мамандар жауап берді

АЛМАТЫ, 26 қыркүйек – Sputnik, Ольга Тонконог. Жиырмасыншы қыркүйекте Алматы тұрғыны Игорь Дужнов өзін үйден шығаруға келгендерге оқ жаудырды. Екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның танысы қайтыс болды. Ер адам ұсталды. Бес адамды өлтіргені үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл іске байланысты қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді. Кейбірі банк және сот-атқару жүйесі талапты дұрыс қойды деген пікірде, ал екінші тарап Дужнов және оның отбасының адами құқығы бұзылды деп есептеп, оған жанашырлықпен қарап отыр. Олар сондай-ақ мұндай жағдайға көптеген қазақстандық тап болуы мүмкін екенін айтады.

Сонымен қатар оқиға жария етілгеннен кейін Игорь Дужновтың отбасы мен оның әйелі Анаида Демирчанға қатысты басқа да мәліметтер пайда болды. Бірнеше адам ерлі-зайыпты қарыз алғанын, алайда қомақты қаржыны қайтармағанын айтты. Сондай-ақ 2014 жылы Дужнов Донбаста соғысқан деген қауесет тарады.

Sputnik Қазақстан психология саласындағы бірнеше маманмен сұхбаттасып, бұл жағдай бір адамның мәселесі ме әлде әлеуметтік құбылыс па деген сұраққа жауап іздеді.

Психологиялық ауытқуы бар адамдар сирек қылмыс жасай ма

Соттың түпкілікті шешімі шықпай және ол заңды күшіне енгенге дейін қандай да бір түсініктеме беру, оның ішінде психикалық жағдайына қатысты баға беру этикаға жат. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Ринат Мұзафаров осындай пікірде. Сондай-ақ жеке адам мен оқиға туралы БАҚ арқылы біліп, пікір білдіру кәсіби емес деп санайды.

"Адамның стресс жағдайындағы психологиялық күйі туралы жобалап қана айтуға болады. Бірақ біз әртүрліміз, ал біздің болжамымыз жеке басымыздың, өмірлік тәжірибеміздің, қалыптасқан нанымымыздың призмасы арқылы көрінеді", - деді ол.

Сондай-ақ жалпы денсаулық жағдайын, жеке ерекшеліктерін, микро және макроәлеуметтік ортаның әсерін және оқиғаның алдындағы кезеңдегі психологиялық жағдайды ескеру қажет, - деп толықтырды Ринат Мұзафаров.

Маман құқықбұзушылықтың осы санатына қатысты сот-тергеу шаралары аясында кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу міндетті екенін айтты.

Сондай-ақ ол "жекелеген қару-жарақ айналымын мемлекеттік бақылау туралы" заңға сәйкес, қару алудан бұрын адам рұқсат алуы керек екенін айтты. Шарттардың бірі ішкі істер органдарына терапевт, невропатолог, офтальмолог, психиатр және наркологтан қарсы көрсетілімдері жоқ екенін айғақтайтын анықтама ұсынып, медициналық тексеруден өтуі қажет.

"Атап айтқанда, психиатр мен наркологқа адам динамикалық бақылаудағы жай-күйі туралы деректер базасы бойынша тексеріледі. Психиатриялық куәландыру, психологиялық тестілеу жүргізіледі, психобелсенді заттар метаболиттерінің болу-болмауы зерттеледі", - деді Ринат Мұзафаров.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен азаматтық және қызметтік қару, азаматтық пиротехникалық заттар айналымы саласында рұқсат алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесі бекітілді.

"Бұл тізімде, органикалық психикалық бұзылулар, шизофрения, шизотиптік және сандырақтайтын жағдайлар, ақыл-ой кемістігі және басқа диагноздар бар", - деді Мұзафаров.

Заңнамаға сәйкес, әр бес жыл сайын медициналық тексеруден өтуі қажет, бірақ барлық тексеру нәтижесі адам жағдайының сол сәтте қандай екенін және содан кейінгі қысқа уақытты ғана көрсетеді. Кейіннен медициналық қарсы көрсеткіштер тізіміне кіретін ауру асқынуы мүмкін.

"Психиатр немесе наркологта тіркелмеген және психикалық ауруы жоқ адамдарға қарағанда қандай да бір тіркеуде тұратын адам атыс қаруын қолданып, адамға қарсы қылмыстар сирек жасайды деп айта аламын", - деп түйіндеді ол.

Нормадан ауытқу ма

Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова бұл жеке шекара бұзылуы болуы мүмкін екенін айтты.

"Ол адамдардан ақша алып, "лақтырып", қайтармағаны туралы әңгіме...шекараның бұзылуы туралы айтар едім. Ол шекараны бұзады, сөз береді және сөзінде тұрмайды. Содан кейін оның ар-ұяты бар ма деген сұрақ туындайды. Ар-ұяттың болмауы да ауытқу. Себебі баланың жеке басының қалыпты психоэмоционалды дамуы кезінде бес-алты жаста ар-ұят пайда болады", - дейді маман.

Анна Құдиярова ар-ұяты берік адам басқа адамды алдауға және қандай жағдайда да адамды өлтіруге бармайтынын айтты.

"Екінші жағынан, егер ол мұндай қадамға барса, бұл үмітсіздік, шарасыздық. Алайда пайдаға кенелуге келгенде ешкім ар-ұятқа қарамайды, бәрі ұмытылады", - деп атап өтті Құдиярова.

"Банктер адамдардың қайғы-қасіретінен көп ақша жасайды. Бірақ адамдар да әртүрлі. Олар кредит алады, өйткені олардың көпшілігі бала позициясында өмір сүреді : "ең бастысы – алу және жұмсау, ал ертең не болады деп ойлаймаймыз. Анам, әкем мейірімді, олар кешіреді. Банк немесе үкімет несиені кешіреді немесе жабады". Бұл жауапсыз әрекет. Кредитке тәуелділік деген термин бар. Бұл да тәуелділік және кез келген тәуелділік – бұл психикалық ауру", - деді психоаналитик.

Игорь Дужновтың Донбастағы соғысқа қатысуына байланысты Анна Құдиярова соғысты жақсы көретін адамдардан көбінесе жеке шекара бұзылу белгілерін табуға болатынын атап өтті.

"Кем дегенде, бұл социопатия, тіпті психопатия болуы мүмкін. Себебі түрменің орнына олар майданға немесе әскери оқиғаларға барады. Тыныш невротик ешқашан соғыс іздемейді немесе қолына қару алмайды. Бірақ шекара бұзылуы бар адамдар қоршаған әлемге дұшпан көзімен қарайды, агрессивті болады. Сондықтан олар атыс-шабыс фильм көріп қана қоймайды, соның ортасына барады", - деді психоаналитик.

Тығырыққа тірелгендер ессіз әрекетке барады

Психолог-кеңесші Елена Белокурова Дужновтың бастапқыда адам өлтіруді ойламаған болуы мүмкін екенін айтты.

"Біз шабуыл оның аумағында болғанын білеміз, яғни шабуыл оның мақсаты емес еді. Ол өз кеңістігін қорғауға тырысқан және басқа жол таппаған сияқты. Оның іс-әрекеті – бұл адам өз өмірінің қандай да бір оқиғаларын әділетсіз, заңсыз деп бағалағанда және мәселені шешу жолын көрмегенде туындайтын үмітсіздік", - деді Белокурова.

Үмітсіздік шарасыздық, әлсіздік пен қорқыныш сезімдерінен бұрын пайда болады. Белокурова алматылық өзін тығырыққа тірелгендей сезінгенін, ал мұндай жағдайларда адамның әрекетін болжау мүмкін емес екенін жеткізді.

Банк кредит бермес бұрын (әсіресе үлкен мөлшерде) клиенттің төлем қабілеттілігін мұқият тексеретіні белгілі. Егер ол осы қарызды алса, онда өтеуге мүмкіндігі болды.

"Қазір бүкіл әлемдегі өте күрделі, экономикалық тұрақсыз жағдай болып жатыр. Сонымен қатар пандемия және онымен байланысты шектеулер өмірдің барлық саласына кері әсерін тигізді, демек, бұл адам күрделі проблемаларға тап болған", - деді ол.

Елена Белокурова қазір кез келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін екеніне сенімді. Сондықтан көптеген елде азаматтардың осындай әрекеті мүмкіндігінше аз болуы үшін кредит жүктемесін қалай азайтуға болатыны туралы ойланып жатыр.

"Егер уақытылы шаралар қолданылмаса, онда біздің көптеген азаматымыз өзін тығырыққа тірелгендей сезінуі мүмкін, демек жағдайға байланысты ессіз әрекет етуі мүмкін. Өкінішке қарай, кей адам шешім қабылдайды ал басқалар соның зардабын көреді", - деп толықтырды психолог-кеңесші.

Адам өлтіргеннің бәрі "псих" емес

Клиникалық балалар психологы Жанна Сафиуллинаның айтуынша, адамды өлтіру мен психикалық бұзылыс үнемі бір-бірімен байланысты бола бермейді.

Психолог жеке дағдарыстағы адамдар, көптеген қиын кедергілерге тап болған кезде, қандай да бір қиын жағдайда шешім қабылдау мүмкін болмаған кезде, жасырын депрессиялық күй дамып, суицидтік үрдістер пайда болуы мүмкін деп болжайды. Олар айналадағы адамдар үшін мүлдем көрінбеуі мүмкін, тіпті адамның өзі де біле бермейді.

"Егер адам одан шығудың жолы жоқ деп ойласа, бұл мұндай қылмыстарды тудыратын өте күшті фактор болуы мүмкін. Мен ешқандай жағдайда біреудің жағына шыққым келмейді. Бірақ бұл жағдайда мен әртүрлі жағынан қарауға тырысар едім", - деп кеңес берді Сафиуллина.

Күйзеліс пайда болған қиын өмірлік жағдайда Жанна Сафиуллина көмек сұрауға кеңес береді. Бұл қайғылы жағдайды болдырмауға көмектеседі.

"Мұндай жағдайларда әлеуметтік қолдау қажет. Мұнда тек дәрігерлер немесе психологтар ғана емес, сонымен қатар өте сауатты, жақсы дайындалған әлеуметтік қызметкерлер де көмектеседі. Олар адамды қиын өмірлік жағдайда қолдап, қайғылы жағдай болмас үшін оның туыстарына мамандардың көмегі қажет екеніне назар аудара алады", - дейді психолог.

 

90
Кілт сөздер:
психолог, Алматы, атыс
Тақырып:
Алматыдағы атыс: 5 адам қаза болды
Тақырып бойынша
"Өкінемін, не істегенімді түсінбедім": Алматыда 5 адамды өлтірген адамның соттағы сөзі
"Неге үйіне келіп естіртпеді?": Оққа ұшқан полицейдің туысы жанайқайын жеткізді
"Үйімізді тиынға сатып жіберді": атыс шығарған күдіктінің әйелі оқиғаның мән-жайын айтты
Алматыдағы қанды оқиға: күдікті банкке ғана емес, таныстарына да миллиондап қарыз
Алматыдағы атыс: Тоқаев үкімет пен ұлттық банкке бір ай уақыт берді