Қоғам

Сәкен Майғазиев өзін "жемқор" деп айыптағандарды сотқа беретінін мәлімдеді

© Photo : Сәкен Майғазиевтің instagram парақшасынанСәкен Майғазиев
Сәкен Майғазиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2021
Жазылу
"Шымкент қалалық мәдениет үйінің" басшысы ғайбаттап, қарғап-сілейтіндерді оқып, түнімен ұйықтай алмай шығатынын атап өтті

АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымының" директоры, әнші Сәкен Майғазиев өзін дәлелсіз айыптағандардың заң алдында жауап беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бекітілген қаржы әлі бөлінген жоқ, қолымызға бір тиын да тиген жоқ" деп соқырға таяқ ұстатқандай қылып түсіндіріп жатсаң да түсінбейтіндердің көп екені жүрегімді ауыртады. Ғайбаттап, қарғап-сілейтіндерді оқып, түнімен ұйықтай алмай шығамын. Жария түрде жер жаhанға жар салып, маған жала жауып, "жемқор", "тонады" деп негізсіз, дәлелсіз айыптағандар заң алдында жауап беруге дайындала берсін", - деп жазды Майғазиев Instagram парақшасында.

Ол сондай-ақ құзырлы органдар жіті қадағалап, істің ақ-қарасын ажыратып беретінін айтты.

"Түлкінің қызылдығы өзіне сор" дегендей, "жасыл" аймақтағы жалғыз қала болған соң назарға ілінуіміз де заңдылық. Әйтпесе, (мен келгенге дейін де) мәдениетке бөлінетін жылдағы қаржы – осы", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында Наурыз мейрамындағы іс-шараларға 565 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінгені туралы ақпарат қызу талқыланды. Содан кейін әнші Сәкен Майғазиев Instagram парақшасында іс-шараға жұмсалған қаржыға қатысты жазба жариялады.

Сәкен Майғазиев: Жүзден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап таппадым 

"Естіп те, көріп те жүрмін. Бүкіл әлемнің байлығын беремін десе де, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгуге келіспес едім. (...) Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 19 мекеме атсалысқан 100-ден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын. Қала әкімі қолдап, орынбасарлары оңтайландырып, басқарма бекітіп, мәслихат мақұлдап, жұмыла жасалған жұмыс", - деп бастады Майғазиев.

Оның сөзінше, жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге 572 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалды.

Жаңалықтар
0