Қоғам

Ең сұлу әрі ақылды: 30 жастағы қазақ қызы Оңтүстік Кореяда жеңіске жетті

© Photo : Рixabay/jbundgaaБойжеткен, тәж, иллюстративті сурет
Бойжеткен, тәж, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2021
Жазылу
Қазылар алқасы қазақ қызының сұлулығымен қатар, ән шырқауы мен корей тілі білімін бағалады

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық модельдер байқауында қазақстандық Дана Қабылтаева жеңіске жетті.

Қазылар алқасы 30 жастағы Дана Қабылтаеваны сұлу әрі ақылды ару деп танып, 5 мың доллардан асатын сыйақы табыстады, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Дананы модельдер байқауына қатысуға құрбылары көндіріпті.

"Ұлтыңыз кім деп сұрайды. "Қазақ" деп жауап бергенде "осындай бет келбеті бола ма?" деп таңғалады. Яғни, бізде Еуропа мен Азияға тән нышандар араласып кеткен. Сондықтан оларға өте сұлу боп көрінетін шығармыз", - дейді қазақ қызы. 

Отандасымыз Кореяға төрт жыл бұрын алмасу бағдарламасы бойынша келген. Болашақ жұбайымен де осы елде танысыпты. Он ай бұрын тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді. Қазір ағылшын тілінен сабақ береді.

Қазылар алқасы қазақ қызының сұлулығымен қатар, ән шырқауы мен корей тілі білімін бағалады.

"Дана ханшайым сән көрсетілімдерінде ерекше жеңілдіктерге ие болады. Оны Кореядағы түрлі ток-шоу мен бағдарламаларға шақырады. Киноға түсіп, жарнама моделі болуына мүмкіндігі бар", - деді модель байқауын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ким Ин Бе.

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты байқауға өзге елдерден модельдер қатыса алған жоқ. Сондықтан подиумге Кореяда тұрып жатқан шетелдіктер шыққан.

Жаңалықтар
0