Тұрмыстық зорлық-зомбылық

BI Group құрылыс алаңында әйел зорланды: күдікті бостандықта жүр

1262
(Жаңартылды 14:59 30.03.2021)
Қосалқы мердігерлік ұйымның бұрынғы қызметкері болған жәбірленушіге құрылыс бригадасының жұмысшысы тап берген. Қыз әріптесіне хабарлама жіберіп үлгерген

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. BI Group құрылыс нысандарының бірінде бригадир жұмысшы әйелді екі сағат бойы ұрып-соғып зорлаған, деп хабарлады НеМолчиKz қоғамдық қорындағылар.

Қыз қосалқы мердігер "Миленбаев" жеке кәсіпкерлігінде, құрылыста жұмыс істеген. Лифтші әрі кілтші болған оған бояу тарату міндеті де кірген. Одан бояу алуға үнемі басқа қосалқы мердігерлік ұйым "BigBro Group" ЖШС-нің сырлаушылар бригадирі келіп тұрған.   

"Бұл бригадир жәбірленушіге бұдан бұрын да тиіскен, бірақ қыз жігіті бар екенін айтып, артық әңгімеден аулақ болуға тырысқан", - дейді қордағылар.

21 наурызда сағат 20.00 шамасында ер адам қызды жаңа жұмыс орны бар деп шақырады. Әңгімені ешкім естімеуі үшін қосалқы бөлмеге кіруін талап етеді. Сол жерде жаңа жұмыс туралы айта бастайды. Қыз ойланамын дейді. Осы уақытта оған кіреберісте күтіп тұрған жігіті қоңырау шалады. Шығатынын айтып есікке беттеген қызға бригадир тап береді.  

"Есікке қарай бет алған қызға тұра ұмтылып, оны тұншықтыра бастайды. Қыз құлаған кезде шашы шегеге ілініп қалады. Жәбірленуші қаскүнемге жалына бастаған" – дейді НеМолчиKz қорының өкілдері. 

Содан кейін ер адам қызға айқайлап, артқа жол жоқ екенін айтады. Оны басынан, бетінен ұрып, пышақпен қорқытады. Қызға жігіті қоңырау соғуын жалғастырады, алайда күдікті қызды телефонын өшіруге мәжбүрлеп, зорлайды.  

"Бұдан кейін ол қызға сыра ішкізіп, қорқытуын жалғастырады, ұрып-соғып, оған мойынсұнуын талап етеді. Бұл шамамен 21.30 дейін созылады. Ер адам екінші мәрте жыныстық қатынасқа түскісі келеді. Қыз жылап ең болмағанда музыка қосуды сұрайды. Ол жыламайтынына уәде беріп телефонды қолына алады. Осы уақыт аралығында ол түнгі ауысыммен жұмыс істейтін әріптесіне зорланып жатқаны туралы хабарлама жіберіп үлгереді", - делінген ақпаратта.

Жұмысшы қызды күзетшілердің көмегімен тауып, полиция шақырады. Күдікті қамауға алынады. Алайда үш күннен кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылады. "Миленбаев" жеке кәсіпкерлігінің басшысы қызға қысым жасап, арызын айтарып алуы үшін ақша ұсынады. Наурыздан кейін қыз өзінің жұмыстан шығарылғанын, оның орнына басқа адамды шақырып қойғанын біледі. Ол бұйрық пен жұмыстан шығару негізін талап еткенде қосалқы мердігерлік ұйым болғандықтан ондағылар ресми жұмыс істемейтінін алға тартады.  

Болған оқиғаға байланысты "НеМолчиKZ" қоры BI Group басшысы Айдын Рахымбаевқа жүгінеді.

"Мүмкін Сіз мекемеңізде ауыр қылмыс жасалғанын білмейтін шығарсыз, сондықтан біз сізден жағдайды қатаң бақылауға алуыңызды сұраймыз. Жәбірленушіге қолдау көрсетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуіңізді, басшылық қысымынан аластатуды және арызды қайтарып алуды талап етуді тоқтатуыңызды өтінеміз. Сондай-ақ жыныстық зорлық-зомбылықтан және жынысына байланысты кез келген кемсітушіліктен әйелдердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін жұмысшыларға арналған этикалық кодекс енгізуіңізді сұраймыз", - делінген қор қызметкерлерінің компания басшысына арналған жазбасында.     

Олар Айдын Рахымбаевқа жұмыс орнында жыныстық қысымға қарсы науқанды бастаған алғашқы басшы болуға шақырды.

Компания қылмысты ашуға күш салынып жатқанын хабарлады. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, құқық қорғау органдарымен бірге істің мән-жайын анықтау үшін жедел топ құрылған.       

1262
Кілт сөздер:
қылмыс, зорлау
Тақырып бойынша
Шығыс Қазақстанда зорлау ісіне күдікті адам балконнан құлап мерт болды
Мүгедек қызды зорлау ісі: Шымкент әкімдігі тексерістің нәтижесін жариялады
Сәтбаевтағы қыз зорлау оқиғасы: тергеу изоляторының басшылығы жазаға тартылды
BI Group басшысы миллиардтап қаржы жымқыру ісіне қатысты түсініктеме берді
Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшылары Тоқаевты құттықтап жатыр

921
Олар мемлекет басшысына зор денсаулық және бақыт тіледі, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.

"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.

Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.

Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы

Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.

921
Кілт сөздер:
Рамазан-2021, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Ақордада өткен кездесуде қырғыз президенті Тоқаевты таңғалдырды  
Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктегі ауыс-түйіс туралы айтты
Тоқаев жұмысын дұрыс атқармаған басшыны қызметінен босатуды бұйырды
Тоқаев кейбір салаларға қосымша қаражат бөлуді тапсырды
Прокуратура қызметкерінің формасы, архивтегі сурет

Жамбыл облысында прокуратура қызметкері ұсталды

726
Аудандық прокуратура қызметкеріне ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды, тергеу жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында Байзақ ауданы прокуратурасының қызметкері пара үшін ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Күдіктіні ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы  департаменті де қатысқан. Прокуратура қызметкері 16 сәуірде ұсталды.

"Ол қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. Іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

726
Кілт сөздер:
прокуратура, Жамбыл облысы
Тақырып бойынша
Мемлекетке 500 миллион теңге шығын келтірген қылмыстық топ ұсталды – видео
Петропавлда пара алып, тегін баспана ұсынған шенеунік ұсталды
Павлодарда "Жұмабектің бажасы" ұсталды – видео
Қостанайда 44 адамның атынан кредит алған алаяқ ұсталды
Қар, архивтегі сурет

Қар және жаңбыр: синоптиктер ертең ауа райы қандай болатынын айтты

0
Қазақстанның басым аумағында атмосфералық ауа ағымдарының әсерінен жаңбыр жауып, жел күшейеді

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Ертең, 18 сәуірде елдің басым аумағында ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде жаңбыр жауады, түнгі уақытта солтүстікте қар аралас жаңбыр болжануда. Кейбір облыстарда тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстік-шығыста, батыста және солтүстік-батыста найзағай ойнайды, деп хабарлайды Қазгидромет.

Өңірлердегі ауа райы

Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, таңертең және күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады.

Жамбыл облысында, күндіз Алматы облысында найзағай ойнайды, жел 15-20 м/c дейін күшейеді.

Қостанай облысында кей жерлерде найзағай ойнайды, дауыл тұрады, тұман түседі, күндіз желдің жылдамдығы 15-20, екпіні секундына 25 метрге дейін барады.

Тағы оқыңыз: Биыл жаз қандай болады – синоптиктер болжам жасады

Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерді тұман басады, күндіз желдің екпіні 23-28 м/c дейін жетеді.

Шығыс Қазақстан, күндіз Павлодар, Қарағанды, Қызылорда облыстарында жел 15-20 м/c дейін күшейеді, Қарағанды облысында кей жерлерде – тұман.

Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, түнде және таңертең Атырау облысында кей жерлерді тұман басады. Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде найзағай жарқылдайды.

Мегаполистерде ауа райы қандай болады

Нұр-Сұлтанда 18 сәуірде күн ашық, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы күндіз 18 градусқа дейін көтеріледі, түнде – плюс бір градус. Жел жоқ.

Алматыда көшпелі бұлт шығады, оқта-текте жаңбыр жауады. Күндіз сынап бағанасы плюс 19 градус, түнде плюс 8 градусты көрсетеді.

Шымкентте де күн ашық. Күндіз – плюс 22, түнде – плюс 11 градус.

0
Кілт сөздер:
ауа райы болжамы, Қазгидромет
Тақырып бойынша
Көктемде 276 елді мекенді су басуы мүмкін – ТЖ министрі
Қар аралас жаңбыр: Қазақстанның барлық дерлік өңірінде дабылды ескерту жарияланды