НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз — Sputnik. Алматыда "Халық Арена" стадионының базасында орналасқан госпиталь қайта іске қосылды. Ол жаққа коронавирус жұқтырған жағдайы орташа деңгейдегі науқастар жеткізіліп жатыр.
"Мегаполис тұрғындары арасында инфекцияның таралуымен күрес жүргізу аясында осындай шешім қабылданды. Спорт кешенінде мың орын жасақталды", - деді Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы.
Басқарманың хабарлауынша, коронавирус жұқтырған науқастарға тиісті медициналық көмек көрсету үшін аталған госпиталь о баста заманауи аппараттармен жабдықталған және жатын орындар науқастарды емдеуге қойылатын барлық талаптарға сәйкес келеді.
Бұған дейін әкімдік Алматыда қай ауруханалар коронавируске қарсы күрес жүргізетін госпитальге қайта бейімделетіні және жалпы қанша жатын орын жабдықталатыны туралы ақпарат ұсынды.
Жалпы саны 7 011 жатын орын қарастырылса, қазір бес мың орынға науқастар орналастырылған. Барлық инфекциялық жатын орындар материалды-техникалық жабдықталу мен кадрлардың дайындығына қарай үш эшелонға сұрыпталған: 1 эшелон – 2 480 орын, 2 эшелон – 890 орын, 3 эшелон – 1 630 орын.
"Халық Аренадағы" госпитальден бөлек ҚР қорғаныс министрлігі госпиталі мен ішкі істер министрлігі госпиталінде тағы 2 011 жатын орын қарастырылған.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.
Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында Байзақ ауданы прокуратурасының қызметкері пара үшін ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Күдіктіні ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаменті де қатысқан. Прокуратура қызметкері 16 сәуірде ұсталды."Ол қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. Іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.