НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр", -деді Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөніндегі жиында.
Оған қоса, айтуынша, қазақстандықтар және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда.
"Дегенмен көптеген сарапшының айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар", - деді президент.
Тоқаев ақпаннан бері елге ПТР-анықтамасыз ұшып келетін жолаушылар саны екі есеге артқанын атап өтті. Егер 2020 жылдың қарагасында олардың үлесі 7,3%-і құраса, қазір 27%-ке жеткен.
Оқи отырыңыз: Тоқаев министр Цойға бір ай уақыт берді
"Салдарынан елде жұғу қаупі жоғары үш мутацияланған штаммның бар екені расталды. Аурудың таралуымен қатар ауыр және өте ауыр хәлдегі науқастар саны, сондай-ақ, өлім-жітім көрсеткіші ұлғаюда. Мұнымен қоса, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың, жабдықтардың жетіспеушілі байқалады. Орташа алғанда жансақтау бөлімдері 64%-ке ғана жасақталған. Денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс салмақ түсуі мүмкін. Осыған байланысты үкімет пен өңір әкімдеріне жансақтау бөлімдерін жасақтауға қатысты шаралар қабылдауды және бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларының жеке жауапкершілігін бекітуді тапсырамын", - деді президент.
Тоқаев жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғаныс құралдарының сапасы төмен екенін немесе тапшылығы байқалатынын жеткізді.
"Біз "СК-Фармация" басшылығын ауыстырдық. Жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт дәл қазір туып тұр. Әйтпесе, жұмыстан шығаруға тура келеді. Денсаулық сақтау министрлігіне дәрігерлерді жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етуді және сапасын қатаң бақылауды тапсырамын", - деді ол.
Бұған қоса, мемлекет басшысы адамдарды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды.
Тоқаевтың айтуынша, халықтың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуге байланысты.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында Байзақ ауданы прокуратурасының қызметкері пара үшін ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Күдіктіні ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаменті де қатысқан. Прокуратура қызметкері 16 сәуірде ұсталды."Ол қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. Іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір — Sputnik. Қазақстанда 8 өңір коронавирустың "қызыл" аймағында тұр, деп хабарлады COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия.
17 сәуірдегі жағдай бойынша республика өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы жарияланды.
"Қызыл" аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары.
"Сары" аймақта: Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары.
"Жасыл" аймақта: Қостанай және Түркістан облыстары.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейді
Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 2 822 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында науқастар саны 600-ден асты.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Ақмола облысы Шортанды ауданында карьерлердің біріне жақын маңда жүк көлігі еріген қар суына толған жол жиегіне аударылды. Рөлде отырған 27 жастағы ер адам қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрдан бірнеше ер адам техниканың көмегімен жол жиегінде батып қалған жүк көлігін шығаруға тырысып жатқанын көруге болады. Машина бірнеше секундқа жолға шығады, алайда кейін батпақ пен қар суына толған шұңқырға құлайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шортанды ауданының әкімдігі трагедия 16 наурыз күндіз үштер шамасында Бектау ауылдық округіне жетпей, Шортанды-Жолымбет жолының учаскесінде болғанын нақтылады.
"Шансиман" көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмады. Машина алдымен қара жолдың жиегіне аударылды. Кейін оны бульдозермен шығармақ болғанда, еріген қар суына толған шұңқырға батып кетті, жүргізуші қаза болды", - деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жүк көлігі "Гранит +" ЖШС карьеріне қиыршақ тас алу үшін барған. Шыға берерде жол апаты болды. Карьер жұмысшылары көлікті шығарып, жүргізушіні құтқаруға тырысты.
Тағы оқыңыз: Ақмола облысында екі бала шөп тиелген трактордың астына түсті
Көз жұмған ер адам – 1994 жылғы Мақсат Данияров, Қызылорда облысының тумасы. Полиция марқұмның денесін Нұр-Сұлтанға сараптамаға жіберді.
Бектау ауылдық округінің әкімдігі мерт болған жігіт аталған жүк көлігінің жүргізушісі емес екенін мәлімдеді. Жүк көлігі аударылғаннан кейін, марқұм рөлге отырып, көлікті алып шықпақшы болған, алайда өзі көз жұмды.
Аудандық әкімдіктің ақпаратынша, жүргізуші – 1981 жылғы Абылайхан Мұхамеджанов. Елордада тұрады.
"Шансиман" автокөлігі елордалық "Альстрой Транс Групп" фирмасына тиесілі.
Sputnik Қазақстан түсініктеме үшін Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты.