Қоғам

Тоқаев неге қазақстандық БАҚ-қа сұхбат бермейді

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2021
Жазылу
Берік Уәли мемлекет басшысының өзі әлеуметтік желілерде өзі қадағалап, өзі жазып, халыққа өзі ұсынып отыратынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев неге отандық БАҚ-қа сұхбат бермейді деген сауалға жауап берді.

Бұл туралы ол "Хабар 24" телеарнасының "Сұхбат" бағдарламасында айтты.

"Мен президент отандық БАҚ-қа сұхбат бермейді дегенге келіспеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, ол "Ана тілі" газетіне, "Егемен Қазақстан" газетіне, отандық мерзімді басылымдарға сұхбат беріп жүр. Жалпы мемлекет басшысын көп адамдар сұхбатқа келген кезде дұрыс түсінбей жатады. Президент көп сұхбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі, істің адамы десек болады. Көп жағдайда сөзден гөрі көбірек іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалайды", – деді Берік Уәли.

Осы орайда Уәли көрші Қытай елінің төрағасын мысалға келтірді.

"Шығыстағы көршіміз Қытайдың төрағасы Си Цзиньпин мырза былтыр коронавирус өршіп, ошағы Қытайда пайда болған кезде, бір жылдың ішінде халықтың алдына екі-ақ рет шыққан шығар. Ол бір рет халық алдына шығып, індетпен қалай күресіп жатқанын, Қытайдың ұстанымын айтты, болды. Қайта-қайта жылтыңдап, сұқбат беріп, журналистер алдына шыққанын көрген жоқпыз. Әлі де олай емес", – деді ол.

Айтуынша, халық президентті көбінесе Ресей, Еуропа елдерінің мемлекет басшыларымен салыстырады. Десе де Уәли Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел екенін, өз жолы болуы керек екенін атап өтті.

"Баспасөз хатшысы ретінде өз ойым – мемлекет басшысы сұхбат бергеннен гөрі облыс әкімдерінен, салалық министрлер мен агенттік басшыларынан жұмысты көбірек талап етуі керек деп ойлаймын. Ал енді әр нәрсеге президентті араластыра берсек, президенттің басқа да жұмыстары бар. Шенеуніктердің атқарып жатқан жұмысын қадағаласа, халыққа сол тиімді болады деп ойлаймын", – деді Уәли.

Айтуынша, Тоқаев алдағы уақытта телеарнаға сұхбат беруді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: "Президентке қауіп төніп тұрған жоқ": Берік Уәли жайсыз жаңалық жариялады

Сондай-ақ президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілерде өзі отыра ма деген сұраққа да жауап берді.

"Әрине, өзі бақылайды, өзі жүргізеді. Бізде елдің арасында кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желісін көмекшілері, болмаса баспасөз қызметі жүргізеді деген қасаң пікір бар. Жоқ, мемлекет басшысы кез келген твитті өзі қадағалап, өзі жазып, халыққа өзі ұсынып отыр десек, еш қателеспейміз", – деді баспасөз хатшысы.

Жаңалықтар
0