НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник-V" вакцинасын салдырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Оның айтуынша, президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.
"Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеудің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді", - деп жазды Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғанын, бұл өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін салдырмаса не болады?
Бұған дейін президент үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.
Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында Байзақ ауданы прокуратурасының қызметкері пара үшін ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Күдіктіні ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаменті де қатысқан. Прокуратура қызметкері 16 сәуірде ұсталды."Ол қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. Іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.