НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге алғыс білдірді. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында жазды.
Мемлекет басшысы 7 сәуірде Дүниежүзідік денсаулық күні екенін еске салды.
"Қазіргідей қиын кезеңде денсаулық сақтау саласының тиімді жұмысы адамзат өмірінде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пандемияның алғашқы күнінен бастап медицина қызметкерлері адам өміріне араша түсіп, корнавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр", - деп жазды президент.
Тоқаев қолжетімді және сапалы медицина жүйесі жалпыұлттық басымдық екеніне назар аударды.
"2020 жылдан бастап медицина саласын қаржыландыру 1,5 есеге көбейді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жанкешті еңбегі үшін дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін", - деп жазды президент.
Оқи отырыңыз: Тоқаев кредит төлеу мерзімін кейінге қалдыруды тапсырды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты дайындаған "Спутник V" вакцинасын салдырды.
1950 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын 7 сәуірде аталып өтеді. Биыл бұл мереке пандемия кезінде сапалы медицияналық көмек алу кезіндегі тең мүмкіндіктер проблемасына арналған.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.
Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады.
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41 пайызында, жан сақтау бөлімдердің – 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.
Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі
Премьер-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал "СҚ-Фармация" қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар.
Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады.
Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде Оразаның ұйымдастырылу ерекшеліктері, жасап жатқан қайырымдылық шаралары жайында мәлімет берілді. Сонымен қатар елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғаны туралы айтылды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бүкіл әлем бастан өткеріп отырған пандемия кезінде жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти президентті Рамазан айының алғашқы күнімен құттықтап, "Муфтият" баспасынан жақында жарық көрген "Тәпсірлердің таңдаулысы" атты Құран тәпсірлерінің қазақ және орыс тілдеріндегі 8 томдық аудармасын табыстады.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысына биылғы І тоқсандағы еліміздің экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары, Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының іске асырылуы туралы есеп берілді.Президентке экономиканың нақты секторындағы ахуал және жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар жөнінде баяндалды. Әсет Ерғалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ортамерзімді перспективадағы экономиканың сапалы әрі орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар министр шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі президент тапсырмасының орындалуы туралы баяндады.
Кездесу барысында макроэкономикалық тұрақтылықты және өңірлік дамудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға баса мән берілді.
Кездесу соңында мемлекет басшысы министрге бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, өңірлік саясатты жетілдіруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.