НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Ақтөбеде ірі қаржы пирамида ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты. Unnnity Corporation атты күдікті компания құрған азамат 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бес жыл бұрын ақша табудың оңай жолы туралы жарнамаға жүздеген қазақстандық сеніп қалды. Ақтөбенің 31 жастағы тұрғыны бірден байып кетуге мүмкіндік беретін Appport атты мобильді қосымша ойлап тапқанын айтқан, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жүйеге кіру үшін 350 мың теңгеге дейін ақша салып, адамдарды көптеп тарту қажет болған. Неғұрлым адам көп жиналса, сыйақы көлемі де соғұрлым көп болады деген. Нәтижесінде 3 000 адам алаяқтардың құрбанына айналды.
Оқи отырыңыз: "14 мың сал да, 114 мың ал": сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты
Басым көпшілігі табысымызды көбейтеміз деген ниетпен несие де алған. Бірақ пайда табудың орнына олар санын соғып қалды.
Жалпы шығын мөлшері бір миллиард теңгеден астам соманы құрады. Қаржы пирамидасын құрған Жақсыбаев 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның көмекшісіне 5,5 жыл жаза қарастырылды. Қалған сегіз сыбайласы бес жылға сотталды.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.
Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында Байзақ ауданы прокуратурасының қызметкері пара үшін ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Күдіктіні ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаменті де қатысқан. Прокуратура қызметкері 16 сәуірде ұсталды."Ол қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. Іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.