Қоғам

Ғарыш саябағы және автожарыс: Kazakh Tourism Байқоңыр қаласын дамытуды ұсынды

© Sputnik / Абзал КалиевБайқоңырдағы "Союз" ракетасының макеті
Байқоңырдағы Союз ракетасының макеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2021
Жазылу
Ұлттық компания басшысы Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағында туристердің отбасымен 3-4 күн демалуы үшін ыңғайлы инфрақұрылым қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. 2025 жылға қарай Байқоңыр қаласы мен мұндағы ғарыш айлағына жылына 250 мыңға дейін турист тарту жоспарлануда. Бұл тарихи мекеннің әлеуеті жоғары: мұнда ғарыш саябағын салып, туристік пойыз жүргізуге және автожарыстар ұйымдастыруға болады. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан-ға Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев мәлімдеді.

Туристер отбасымен демалысқа келуі керек

"Байқоңыр" туристік аймағы 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша келешегі зор он бағыттың ішіне кірді.

"Қала мен ғарыш айлағының аумағына келген қонақтар орналасатын орындар тапшы екенін жақсы түсінеміз. Барлығы жеті қонақ үй болса, оның бесеуі қалада, екеуі ғарыш айлағының аумағында орналасқан. Жалпы саны 550 жатын орын бар. Бұл өте аз", – дейді Ержан Еркінбаев.

Kazakh Tourism қонақ үйлердің құрылысына инвесторлар тартуды көздеп отыр. Оның айтуынша, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағына туристердің отбасымен 3-4 күн демалысқа келуіне қолайлы инфрақұрылым қажет.

© Sputnik / Абзал КалиевKazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев
Ғарыш саябағы және автожарыс: Kazakh Tourism Байқоңыр қаласын дамытуды ұсынды - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2021
Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев

"Ғарыш айлағындағы алаңдар өзара дамыған теміржол жүйесімен байланысып тұр. Қазір бұл темір жол сервистік, қызмет көрсетуші, техникалық мақсатта ғана қолданылып жүр. Қосымша вагондар сатып алу арқылы алаңдар арасында туристік пойыз жүргізуге болады. Сол вагондардан зымыранның ұшуын көруге болады. Маневрлі тепловоз туристер үшін нағыз қолайлы жылдамдықта жүре алады", – деді Еркінбаев.

Бақылап-өткізуді жеңілдету ұсынылды

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы бақылау-өткізу орындарындағы кей рәсімдерді цифрландыруға болатынын айтты.

"Біз ресейлік тарапты бұл процсті бірлесіп қарастыруға шақырдық. Әрине, технологиялық процестер мен қауіпсіздікті елеусіз қалдыруға болмайды. Бірақ кей процестерді жылдамдату қажет деп ойлаймын. Ол үшін барлық техникалық қауіпсіздікті ескере отырып, цифрландыруды енгізу керек", – деді Еркінбаев.

Оның пікірінше, Байқоңыр туристерге арналған музей емес, ол ең алдымен ғарыш айлағы екенін естен шығармау керек.

"Оны жалпыға қолжетімді орынға айналдыруға болмайды. Бірақ ақылға қонымды шаралар, жоспарлар және ең бастысы туризмнің дамуы үшін бұл процестерді жеңілдетуге бағытталған екі ел арасындағы диалог бар", – деп атап өтті басқарма төрағасы.

Байқоңырда ғарыш саябағы пайда болады

Еркінбаев серіктестермен бірлесіп ғарыш айлағын дамыту жоспары әзірленгенін айтты. Ол ғарыш айлағы музейінің аумағына орналастырылады.

"Алдын ала есеп бойынша аумағы 50 гектар шамасында. Онда жабық ғарыш музейі мен ашық аспан астындағы музей орналасады. Оған заманауи аттракциондар, цифрлық, компьютерлік шешімдер, күмбезді кинотетар мен  басқа да нысандар салынады. Бұл туристерді тартуға ықпал етеді", – деді ол.

Kazakh Tourism басшысы атап өткендей, басқа елдердегі ғарыш айлақтары елге бір жарым миллион туристі тартып, экономикаға 300 миллион долларға дейін табыс кіргізіп отыр.

Аэродромда автожарыс өткізу мүмкін бе?

Еркінбаев Юбилейный аэродромын туризм дамыту бойынша әлеуеті жоғары орын деп санайды.

"Юбилейный аэродромы ғарыш айлағының функционалынан шығарылған. Бірақ ол жақта аумағы үлкен ұшу-қону жолағы бар. "Буран" ғарыш кемесі осы орынға қонған болатын. Бұл орынды жоғалтуға болмайды. Оны "Формула-1" секілді автожарыстар өткізу үшін пайдалануға болады. Егер стратегиялық серіктес пен трансұлттық компаниялар қызығушылық танытса, онда әлемдік деңгейде туристер тарту 50%-ке қамтамасыз етіледі. Бұл ғарыш айлағындағы бір ғана элемент көрсеткіші", – деді ол.

Алайда, Еркінбаев осы аталған шаруалардың барлығы тек жоспар екенін еске салды. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.

"Нұр-Сұлтанға қайтқаннан кейін Red Bull, Burning Man секілді әлемдік фестивальдердің авторлары саналатын әлемдік брендтермен байланысатын боламыз", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Байқоңыр" ғарыш айлағы: жұлдыздар әлеміне апарар жол – фото

Сондай-ақ, Еркінбаев Байқоңырға өз балаларын алып келуді армандайтынын айтты.

"Мұнда адамның ой-санасы өзгереді. Адамның мүмкіндіктеріне басқаша көзқараспен қарай бастайсың", – деді ол.

Ол ғарыш айлағы өзінің тартымдылығын жоғалтпауы үшін Байқоңырда зымырандарды ұшыру жүйесі қарқынды дамуы керек екенін атап өтті.

Жаңалықтар
0