Вакцина

QazVac пен "Спутникті" бір айда салдырса не болады

2087
Мирас Дәуленовтың айтуынша, QazVac пен "Спутник V" екі бөлек әдіспен жасалған. Ресейлік өнім векторлық, қазақстандық вакцина инактивті екпе болып саналады

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір — Sputnik. Қазақстандық мамандар коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінен кейін басқа өндірушінің екпесін салдырудың қандай пайдасы немесе зияны бар екенін әзірге ешкім білмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Спутник V" вакцинасын салдыруы қоғамда қызу талқыланғанын еске алып, осы жағдайға қатысты сұрақ қойды.

"Біздің президентімізге "Спутник V" вакцинасының бірінші дозасы салынды. 21 күннен кейін екінші компонентін егу керек. Сол кезде қазақстандық екпе салынса, мемлекет басшысының денсаулығына қауіп төнбей ме? Жалпы, олай істеуге бола ма?", - деп сұрады тілшілер.

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, "Спутник V" мен "QazVac" екі бөлек әдіспен жасалған. Ресейлік өнім векторлық екпе болса, қазақстандық вакцина инактивті әдіспен жасалған. Бірақ екеуін араластырып егуге бола ма, жоқ па, ол жағын ешкім білмейді. Ондай зерттеу жасалмаған.

"Екеуін араластырып егу мәселесін ешкім зерттемеген. Одан пайда бола ма? Жоқ, әлде зияны көп пе? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемде екі вакцинаны араластыруға қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Жалпы, вакцинаның әсер ету мерзімінен кейін басқа екпені алуға болады. Мәселен, тұмауға қарсы вакцинаны алайық, биыл біреуін салсаңыз, келесі жылы басқа өндірушінің екпесін қабылдауға болады", - деді Дәуленов.

Оқи отырыңыз: Тоқаев коронавирусқа қарсы вакцина салдырды  

Ал биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья бір жылда екі түрлі екпені алуға болатынын жеткізді.

"Мысалы, біз бір жылда тұмауға қарсы екпені екі рет салдырамыз. Сол кезде емхана қызметкерлерінен вакцинаның өндірушісін және сапасын ешкім сұрамайды. Бар вакцинаны салдырамыз ғой. Сондықтан бір инфекцияға қарсы екі бөлек вакцинаны салу жағынан ешқандай шектеу жоқ. Әрине, алдымен дәрігерлердің кеңесін алған жөн", - деді Закарья орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Айта кетейік, 6 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник-V" вакцинасын салдырды. Осыдан кейін қоғам ішінде президенттің шешімі қызу талқыға салынды. Себебі бас кезінде ол қазақстандық вакцина салдырамын деген. Бірақ оны күтпей, "Спутник-V"-дің бірінші компонентін қабылдады. Үш аптадан кейін екпенің екінші дозасы салынады. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, келесі жолы мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті.

Бүгінде "QazVac"-тың алғашқы партиясы дайын. Көлемі – 50 мың доза. Жоспар бойынша сәуірдің соңында отандық вакцина республика бойынша таратылады. Артынан оны Түркия кәсіпорындарында көптеп шығару жоспарланып отыр. Күзге қарай Жамбыл облысында арнайы зауыт ашылады.

2087
Кілт сөздер:
вакцина, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (324)
Тақырып бойынша
Қазақстандық вакцина халыққа қашан егілетіні белгілі болды
Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі
Мамин президентке ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынатынын айтты
Дәрігер коронавирусқа қарсы вакцинаның қандай жанама әсері болатынын айтты
Архивтегі фото

Жоғары балл жинаған 19 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды

2
ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін, 19 талапкердің шпаргалка қолданғаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. 19 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлердің бейнежазбасын тексереді.

Биыл ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін, 19 талапкердің шпаргалка қолданғаны және ережені бұзғаны анықталды. Осыған байланысты олардың нәтижесі жойылды.

"Түлектеріміз өз біліміне ғана сенуі үшін осындай мұқият тексеріс жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижесін жоюға шешім қабылдады", – деп атап өтті БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.

Оның айтуынша, енді олар білім гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ мұндай әрекет балалар тарапынан жасалғаны ескеріліп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі.

"Бейнежазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер, тіпті берілген гранттардың да күші жойылады", – деп түйіндеді Дидарбекова.

Оқи отырыңыз: Биылғы ҰБТ-да бір түлек қана ең жоғары ұпай жинады 

Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері өткен жылдағыдай, 145 мың талапкердің бейнежазбасын қарап шығады.  

Өткен жылы бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген болатын. ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижесі жойылды. Олардың 91-і білім грантынан айырылды.

2
Ақорда, архивтегі фото

Тоқаев ішкі істер министріне карантиндік шараларға қатысты тапсырма берді

23
Жыл басынан бері 50 жалған вакциналау паспортын және 60 жалған ПТР-анықтамасын жасау бойынша 110 қылмыстық іс қозғалды

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрін қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.      

Ерлан Тұрғымбаев мемлекет басшысына елдегі криминогендік ахуал туралы баяндап берді. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының жұмысы бойынша есеп берді.  

Министрдің айтуынша, бүгінде қылмысты ашу көрсеткіштері жақсарып отыр. Соның нәтижесінде кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқық бұзушылықтардың саны азайды.

"Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылады. Алайда интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар көбейген. Бұған пандемия кезіндегі онлайн-қызметтердің өсуі ықпал етті", - дейді Тұрғымбаев.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысына жалған вакциналау паспорттарын таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шараларға қатысты ақпарат берілді. Жыл басынан бері 50 жалған вакциналау паспортын және 60 жалған ПТР-анықтамасын жасау бойынша 110 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, Тұрғымбаев жеке құрамның 96 проценті екпе алғанын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, карантиндік шараларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

23