Жер, монета, иллюстративті сурет

"Өзінің "ставкасы" бар": заңгер жердің қалай таратылатынын ашық айтты

876
Заңгердің айтуынша, жерді тарататын комиссиялардың тең жартысы қоғам өкілдерінен құралса да, сыбайлас жемқорлық әлі тыйылмай тұр, керісінше, көбейіп кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір — Sputnik. Бүгінде ауылға барсаң, "анау пәленшенің жері, мынау пәленшенің жері" деген әңгімелерді жиі естисің. Әкімнің аты да аталып жатады. Ол болмаса да, туған-туыстарын, я болмаса, таныс-тамырластарын айтады. Иә, соның бәрі бәзбіреулердің әдейі таратқан қаңқу сөзі де болуы мүмкін. Бірақ жергілікті жерде әкімсіз ештеңе шешілмейді. Ол – факт. Ал "жел тұрамаса, шөптің басы қозғалмайды". Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген жер қатынастары бойынша кәсіби заңгер, қазір жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Бақытжан Базарбек осы саладағы заң бұзушылықтар туралы айтып берді. Жерді тарату "схемасын" да түсіндірді.

"Қоғам өкілдерінен" пайда жоқ

Бүгінде жер әкімдік жанынан құрылатын комиссиялар арқылы таратылады. Оны бәрі біледі. Бірақ осы комиссиялардың ішкі "кухнясын" көбісі біле бермейді. Бұрын құрамында шенеуніктер көп болды. Содан сыбайлас жемқорлық тыйылмай отырған. Ал 2018 жылдан бастап комиссиялардың тең жартысы қоғам өкілдерінен тұрады. Бірақ жемқорлық әрекеттері азайған жоқ, керісінше, көбейіп кетті.

"Қоғам өкілдері" деген кімдер? Алдымен мәслихат депутаттары, одан кейін "Атамекен" палатасының өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, шаруа қожалықтарының иелері, жергілікті қоғамдық кеңес өкілдері. Міне, 2018 жылдан бастап осы адамдар жер комиссияларының мүшесі бола алады. Жағдай түзеледі деген үміт болған. Бірақ тексерістің нәтижесінде сыбайлас жемқорлықтың азаймағаны анықталды, керісінше, көбейіп кетті. Осылайша, шенеуніктердің жұмысын бақылап тұрсын деп кіргізген "қоғам өкілдеріміз" заңсыз шешімдерге тосқауыл қоюдың орнына өздері сол заңсыз шешімдерге себепкер болды", - дейді Базарбек.

Оның айтуынша, кейбір аудандарда "қоғам өкілдері" 100-500, тіпті, 1 000 гектар жер рәсімдеп алған. Сөйтіп, комиссияның құрамында отырып, өз-өзіне дауыс берген.

"Енді, комиссияның құрамы бір жыл бойы өзгермейді ғой. Оған 13 немесе 11 адам кіреді. Олар бір-бірін жақсы біледі. Жартысы – шенеуніктер, қалғаны – қоғам өкілдері. Содан біреу жер алғысы келсе, оған ешкім бөгет жасамайды. Өйткені ертең басқасы алады, оған да дауыс керек болады. Сөйтіп, бір-біріне дауыс беріп, заңсыз шешім шығарып отырады. Ал мемлекет меншігіне жататын жерлер комиссия мүшелері мен олардың туған-туысқандарының қолына өтіп отырады", - деп атап өтті заңгер.

Жауапкершіліктен қорықпаудың себебі бар...

Заң бойынша комиссияға кіретін шенеунік өзіне немесе туысқанына жер алса, жауапкершілікке тартылады. Бірақ ондайда сөгіс немесе қатаң сөгіс сияқты тәртіптік жаза ғана қарастырылған. Ал "қоғам өкілін" жауапқа тарту мүмкін емес.

"Себебі ол мемлекеттік қызметкер емес. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңмен де, мемлекеттік қызмет туралы заңмен де қудалай алмайсың. Содан олар жаппай жер алуға қорықпайды. Өзіне, туысқанына, әкесіне, шешесіне, іні-қарындасына рәсімдей береді", - дейді Базарбек.

Тағы оқыңыз: Министр шетелдіктерге берілген жердің көлемін жариялады

Оның айтуынша, әкімдер де жауапкершіліктен қорықпайды. Себебі жазадан құтылып кететінін жақсы біледі.

"Мысалы, жерді заңсыз беру немесе нысаналы мақсатын ауыстыру бойынша қылмыстық іс қозғалса, әкім жер комиссиясына сілтей салады. Иә, мен қаулы қабылдадым, бірақ оған комиссияның қорытындысы бойынша қол қойдым, сондықтан алдымен жер комиссиясын жауапқа тартыңыз дей салады. Ал жер комиссиясында бір адам емес, 13-15 мүшесін қалайша жауапқа тартасың? Комиссия төрағасы – әкімнің орынбасарын да жазалау қиын. Өйткені бір ғана дауысы бар", - деді Базарбек.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде жер комиссияларының әрбір мүшесін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі Қылмыстық кодексте ондай жауапкершілік көрсетілмеген. Содан тергеуші ары жүгіреді, бері жүгіреді, кімді жауапқа тартатынын білмей, қылмыстық істі жауып тастауға мәжбүр болады. Осылайша, республика бойынша жүздеген қылмыстық іс тоқтатылады. Шенеуніктер мұны жақсы біледі. Бүгінде жер таратудың "ставкасын" да енгізіп қойған. 

"Мысалы, бір клиент келеді де, маған жер керек немесе жердің нысаналы мақсатын ауыстыру қажет дейді. Әкімнің делдалдары ақшаны алады. Ал әкім комиссияға тапсырма береді. Өйткені комиссия төрағасы өзінің орынбасары, басқалары да орындаушы қызметін атқарады. Әр аумақта өзінің "ставкалары" бар. Енді, барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ сыбайлас жемқорлықтың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды", -  деді Базарбек.

Комиссиялар толығымен таратылады

Жер реформасы жөніндегі комиссия осы мәселені жан-жақты зерделеп, жергілікті комиссияларды толығымен таратып тастау қажет деген шешімге келді. Цифрландыру аясында бір ғана жауапты адам болады. Ол - әкім.

"Әкім тиісті қаулы қабылдайды. Оған дейін электронды акті барлық уәкілетті органның қарауынан өтеді. Әкім де бәрін электронды форматта жасайды. Осының арқасында жерді беру мерзімі қысқарады. Бұрын екі ай болса, қазір 17 күн, ал цифрландыру аясында одан да жылдам жасалады. Екіншіден, жерге өтініш берген адам шенеуніктердің алдына бармайды, әкімдіктің табалдырығын тоздырмайды. Бәрін үйде отырып, жасай береді", - деп жалғастырды Базарбек.

Тағы оқыңыз: Шетелдіктерге жерді сатуға тыйым салатын заң жобасы сенатқа жолданды

Ендігі кезекте осы шешімді заңды түрде бекітіп, іске асыру қажет. Алдағы уақытта арнайы заң жобасы аясында тиісті түзетулер енгізіледі деген жоспар бар.

"Бүгінде жер комиссиясының мүшелері осы бастаманы қолдады. Комиссиялар әзірше істей тұрады. Себебі ақпараттық жүйелерді ретке келтіру керек. Сосын ауыл шаруашылығы жерлерін беруді тоқтатпау қажет. Ал 2023 жылдан бастап жер комиссиялары толығымен таратылады. Әкім де жауапкершіліктен қаша алмайды. Өйткені жалғыз өзі қабылдаған қаулысына жауап береді",  - деді заңгер.

10 сотық жерді тездетіп таратуға болады

Бақытжан Базарбек қазақстандықтарға 10 сотық жерді таратудың тың әдісін ұсынып отыр. Әйтпесе, қазіргі кезектің жылжитын түрі жоқ. Мәселен, республика бойынша жеке үйін салуға ниетті 1,5 миллион адам бар. Бірақ жер телімдері тек кезек бойынша ғана беріледі. Сосын оған негізгі инженерлік желілер, яғни, су мен электр энергиясы тартылуы шарт. 

"Республикалық маңызы бар үш қаланы ғана алатын болсақ, ол – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент, осы қалаларда жер кезегінде тұрған адамдардың саны 400 мыңнан асып кеткен. Ал жеке үй құрылысына жер телімін беру үшін инженерлік желілерді тарту қажет. Ол үшін тендер өткізіледі. Құрылыс-жобалау жұмыстары бар. Одан кейін республикалық бюджеттен жергілікті жерге ақша жіберілуі тиіс. Бірақ бюджет қаржысының тапшылығы және тағы басқа мәселелерге байланысты жер телімдері өте баяу таратылады", - дейді Базарбек.

Маманның есебіне сәйкес, алдағы 15-20 жылдың ішінде 150-250 мың адамға ғана жер телімін беруге мүмкіндік бар. Бұл – оптимистік болжам. Барлығы бюджетке және инженерлік желілерді тартуға бөлінетін қаражатқа байланысты болады.

"Сонда қалған 1 миллион 300 мың адамның жерін қашан береміз? 5-60 жылдан кейін бе? Мысалы, қазір 2005 жылы желтоқсанда және 2006 жылы қаңтарда түскен өтініштер бойынша ғана ақысыз жер телімдері беріліп жатыр. Иә, осыны естіген халық та әне-міне беріліп қалады деп, үміттеніп қалуы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, алдағы 20-30 жылдың ішінде тізімде тұрған 200 мың адамға да жердің берілуі екіталай", - деді заңгер.

Осы орайда сарапшы инженерлік желілерді мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жасау қажет деп санайды. Ондайда кәсіпкерлер алдымен қажетті инфрақұрылымды өздері салып береді. Артынан халыққа қызмет көрсетіп, табыс таба алады. Осының арқасында жер телімдерін тездетіп таратуға мүмкіндік бар. Заңгер жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында осы ұсынысты жариялаған. Бірақ әзірше ешқандай шешім қабылданбады.

876
Кілт сөздер:
қоғам, әкімдік, жер
Тақырып бойынша
Президент жерді сатуға қатысты қандай шешім қабылдағанын айтты
"Жерді ешкімге де бермейміз": Назарбаева қазақстандықтардың басты жауын атады
Қазаққа жерді ешкім сыйға тартқан жоқ - Тоқаев
Тоқаев жерді сатуға немесе жалдауға тыйым салатын заң жобасын мәжіліске жолдады
Алматы маңы

Найзағай ойнап, бұршақ жауады: синоптиктер ертең ауа райы қандай болатынын болжады

1026
(Жаңартылды 20:30 17.05.2021)
18 мамырда республиканың кей жерлерінде жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Синоптиктер ертеңгі күннің ауа райын болжады, деп хабарлайды Қазгидромет.

Апта ортасында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады, кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жауады.

"Елдің солтүстігінде дауылды жел соғады. Тек, оңтүстік пен батыста жауын-шашын күтілмейді. Екі облыста дабылды ескерту жарияланды", – делінген хабарламада.

Республиканың кей жерлерінде жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады.

Дабылды ескерту

Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрып, шығыстан секундына 15-20 метр жел соғады.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының кей аудандарында найзағай ойнап, жел соғып, бұршақ жауады. Солтүстік-батыс пен батыстан соққан жел түнде секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін жетуі мүмкін.

Мегаполистердегі ауа райы

Нұр-Сұлтанда күндіз бұлтты болады, ауа температурасы 30-32 градусқа дейін көтеріледі. Түнде термометр +14, +16 градусты көрсетеді.

Алматыда жауын-шашынсыз бұлтты ауа райы қалыптасып, күндіз +24, +26 градус, ал түнде 9-11 градус жылы болады.

Оқи отырыңыз: Мамырда ауа райы қандай болады – Қазгидромет болжамы жарияланды

Шымкентте күн бұлтты және жауын-шашынсыз. Күндізгі ауа температурасы +29, +31 градус, ал түнде +15, +17 градусты көрсетеді.

1026
Кілт сөздер:
ауа райы болжамы, ауа райы
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Еуразия ұлттық университеті қайта құрылымдаудан өтеді: үкімет қаулы жобасын жариялады

47
Қайта құрылымдаудан өту процесіне қаржы министрлігі мен білім министрлігі жауапты болып табылады

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстанда қайта құрылымдаудан өтетін болды. Мұндай қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды.

Қазақстанның Азаматтық кодексіне және "Мемлекеттік мүлік туралы" заңның 11-бабының 4-тармақшасына сәйкес республика үкіметі коммерциялық емес акционерлік қоғамды қайта құру туралы шешім қабылдады.

"Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын оған еншілес ұйым "Қаржы академиясы" акционерлік қоғамын қосу арқылы қайта ұйымдастырылсын", – делінген қаулы мәтінінде.

Академияның қайта құрылымдаудан өту процесіне қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен білім министрлігі жауапты болып табылады.

Ал ашық құқықтық актілер порталындағы бұл құжатты қоғамдық талқылау 31 мамырға дейін жалғасады.

Қаржы академиясы туралы

Қаржы академиясы елордада 50 жылдан астам бері жұмыс істеді. Оның негізі Қазақ КСР қаржы министрлігінің Целиноград қаржы-экономикалық колледжінде 1965 жылы қаланды.

Жарты ғасыр ішінде академия өз атауын бірнеше рет өзгертті. 2009 жылы министрлер кабинетінің шешімімен жаңа типтегі мамандандырылған университет – қаржы министрлігі жанындағы қаржы академиясы ретінде құрылды.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың көлік жүргізушілерге қатысты жаңалығы: үкімет арнайы қаулы дайындады

Академия қаржы, есеп және аудит, экономика, менеджмент және ақпараттық жүйелер саласындағы мамандарды дайындайды. Қаржы академиясының президенті – Наталья Коржова, ол Қазақстанның қаржы министрлігін басқарған алғашқы әйел.

47
Кілт сөздер:
академия, ЖОО
Тақырып бойынша
Әйелді ұруға болады деген университет оқытушысы жұмыстан қуылды
Лицензиясынан айырылған университет студенттері не істейді – министрлік жауабы
Түркістан қаласында жаңа университет ашылды
ҚазҰУ университет жерінің сатылғанына қатысты ақпаратқа жауап берді
Қазақстанда бір университет бас лицензиясынан айырылды
Газ терминалы

АҚШ сұйылтылған табиғи газ экспортын арттырды

0
Америкалық сұйылтылған табиғи газ экспорты (СТГ) рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ Вашингтон бұл дүрбелең жақында басылады деп қауіптеніп отыр

Өйткені, "Солтүстік ағын – 2" жобасы іске қосылғаннан кейін Еуропаға ресейлік арзан отын жеткізіле бастайды, деп жазды РИА Новости.

Наурызда америкалықтар шетелге күніне 10,5 миллиард текше фут сұйылтылған газ жөнелтіп отырды, деп хабарлады АҚШ энергетика министрлігінің энергетикалық ақпарат басқармасы (ЕІА). Сәуірде бұл көрсеткіш 9,2 болатын. Оның өзі көктем басындағы мінсіз максимум болды.

Баяндамада көрсетілгендей, өткен жылы және осы жылдың қаңтарында АҚШ-тан жеткізілетін СТГ экспортының басым бөлігі Азияға тиесілі болды. Бірақ ақпан мен наурызда ол газдың жартысын Еуропа сатып алып тұрды. Себебі ол жақтағы спотта баға азиялықпен теңесті.

"Мамырда тәулігіне 8,6 миллиард футқа дейін қысқарады деп күтіп отырмыз. Жаз айларында Еуропа мен Азиядағы сұранысты қанағаттандыру аясында бұл көрсеткіш 9 миллиардтан жоғарылайды деген болжам бар", – дейді ведомствода.

Халықаралық энергетика агенттігі 2024 жылға қарай америкалықтар осы сегментте көшбасшы боулы мүмкін екенін жоққа шығармады. ХЭА есебі бойынша АҚШ, Австралия және Ресейдегі табиғи газды сұйылту бойынша бірлескен қуат ол уақытқа дейін СТГ әлем экспортының 90%-ін құрайды.

Алайда Катар сынды ірі экспорттаушы Азия нарығына АҚШ-қа жол бере қоюы екіталай. 2020 жылы таяушығыстық бұл мемлекет 77,6 миллион тонна СТГ экспорттады. Бұл жалпы жеткізулердің 26,5 процентін құрайды. 2024 жылға қарай Парсы шығанағы жағалауындағы кішкентай монархияның газ өндіру көлемі екі есе артады. Ақпанда Дохада Солтүстік кен орнының шығыс бөлігін пайдалану бойынша инвестициялық соңғы шешім қабылданды.

Катардан кейінгі орында 26 проценттік көрсеткішпен Австралия тұр. Үшінші орынға АҚШ (14,7) және төртінші орынға Ресей (10) жайғасты.

Солтүстік мұзды мұхиттағы мұнай және газ ресурстарын жоспарлы түрде игеру он бес жылдан бері ресейлік биліктің әлеуетінде тұр. Наурызда Ресейдің министрлер кабинеті сұйылтылған табиғи газ өндірісін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын бекітті. Ол пайдлы қазба көздерін әртараптандыруға, ең алдымен Арктика қайраңы мен Қиыр Шығысты пайдалануға бағытталған.

OilPrice америкалық басылымы жазғандай, егер АҚШ тақтатас өндірісі есебінен ірі экспорттаушының біріне айналса, Ресейге Арктика көмектеседі. Аймақтағы пайдалы қазба қоры үлкен: табиғи газ – 35,7 миллиард текше метр, мұнай мен конденсат – 2,3 миллиард тонна.

Ресей энергетика министрі Александр Новактың айтуынша, 2025 жылға қарай Ресей жылына 68 миллион тонна сұйылтылған табиғи газ өндіріп, әлем нарығындағы үлесін 25 процентке арттыра алады.

OilPrice аналитиктері еуропалықтар үшін ресейлік құбыр желілік газ ғана емес, сондай-ақ сұйылтылған табиғи газ да тартымды екенін атап өтті.

"Ұзақ мерзімді келешекте Ресейдегі СТГ Еуроодақ тұтынушылары үшін оң шешім болады. Себебі АҚШ-қа қарағанда жеткізу жылдамырақ және арзан. Энергетикалық тәуелсіздікті қалайтын Литваның да Ресейден СТГ сатып алуы бекер емес", – деп санайды өнеркәсіптік тәуелсіз сарапшы Леонид Хазанов.

Оның айтуынша, америкалық жеткізушілер үшін Қытай мен Жапония басымдылыққа ие. Себебі бұл мемлекеттерде баға жоғары. Сондықтан ресейлік СТГ мұхиттың арғы жағынан жеткізілетін газды Еуропа нарығынан ысыруы мүмкін.

Қалай болғанда да сын-қатер де жоқ емес. 2025 жылға дейін сұйылтылған табиғи газдың әлем нарығында шамадан тыс көп болуы есебінен бағаның аса жоғары болуын күтудің қажеті жоқ.

0
Кілт сөздер:
мұнай, газ