Қоғам

Шымкентте шулаған кәсіпкерлер жарты сағат ішінде бас санитардың қаулысын өзгертті

Шымкент қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2021
Жазылу
Осыдан кейін ақжағалылар карантиннен күйдік деген өзге де кәсіп иелері әкімдік алдында шуламасын деп алаңдайды

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Шымкентте кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді. Балмұздақ пен дөнер сияқты тамақтарды сыртта сатумен айналысатын 70-тен астам кәсіпкер бас санитар дәрігердің қаулысына наразылық танытып, әкімдік алдына жиналды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Шағын кәсіп иелері карантин шектеулері бір-біріне керағар екенін айтады. "Шенеуніктер білгенін істеп кетті" деген олар әкіммен кездесуді талап етіп, тіпті шахардың бас санитары жұмыстан кетсін деген талап қойды.

Шымкент "қызыл" аймаққа кірген соң, күні кеше күшейтілген қаулы шыққан еді. Бірақ құжат шағын кәсіп иелеріне ұнаған жоқ.

Сондықтан да балмұздақ, дөнер мен фастфуд сататын 70-тен астам кәсіпкер қала әкімдігіне жиналды. Қолына плакат ұстаған олар қала әкімі шықсын деп ұрандатты. Өйткені, карантиннен қажығандар соңғы шыққан қаулыға наразы.

Қаулыда неге тыйым салынған

Құжатта сыртқа тамақ шығарып сататындар мен базарға, моншаларға бірдей шектеу қойылған. Кешкі сағат 10-нан кейін қызмет көрсетуге тыйым салынған. Осындай ереже ойлап тапқан қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаев екеніне сенімді топ шенеуніктің келуін талап етті. Қаумалаған әкімдік қызметкерлері полициядан да ықпайтынын атап өтті.

"Біз қамау былай тұрсын, өлуге де дайынбыз. Ниетіміз олар ойлағаннан да өткір. Отырып алып анау болады, мынау болмайды дейді. Ақ-қарасын ажыратпай, өзінше шешім қабылдап отқан жігіттердің бірі – Төлебаев. Қазіргі кезде ол кәсіпкерлердің алдын орап жатқан жалғыз адам деуге болады. Біз оның жұмыстан кеткенін қалаймыз", – дейді кәсіпкердің бірі Арман Таңсықбаев.

Шулы топты шенеуніктер әкімдікке емес, оның жанындағы жанындағы көрме орталығына шақырды.

Қызмет көрсетуге мүмкіндік берілді

"Не нәрсеге болса да дайынбыз" дегендерден қорықты ма, әлде уақыты болмады ма, не әкім, не қаланың бас санитары келген жоқ. Десе де ашулы топты емес, тілшілерді кабинетінде қабылдауға келіскен Әбдіманап Төлебаев жылы орнынан кеткісі келмейтінін ашық айтты.

"Мен отставкаға кететіндей саяси қызметкер емеспін – біріншіден. Екіншіден, мен әкімшілік, мемлекеттік қызметкермін. Қазір өзімнің күш-жігерім мен білімім және өз бағытымдағы жұмысым қызметтен кететіндей жағдайда деп санамаймын. Ол кісілер не айтпайды, не демейді", – дейді Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Дегенмен кәсіпкерлерге өкпелеген бас санитар ешкімге қысым көрсетілген емес, көрсетілмейді де деп сендірді.

Оның айтуынша, қаулыны шығарған бір өзі емес, қаланың бүкіл шенді-шекпендісі ақылдасып отырып шешкен.

Қалай болғанда да шымкенттік шенеуніктер қаулыны өзгертуге мәжбүр болды. Енді тамақты сыртта сататындарға түнгі сағат 10-ға дейін емес, тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік берілді.

Оқи отырыңыз: Сағынтаев карантин кезінде кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілетінін айтты

Ал даулы қаулыны өзгертуге бар-жоғы жарты-ақ сағат уақыт кетті. Бірақ ақжағалылар осыдан кейін карантиннен күйдік деген өзге де кәсіп иелері әкімдік алдында шуламасын деп қорқады.

Жаңалықтар
0