Қоғам

Қылмыстық кодекске өлім жазасына қатысты түзетулер қашан енгізіледі

© SputnikГенеральная прокуратура РК
Генеральная прокуратура РК - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2021
Жазылу
Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асыловтың айтуынша, заң жобасы құқықтық, экономикалық, лингвистикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтуге тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов қылмыстық кодекске өлім жазасын алып тастауға қатысты түзетулер қашан енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Ершов бас прокуратура өкілінен Қазақстанның өлім жазасын жою туралы екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауына байланысты қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер қандай кезеңде екенін сұрады.

"Бас прокуратура өлім жазасы бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі. Құжат НҚА қоғамдық порталында талқыланды. Ақпан айында ведомствоаралық комиссия өтті, үкімет оны мақұлдады. Қазіргі таңда бас прокуратура заң жобасын әзірледі", - деді Асылов.

Айтуынша,  заң жобасы құқықтық, экономикалық, лингвистикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтуге тиіс. Сараптамалар аяқталып, қорытынды қабылданған соң, құжат үкіметке жолданып, кейін парламентте таныстырылады.

"Болжаммен мамыр-маусым айына жоспарлап отырмыз", - деді бас прокурордың бірінші орынбасары.

2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан президенті сыртқы істер министрлігіне өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырған еді.

2020 жылдың 23 қыркүйегінде БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші хаттамасына қол қойды.  Халықаралық шарттар туралы заңнамаға сәйкес, ондай құжаттар міндетті түрде парламентте ратификацияланады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталды

Қазақстан парламенті өлім жазасының күшін жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы былтыр желтоқсанда ратификациялады.

Айта кетейік, Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы мораторий енгізілген болатын.

Жаңалықтар
0