Қоғам

Министр Аймағамбетов оқытушыларды алаңдатқан мәселенің шешімін тапты

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр Минобра Асхат Аймагамбетов перед началом ЕНТ 2019
Министр Минобра Асхат Аймагамбетов перед началом  ЕНТ 2019 - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2021
Жазылу
Енді мемлекеттің 100% меншігіндегі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге мүмкіндік болмайды, деп атап өтті министр  

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір — Sputnik. Мемлекеттік жоғары оқу орындары мемлекеттің меншігінде қалады, деп хабарлы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.

Таяуда мәжілістің отырысында білім беру саласына қатысты заң жобасы қабылданды. Аймағамбетов соның ішіндегі екі тақырыпқа тоқталып өтті.

Біріншісі – ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзету көмегін көрсетуге мемлекеттік тапсырыс беру.

Екіншісі – мемлекеттік жоғарғы оқу орындарын мемлекет меншігінде қалдыру.

Министр алдымен бірінші жағдайға тоқталып, соңғы уақытта ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар саны көбейіп жатқанын атап өтті. Осы санаттағы балалардың ерекше қажеттіліктері анықталғаннан кейін, оларды құрдастарымен қатар оқыту үшін арнайы педагогтердің көмегі қажет. Ең бастысы, мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады.

"Мұндай көмек алған балалар инклюзивті ортаға жақсы бейімделеді. Сонымен қатар, оқу материалын әлдеқайда оңай игереді. Ал кейбіреулері ерекше көмекке мұқтаждықтан толығымен арылады. Олармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және тағы басқа мамандар жұмыс істейді", - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұндай балалардың саны өскендіктен, арнайы орталықтар жетіспейді. Уақытылы көмек болмағандықтан, бұл ерекшеліктерді түзету және баланы білім беру ортасына қосу қиынға соғып жатыр.

Енді бұл норма мемлекеттік емес ұйымдарға осындай қажет орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік береді.

Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Ол министрлік дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырғанын еске салды.

Екінші мәселе университеттерге қатысты. Жоғары оқу орындары мемлекеттік кәсіпорындардан акционерлік қоғамдарға өзгергеннен кейін академиялық ортада университеттерді жекешелендіруге байланысты түсініспеушіліктер пайда болды.

"Әсіресе, бұл мәселені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушылары көтерді. Аталған мәселені түпкілікті шешу үшін заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық. Енді мемлекеттің 100% меншігіндегі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге мүмкіндік болмайды, демек бұл университеттер мемлекеттің меншігінде қалады", - деп түйіндеді білім министрі.

Бұл заң жобасы енді сенатта қаралады, егер сенаторлар қолдаса, мемлекет басшысының қарауына жіберіледі.

Жаңалықтар
0