Қоғам

"Үйленбек болды": Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның ісіне қатысты жаңа дерек шықты

© Sputnik / Евгений Биятов / Медиабанкке өтуПреступник за решеткой
Преступник за решеткой - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2021
Жазылу
Күдіктінің адвокаты қаза болған қазақстандық қыз бен Грузия тұрғыны үйленуді жоспарлағанын, қарым-қатынасында ешқандай зорлық болмағанын айтты

АЛМАТЫ, 12 мамыр – Sputnik. Грузия тұрғыны Бесик Тордуа мен жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтпаева көп уақыттан бері таныс болмаса да, үйленуді жоспарлаған. Бұл туралы күдіктінің адвокаты Лаша Шукакидзе Sputnik Грузияға берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева 5 мамырда Тбилисиде уақытша тұрып жатқан жерінен өлі табылды. Бір күн өткен соң, алтыншы мамырда полиция Зугдиди қаласының 57 жастағы тумасы Бесик Тордуаны 26 жастағы қызды зорлау және өзін өлтіруге жеткізу ісіне күдікті ретінде ұстады. Ол 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Бұл абсурд айыптау, менің клиентім марқұммен жақсы қарым-қатынаста болды. Тіпті оған үйленгісі келген. Олардың бірге болғысы келгенін және ешқандай зорлық-зомбылық болмағанын дәлелдейтін айғақтар бар. Айыптаушы тараптың Бесоға қарсы ешқандай дәлелі жоқ. Олар әңгіме жазылған аудиоға сүйеніп, топшылап отыр. Егер оның түпнұсқасын тыңдап көрсеңіз, Бесо өте салмақты сөйлескенін естисіз. Оның сөйлеу мәнерінен ешқандай күш көрсету байқалмайды", - дейді Тордуаның адвокаты.

Адвокаттың мәлімдеуінше, бірнеше куәгердің сөзі Тордуа мен Айтпаева арасында ешқандай келіспеушілік болмағанын растайды. Ол қыздың Бесиктің үйіне 30 сәуірде өз қалауы бойынша көшіп барғанын айтты.

"Қыз оның үйіне өз қалауы және өтініші бойынша көшіп барған. Әпкесінің күйеуі Мұрат оны екі күн бойы зорлаған. Бұл туралы бойжеткен Бесоға 30 сәуірде бірге сауда жасап жүргенде айтқан. Кешке Руставиге қайтып келе жатқанда Бесо "коменданттық сағатқа" байланысты Тбилисиге орала алмайтынын айтып, Руставиде солармен бірге қалатынын айтқан. Сол кезде Әсел Мұраттың өзін зорлайтынын айтып, ол жаққа қайтып оралғысы келмейтінін жеткізген", - дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, қыз ағынан жарылғаннан кейін Тордуа Әсел Айтпаеваға Тбилисидегі үйінде қалуды немесе Руставидегі пәтеріне көшуді ұсынған. Болмаса оған жалдамалы пәтер табуға көмектесуді ұсынған. Адвокаттың сөзінше, қыз Тордуамен бірге тұруды жөн санапты.

Қыздың зорланғанын естіген соң Тордуа қылмыс туралы полицияға хабарлағысы келген, алайда қыз полиция учаскесіне барғысы келмеген. Адвокаттың сөзінше, Тордуа Мұратты соққыға жығып, елден кетуге мәжбүрлеген. "Өзі Қазақстанға билет алып беріп, әуежайға жеткізіп салған" дейді ол.

Оқи отырыңыз: Грузияда Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдікке ілінген адамның фотосы жарияланды

Шукакидзе Әселдің психологиялық ауытқулары болғанын және өзіне қол жұмсауға бейім болғанын мәлімдеді. Оған қыздың білегіндегі іздер дәлел болады. Адвокат бұлтартпау шарасы туралы шешімге шағымданып, күдіктіні кепілдікпен босатуды талап етуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін грузин телеарналары Әсел Айтпаева мен Бесик Тордуа арасындағы әңгіме болуы мүмкін аудионы жариялады. Ол жерде ер адам қызды қорлап, өзін өлтіруге итермелейді. Жазбада ер адамның әйелді ұрып жатқаны да естіледі. Сонымен қатар бойжеткен өзін Мұрат есімді адамның зорлағанын айтқан.

Грузиядағы Formula телеарнасы Айтпаеваның Тбилисидегі таныстарының арасында Мұрат Мейірбеков есімді Қазақстан азаматы бар екенін анықтады. Ол Әсел жұмыс істеген компанияның иесі болған. Қазіргі кезде ол Грузиядан кетіп қалған.

Rustavi 2 телеарнасы қыз туыстарымен арада жанжал шыққан соң 57 жастағы Тордуаның үйіне көшкен деп мәлімдеді. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтар
0