Қоғам

Бір жылда әр отбасы дәрі-дәрмекке қанша қаражат жұмсайды

© REUTERS / Yves HermanЛекарства, таблетки
Лекарства, таблетки  - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.05.2021
Жазылу
Экономист пікірінше, фармацевтика нарығындағы қымбатшылық бірінші кезекте пандемиямен тікелей байланысты

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Елімізде дәрі-дәрмек бағасы аспандап кетті. Жыл ішінде препараттардың құны кейбір аймақта 20 пайызға көтерілген. Осылайша жұрт дәрі-дәрмекке әлдеқайда көп шығынданатын болған. Яғни, бір жылда әр отбасы ем-домына қажетін сатып алуға орта есеппен 47 мың жұмсаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал қарапайым халық шын мәнінде дәрі-дәрмек құны сарапшылар есептеген бағадан әлдеқайда қымбат екенін айтады.

Елімізде ең қымбат дәрі-дәрмек Маңғыстау облысында. Мұнда дәріханадағы тауарлардың бағасы бір жылда 23 процентке өскен. Әсіресе, созылмалы аурумен тіркеуде тұрғандардың қалтасын қағып жатыр. Мәселен, қант диабетімен ауыратындарға қажет дәрілердің бірі бұрын 3 мың теңге тұрса, қазір 5 200-ден сатылып жатыр.

"Зейнетақымның бәрі дәріге кетеді. Былтыр 740 теңгеге алып жүрген препарат қазір 1 400 теңге. Қан қысымын реттейтін 1 360 теңгелік дәрі 2 610 теңге. Яғни, еке есеге қымбаттаған", – дейді ақтаулық тұрғын Тамара Қанғожина.

Ақмола облысында дәрі-дәрмек бағасы 11,5 процентке өскен. Кейбір науқас жаны қысылғанда тауарды бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр.

"Міне, мынау жүрек ауруына арналған препаратты 1 500 теңгеге сатып алдым. Ішінде бар-жоғы 25 түйір дәрі. Бір айға да жетпейді", – дейді Көкшетау тұрғыны Тамара Данилова.

Сарапшылар еліміздегі дәріханаларда, әсіресе йод спиртті ерітіндісінің қатты қымбаттағанын айтады. Оның бағасы шамамен 20 ппроцентке көтеріліпті. Этил спирті бұрынғыдан 16,8 процентке жоғары бағада сатылуда.

Сұранысқа ие бауырға арналған дәрілердің бірі 17 процентке қымбаттапты. Жүрек ауруын емдейтін препарат бағасы 16,3 процентке өскен. Ал жұрт жиі қолданатын мұрынға тамызатын дәрі былтырғыдан 11,8 процентке қымбат саудалануда.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмекке рецепт жазып беру ережесіне өзгеріс енгізілді

Экономистер фармацевтика нарығындағы қымбатшылықты бірінші кезекте пандемиямен байланыстырады. Өйткені сырқаттанып қалғандар көбейіп, сәйкесінше дәріхана клиенттері де артты. Ал сұраныстың өсуі бағаның көтерілуіне алып келген. Айналымдағы ақша массасының ұлғаюы, сондай-ақ теңге бағамы да дәрі-дәрмек бағасына кері әсер еткен.

"Елімізде фармацевтикалық компаниялар болғанымен, ол өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп тұрған жоқ. Бәрібір 80 пайыздан астам дәрі-дәрмекті біз шетелден импорттаймыз. Сондықтан да шетелден келетін дәрі-дәрмектердің бағасы курсқа да тікелей қатысы бар. Егер де теңгеміз әлсіреп жатса, олар доллармен келгендіктен бағасы өсіп жатыр", – дейді экономист Мақсат Халық.

Тапқан табысы дәріден артылмай отырған тұрғындар жауаптылардан бағаны тезірек реттеп беруін сұрайды.

Жаңалықтар
0