Қоғам

Тоқаев Аманжол Қошановтың отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2021
Жазылу
Президент Қошановтың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті  

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, академик Аманжол Қошановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы аса көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың иегері Аманжол Қошанұлы Қошановтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Аманжол Қошанұлы ұзақ жыл табысты еңбек етіп, бар күш-жігерін отандық ғылымды дамытуға арнады. Нарық қатынасына көшу кезеңінде іргелі реформаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын терең зерттеді. Білікті мамандар даярлау ісіне де өз үлесін қосты", – делінген жеделхатта.

Президент сондай-ақ игі қызметімен ел-жұрт алдында құрметке бөленіп, соңына өшпес із, ғылыми мол мұра қалдырған Аманжол Қошанұлының есімін халқымыз әрдайым ардақ тұтады деп атап өтті.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты

Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанұлы Қошанов 1934 жылы 11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Алқаағаш ауылында дүниеге келген.

Бар ғұмырын Қазақстан экономикасының өзекті проблемаларын зерттеуге арнаған Аманжол Қошанов еліміздің ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Ол 400-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 36 монографиялық еңбектің авторы. 

1995 жылы Аманжол Қошановқа ғылым мен қоғамдық қызметтегі орасан зор еңбегі үшін Қазақстан президентінің жарлығымен "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" құрметті атағы берілді. 2004 жылы "Парасат" орденімен, "Еңбекте үздік шыққаны үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.

Аманжол Қошанұлы Қошанов Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, бойындағы бар күш-қуатын еліміздің экономика ғылымының өркендеуіне аянбай жұмсаған жарқын тұлға.

Жаңалықтар
0