Қоғам

Мүгедектер одағының төрағасы зейнет жасын төмендету жайлы: бір шартым бар

© Photo : Steve BuissinneМүгедек, архивтегі сурет
Мүгедек, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2021
Жазылу
Мүгедектер одағының төрағасы мүмкіндігі шектеулі жандарға таңдау құқығын беріп, зейнетақыны көтеру қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын Қазақстан үшін жарымжан жандарға бар жағдайды жасау – басты міндеттердің бірі болуға тиіс. Өйткені ерекше адамдарға ерекше қамқорлық қажет. Жуырда депутаттар мәжіліс қабырғасында осы мәселені қозғап, мүгедектердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды. Жас өткен сайын ауру күшейіп, күш-қайрат азайып, 63-ке дейін жұмыс істеу қиынға соғатынын ескерсек, мәжілісмендердің бастамасы орынды-ақ. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзі бұл жайлы не ойлайды? Ел экономикасы бұған қаншалықты дайын?

"Қолдаймын, бірақ бір шартым бар"

Қазақстан мүгедектері ұйымдары одағының төрағасы Әли Аманбаев зейнет жасын төмендетуді құптайды. Бірақ бір шарты бар.

"Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын 50-55 жасқа дейін төмендеткен дұрыс. Алайда оларға таңдау құқығын беру қажет. Зейнеткерлік жасына жетті екен деп бәрін бірдей жұмыстан шығарып жібере салуға өз басым қарсымын. Жалпы, менің ойым: таңдау құқығы мүгедек болсын, болмасын, барлығына берілуі керек. Адамдар зейнетке шығып-шықпауды өзі шешсін. Жуырда ағылшын ғалымдары зерттеу жүргізіп, адамның жұмысқа қабілеті 60 жастан кейін артатынын дәлелдеген. Мысалы, менің жасым 73-те, ал өзімді елу жастағыдай сезінемін. Тәжірибесі мол, энергиясы тасып тұрған адамды зейнет жасына толғаны үшін ғана жұмыстан шығару қаншалықты әділетті?!", - дейді Аманбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Тағы оқыңыз: "Мұндайға жол беруге болмайды": Тоқаев мүгедектерге жағдай жасауды тапсырды

Әркімде мүгедектік тобы әртүрлі. Ауылда, мәселен, мүгедектерге 63 жасқа дейін еңбек ету, шынымен, қиын. Сол себепті таңдау құқығы болуы қажет, деп жалғастырды ол.

Аманбаевтың пікірінше, үшінші топтағы мүгедектер 55, ал бірінші топтағылар 50 жаста зейнетке шыққаны дұрыс.

Бұл ретте ол әйелдер мен ерлерді бөліп жармай, зейнетке бір жаста жіберу керек деп есептейді.

Зейнетақы орташа жалақыдан аз болмауы керек

Мүгедектер одағының төрағасы зейнетақының қазіргі мөлшері күлкілі екенін айтты. Оның ойынша, зейнетақы республикадағы орташа жалақыдан төмен болмауға тиіс.

"Мысалы шет елдерде зейнетақы 800-900 еуро шамасында (417 000 – 470 000 теңге). Мүгедектігі бар адамның қалған шығындарын мемлекет өтейді. Мәселен, Германияда мүмкіндігі шектеулі адамдар сақал-мұрты өсіп кетсе, үйге арнайы адам шақырады. Төсекке таңылған науқастарға патронаж мейірбике келіп, жарасын таңады, тағы басқа көмек көрсетеді. Яғни, олар бұл қызметтерге ақша жұмсамайды, ал бізде бәрін өз қалтасынан төлейді. Мәселен, Жапонияда мүгедектіктің қандай тобы болсын, метрода жүру тегін. Финляндияда аумағы 50 шаршы метр пәтерде жалғыз тұратын мүгедектерге мемлекеттен өтемақы төленеді. Сондықтан Батыста 900 еуро артығымен жетеді", -дейді Аманбаев.

Зейнетақыны көтеруге бюджеттің қауқары жете ме

Белгілі экономист Мақсат Халық әлеуметтік осал топтар үшін зейнет жасын төмендетуді қолдап отыр.

"Әрине, ел экономикасы бұған дайын ба, бюджеттің шамасы жете ме деген сұрақтар туындайды. Бірақ, менің ойымша,  басқа ұсыныстарға қарағанда бұл әлдеқайда дұрыс шешім. Бұған дейін бүкіл халықтың несиесі кешірілсін, барша қазақстандықтың зейнет жасы төмендетілсін деген талаптар болды ғой. Барлығының зейнет жасын азайту мүмкін емес, қазір бүкіл әлем зейнет жасын көтеріп жатыр. Алайда мүгедектер, көпбалалы аналардың зейнет жасын төмендету орынды деп есептеймін.  Ол үшін ел қазынасында ақша жетеді. Оның үстіне бүкіл халыққа сұралып отырған дүние емес. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мұндай бағыттағы қадамдар жасалуы қажет. Себебі мемлекетіміздің өзі әлемге өзін әлеуметтік ел ретінде таныстырады. Сондықтан қоғамның осал топтарына көмектесу мемлекет үшін бірінші орында тұруға тиіс", - деді сарапшы.

Айтуынша, қазір елде орташа жалақы – 223 мың теңге. Алайда әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақыға есептеу жүргізілгенде, ең төменгі жалақы – 42 500 теңге негізге алынады.  

"Зейнетақы орташа жалақы деңгейінде болуы керек деп айта аламыз. Бірақ үкіметтің оған бармайтыны анық. Десе де әлемдік тәжірибеде көбіне орташа медиандық жалақыны есептеп, сол бойынша есептеулер жасайды. Биыл Қазақстанда орташа медиандық жалақы 142 мың теңгені құрапты. Бұл шындыққа жанасатын көрсеткіш, өйткені халықтың басым бөлігі 120 мың теңге шамасында айлық алады. Осы медиандық орташа жалақыны есептеулерге пайдалануға болады", - дейді Халық.

Сарапшы елде мүгедектер саны мемлекет қолдау көрсете алмайтындай соншалықты көп емес екенін атап өтті.

Мүгедектер қандай қиындықтарға тап болады

Әли Аманбаевтың айтуынша, Қазақстанда мүгедектігі бар жандар жиі бетпе-бет келетін проблема – адам құқығының бұзылуы. Ең басты мәселе –қолжетімді орта құру, тең мүмкіндіктер жасау.

"Біз тең мүмкіндіктер, инфрақұрылым туралы әңгіме қозғасақ, көбі мүгедектігі бар адамдармен байланыстырады. Бұл қате пікір. Қолжетімді инфрақұрылым қарияларға да, аяғын сындырып алғандарға да, жас аналар мен жүкті әйелдерге де керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде мұның бәрі мүгедектерге ғана қажет деген стереотип қалыптасқан", - деп ашынды ол.

Жарымжан жандар тап болатын екінші проблема – жұмыспен қамту. Одақ төрағасының айтуынша, қазақстандық жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындары бойынша квотаны сақтамайды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектерге көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады

"Мәселен, Америкада 7% квота бар. Егер кәсіпкер квотаны орындамаса, ол ешқандай мемлекеттік сатып алуға, тендерге қатыса алмайды. Біздің елде де осындай талап енгізгісі келген. Алайда депутаттар қарсы шығыпты. Оны маған бір танысым айтты. Сол себепті мемлекет кәсіпкерді мүгедекті жұмысқа алу тиімді болатындай ынталандыруы керек", - деді Аманбаев.

Ол мүгедектігі бар адам қара жұмыс істей алмайтынын, сондықтан оған сапалы білім беру қажет екенін айтты. Ол үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білімді қолжетімді ету керек.

Сонымен қатар, инфрақұрылым да қолжетімді болуы қажет.

"Әйтпесе, мен үшін салынған он зауыттың керегі қанша маған, егер мен үйден өз бетімше шыға алмай, жете алмасам", - дейді мүгедектер одағының басшысы.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі қанша адам бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда мүгедектігі бар 695 мыңнан аса адам тұрады. Соның ішінде 419,8 мыңы – еңбекке қабілетті жаста, оның 106 мыңы жұмыс істейді. 180,6 мың адам – зейнет жасында, 94,7 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.

2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша республикада 525,1 мың адам мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Оның орташа мөлшері 49 мың теңгеден асады.

Жаңалықтар
0