Димаш Кұдайберген

Димаш 27 жасқа толды: әкесі әншінің туған күнді қалай тойлайтынын айтты

1248
(Жаңартылды 09:24 24.05.2021)
Қазақстандық жас талант Дінмұхаммед Құдайберген 24 мамырда 27 жасқа толды. Әнші туған күнін отбасында атап өтеді

АЛМАТЫ, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шығармашылық ізденісті бір сәтке тоқтатпай, жаңа бейнебаян түсіріп жатыр. Жыл соңына дейін шет мемлекеттердің бірінде концерті өтіп, өзінің тыңдармандарымен қауышуы да мүмкін. Оның бәрі эпидахуалға байланысты шешіледі. Бұл туралы Димаш Құдайбергеннің әкесі – Қанат Айтбаев айтты.

Қанат Айтбаев Sputnik Қазақстан тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, әншінің шығармашылығындағы жаңалығы мен туған күнін қалай тойлайтынын айтып берді.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген бүгін, 24 мамырда 27 жасқа толды.

"Димаш Астана мен Алматы қаласында біраз шығармашылық адамдарымен бірге жұмыс істеп жатыр.  Еуропалық, америкалық продюсерлермен де жұмыстар атқарылуда. Ол үнемі шығармашылық ізденісте. Жақында "Be with me" әніне бейнебаян түсірілді. Бұл Димаштың шығармашылығын тағы бір қырынан көрсететін жанр болды деп есептейміз. Басқа да әндер жазылып жатыр", – деді Қанат Айтбаев. 

Димаш Құдайберген келесі бейнебаянын комозитор Ренат Гайсиннің әніне түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары аяқталған соң ол туынды да көрерменге жол тартады.

Әңгіме барысында әншінің шетелге шығып, концерт беруі жайлы да сұрадық.

"Пандемияға байланысты әлем бойынша көптеген өнер адамының жоспарлаған концерттері тоқтатылды емес пе? Қазір жағдай жақсарады деген үміт бар. Соған байланысты жоспарлар көп, түрлі елдерден ұсыныстар келіп жатыр. Ресейде, Беларусь елінде өтетін шараларға шақыртулар алдық. Амандық болса, барамыз деген ой бар", – деді Айтбаев.

Сонымен қатар жылдың аяғына дейін әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарса, жағдай қалыпқа түскен елдерде Димаштың концерттері өтуі мүмкін. Алайда қазір нақты күнін атау мүмкін емес, себебі мұның бәрі эпидахуалға байланысты белгілі болады.

"Көптеген басқа елдермен жұмыс істейтін болғандықтан жұмыс сол елдердің заңнамалық талабына сәйкес іске асады. Түрлі жоспар бар. Нақты айта қою қиын. Тыңдармандарға оны уақыты келгенде хабарлайтын боламыз", – дейді әншінің әкесі.

Димаш туған күнін қалай тойлайды

Димаштың туған күні отбасында, ата-анасы мен бауырларының ортасында өтеді.  Жанкүйерлері бірнеше күннен бері құттықтау хаттарын жолдап жатыр.

"Туған күніне арнап үлкен отырыс жасамаймыз. Туған-туыстар жан-жақтан хабарласып, құттықтап жатады. Көптеген елдегі Димаштың тыңдармандары сәлемдерін жолдап жатады. Қазірдің өзінде әр елдегі тыңдармандардан құттықтаулар, жеделхаттар келіп жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, сол кісілердің барлығына алғыс айтқым келеді. Ықылас-пейілдеріне шексіз ризамыз. Өнер адамын қанаттандыратын көрерменнің жылы сөзі, ыстық пейілі. Қашан да тыңдарманның елеп-ескеріп, құттықтау жолдауы әншінің көңілін қанаттандырып, сезімін серпілтеді", – дейді Айтбаев.

Айтуынша, Димаш әр хатқа, әр тыңдарманның ақжарма тілегіне шын қуанады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dimash Charts (@dimashcharts)

"Отбасымызда туған күнді тойлауға қатысты ешқандай дәстүр жоқ. Риясыз, шын көңілден айтылған құттықтау, дастархан басында отырып, бір-біріне жылы сөз айту – өзіміз үшін бағалы, таптырмайтын сый. Димаштың өзі де үйдегі кісілердің туған күнін ешқашан ұмытпайды, әсіресе аналары мен қарындасына құшақ-құшақ гүл сыйлағанды жақсы көреді", – дейді ол.

Айтуынша, отбасында туған күнге қатысты сақталып қалған дәстүр болмаса да, отырыс үлкендердің батасын алудан басталады. Ең алдымен ата-әжесінің батасын алып, шай үстінде бір-бірін құттықтайды. Әңгіме барысында балалық шақтағы қызық оқиғалар сөз болады.

Бүгін ғана әншінің Youtube-тегі каналында өзінің балдырған кезінде түсірілген видеосы туған күніне орай жарияланды. Ол жерде көрермендер Димаштың бір жарым жасар кезінде түсірілген видеоның бір бөлігін көре алады. 

Димаш туралы не білеміз

Дінмұхаммед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер университетін "Эстрада вокалы" мамандығы бойынша бітірді.

Димаш бала кезден түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Алайда жас әншінің бағын Витебскте өткен "Славян базары – 2015" халықаралық ән байқауы ашты. Әнші конкурста гран-приді жеңіп алды.

Осыдан кейін жас орындаушы Қытайдың "Мен әншімін" жобасына қатысып, талантымен миллиардтар елін таңғалдырған еді. Сөйтіп 2017 жылы Димаш жобада екінші орын алды.

Оқи отырыңыз: "Халқымыздың мәртебесін көтеріп тастадың": Димаш Иманбекті жеңісімен құттықтады

Димаш MTV Music Awards жүлдесінің иегері, "Азияның ең танымал әншісі", "Top Chinese Music Awards", "Халықаралық деңгейдегі ең танымал әнші", "Жылдың ең үздік әншісі" номинацияларының жеңімпазы. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың мыңдаған тыңдарманы бар.

2021 жылы Димаш Құдайберген АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуына арналған шарада өнер көрсетті. Әнші қазақтың халық әні "Самалтауды" орындады. 

Димаш атасы мен әжесінің тұңғыш немересі, кішкентай кезінен сол кісілердің бауырында өскен. Димаштың Раушан есімді қарындасы мен Әбілмансұр есімді інісі бар.

Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Димаш Құдайберген 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

1248
Кілт сөздер:
Димаш Құдайберген, туған күн
Тақырып бойынша
Димаш жанкүйерлеріне тосын мәлімдеме жасады
Димаш Құдайбергеннің әні АҚШ-та MTV рейтингінде көш бастады
"Ерекше әсерге бөледі": желіде Димаш орындаған әндердің видеосы тарады
Жаңа бейнебаян: Димаш Құдайбергеннің Наурыз мейрамымен құттықтауы
Димаш Құдайберген "Славян базары" ән байқауына қазылық етеді
Ақорда ғимараты

Тоқаев екі әкіммен телефон арқылы сөйлесті

87
Президент Алматы әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды.

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Президентке Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "дельта" штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.

87
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі сурет

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

73
(Жаңартылды 17:59 04.08.2021)
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

73
Кілт сөздер:
Алматы облысы, сәби, Қазақстан халқы
АҚШ полицейлері

АҚШ-тың гипердыбысты зымыраны тағы да сынақтан өте алмады