Қоғам

Үкімет бірқатар өкілеттігін министрліктерге береді

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание правительства РК в Астане
Здание правительства РК в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.06.2021
Жазылу
Заң жобасы шеңберінде 94 функция қайта бөлінеді. Оның ішінде үкіметтен министрліктерге 89 функция, жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Парламент мәжілісі мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Заң жобасында 5 кодекс пен 50 заңға түзетулер көзделіп отыр.

Оқи отырыңыз: Шенеуніктерді жауапқа тарту мерзімін ұлғайту ұсынылды 

"Заң жобасы шеңберінде 94 функция қайта бөлінеді. Оның ішінде үкіметтен министрліктерге 89 функция, жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі. Сонымен қатар төрт мемлекеттік орган қосымша өкілеттіктер алады", - деді Ерғалиев мәжілістің жалпы отырысында.

Заң жобасы бойынша қорытындыда мемлекеттік органдар арасында қандай функциялар қайта бөлінетіні айтылған.

Үкіметтен:

  • мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есепті жасау және беру тәртібін белгілеу жөніндегі өкілеттіктерді;
  • азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға өрт қауіпсіздігі қағидаларын, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін құтқарушыларды аттестаттау тәртібін бекіту жөніндегі функцияларды;
  • су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органға республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын басқаруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретті;
  • автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органға автомобиль жолдарымен жүріп-тұруға арналған автокөліктердің рұқсат етілген параметрлерін белгілеу жөніндегі функцияларды;
  • геодезия және картография саласындағы уәкілетті органға аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерді;
  • халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органға тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың қызметін салааралық үйлестіру жөніндегі құзыретті беру көзделіп отыр.

Министр заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруда кезекті қадам болатынын және оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңалықтар
0