Қоғам

Ислам Әбішев мерзімінен бұрын бостандыққа шығады

Ислам Әбішев - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.06.2021
Жазылу
Елорданың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Әбішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырды

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

"Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы №2 Байқоңыр соты қаулысының күшін жойды және Ислам Алмаханұлы Әбішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандыру жайлы жаңа қаулы шығарды", - деп жазды адвокат Ерлан Мәкенов Facebook-те.

Айтуынша, оған Әбішевтің жасы мен қасақана заңбұзушылықтың болмауы негіз болған.

Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр 18 ақпанда Ислам Әбішев пен Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының экс-вице-президенті Серік Түкиевке үкім шығарды.

Сот оларды ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп таныды.

Ислам Әбішев 60 миллион теңгеден астам пара алмақ болғаны үшін айыпты деп танылды. Комитеттің экс-басшысы Ш. есімді азаматтан Соколов су құбырын жаңарту бойынша келісімшарт бекіту үшін ақша талап еткен.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-тармағы "қылмысқа оқталу" және 366-бабы 4-тармағы "аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша қаралды.

Федерацияның бұрынғы вице-президенті Түкиев Әбішевтің пайдасына 10 миллион теңге параны алуға жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылды. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-тармағы "қылмыстық құқықбұзушылыққа жәрдемдесу" және 366-бабы 3-тармағы "аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша қаралды.

Әбішев бес жылға, Түкиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Ислам Әбішевтің ұсталғаны туралы 2019 жылдың наурызында белгілі болған еді.

Жаңалықтар
0