Қоғам

Тоқаевтың зейнетақы жинағына қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқаны айтылды

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге, банкноттар
Ақша, теңге, банкноттар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.06.2021
Жазылу
Зейнетақы жинағының арқасында 16 мыңнан астам қазақстандық бұрын алған ипотекалық қарызынан толығымен құтылған

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты.

Уәлидің Facebook-те келтірген цифрларына сүйенсек, 16 075 қазақстандық зейнетақы шотындағы ақшамен бұған дейін алған ипотекасын толығымен өтеген. Жалпы сома 62 миллиард 41 миллион теңгені құрайды.

47 133 қарыз алушы біржолғы зейнетақы төлемін 144 миллиард 53 миллион теңге болатын ипотекалық қарызының бір бөлігін өтеуге пайдаланған.

Тағы 8 889 адам банктерден 150 миллиард 361 миллион теңге тұрғын үй ипотекасын алу үшін зейнетақы жинағын алғашқы жарнаға жұмсаған.

Банктер арасында ең көп қарыз алушы "Отбасы банкте" тіркелген – 37 228. Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану арқылы тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша берілген жаңа ипотекалық қарыздардың мөлшері – 125 миллиард 29 миллион теңге.

Тағы оқыңыз: БЖЗҚ-дан ақшаны мерзімінен бұрын алуға қанша уақыт кетеді

Қарыз алушылар саны жағынан екінші орында "Сбербанк" тұр. Бұл банкке 11 483 адам жүгінген. Одан кейін Халық банктен – 9 488,  "Банк Центр Кредиттен" 8 432 адам қарыз алған. Бұл банктер 23 миллиард 167 миллион теңгеге ипотека берген.

Еске салсақ, биылдан бастап қазақстандықтарға жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өз жолдауында құзырлы органдарға осындай тапсырма берген болатын. Қазақстан халқы зейнетақы шотындағы артық ақшаны баспана сатып алуға, емделуге немесе инвестиция салуға жұмсай алады. Бүгінде 700 мың қазақстандықтың зейнетақы жинағы шекті деңгейден асқан.

Жаңалықтар
0