Қоғам

Министрлік Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери көмек көрсету мәселесін түсіндірді

© Photo : официальный сайт министерства обороны КазахстанаАрхивное фото здания Министерства обороны Казахстана
Архивное фото здания Министерства обороны Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.06.2021
Жазылу
Қорғаныс министрлігі барлық келісімнің Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауына дейін рәсімделгенін ерекше атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым — Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрлігі көрші елдерге әскери-техникалық көмек көрсетуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"2019 жылдың желтоқсан айында Тәжікстанның қорғаныс министрлігі тәжік-ауған шекарасы ауданындағы жағдайдың шиеленісуіне орай біздің елден әскери-техникалық көмек сұраған болатын. Осыған байланысты 2021 жылдың 17 сәуірінде қол қойылған өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісім әзірленді. 2021 жылдың 2 наурызында Қырғыз Республикасымен де дәл осындай келісімге қол қойылды", - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда министрлік барлық келісімнің Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауларына дейін рәсімделгенін ерекше атап өтті. Қазіргі кезде осы келісімдерді ратификациялау жұмысы жүргізіліп жатыр.

"Бауырлас елдерге әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара маңындағы қақтығысты өршітуге ешқандай қатысы жоқ. Бұл келісімдер Ауғанстаннан халықаралық коалиция елдерінің әскери контингентін шығару аясында жасалған. Оған қоса, әскери мүлік қарама-қайшылықтарды реттеу мен жағдайды қалыпқа келтіру туралы уағдаластықтарға қол жеткізген соң ғана Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізіледі", - дейді министрлік мамандары.

Бүгінде Қырғызстан мен Тәжікстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына кіреді. Ал оған мүше елдер бір-біріне қарсы күш қолданудан немесе қауіп-қатер төндіруден аулақ болуға міндетті. Ал шекара маңындағы дауларды шешу үшін әскери-техникалық көмекті пайдалануға рұқсат жоқ.

Айта кетейік, Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетуге қатысты екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылып отыр. 

Әскери мүлік тізіміне мыналар кірді:

  • Саны 3 миллион 240 дананы құрайтын 5,45 миллиметрлі патрон;
  • Саны 20 мың 76 дананы құрайтын 23 миллиметрлі патрон;
  • Саны 10 мың дананы құрайтын 82 миллиметрлі оқ.

"Берілетін мүлік қолданылмай тұр және артық мөлшерде сақталуда, осыған байланысты оны қалпына келтіруге бюджет қаражаты талап етілмейді. Жоба мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Қаулыны қабылдау жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды", - деп жазылған заң жобасының түсініктемесінде.

Жаңалықтар
0