Қолға салынған кісенді шешу, көрнекі фото

12 жасар қызды зорлау ісі: алқабилер соты күдіктіні ақтап шықты 

141
Осы қылмыстық іс бойынша үш ер адам айыпты болған. Бұған дейін екеуін 20-21 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал үшіншісі істі алқабилер сотында қарауды талап етті

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым - Sputnik. Ақмола облысында 12 жасар қызды зорлағаны үшін айыпты деп танылған ер адам жазадан құтылды. Сот алқабилердің шешімі негізінде оны ақтап шықты.

"Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 4-бөлігі (Жасөспірімді зорлау) бойынша қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаумен байланысты оқиғаның болмауынан Б.К. алқабилердің шешімі негізінде ақталды", - делінген қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының үкімінде.

Осылайша, 12 жасар қызды зорлағаны үшін айыпталған Целиноград ауданының тұрғыны ақталып шықты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокурор мен жәбір көргендер үстінен арыз түсіре алады.

Нұр-Сұлтанның іргесінде болған қылмыс

"НеМолчиKz" қоғамдық қорының парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, мектеп оқушысын 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап 2020 жылдың маусымына дейін үш ер адам зорлаған. Үшеуі де ағасының туыстары. Олар қыздың сыныптастарына бәрін айтып қоямыз деп қорқытқан. Сөйтіп, арам ойларын іске асырып жүрген.

Оқи отырыңыз: 32 педофил бостандыққа шығады – мамандар дабыл қақты

25 мамырда Көкшетау қаласында екі күдіктіге қатысты сот үкімі шығарылды. Біреуі 20 жылға сотталса, екіншісі 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, әрбіреуі 4 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеп беруге міндеттелді.

Ал үшіншісі істі алқабилер сотында қарауды сұрады. Прокурор оны 20 жылға түрмеге тоғытуды талап етті. Алайда алқабилер оны ақтап шықты. 

Алқабилер істі қалай қарайды?

Алқабилер сотының мүшелері күдіктінің айыпты я айыпты емес екенін құпия дауыс беру арқылы шешеді. Он адам және бір судья дауыс береді. Бірақ судьяда басымдық құқығы жоқ.

Тәртіп бойынша дауыс берген алты адам айыпты қолдамаса, күдіктіні ақтау туралы шешім шығарылады.

Заңда алқабилер сотына кіре алмайтын адамдардың тізімі де көрсетілген. Олар:

  • алқабилер тізімін жасалғанға дейін 25 жасқа толмағандар;
  • сотты болған және өтелмеген сотталу тарихы бар адамдар;
  • сотпен шешім қабылдауға қабілеті жоқ деп танылғандар;
  • судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік және әскери қызметшілер, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • психикалық аурулар және мінез-құлықтың бұзылуы бойынша медициналық мекемелерде тіркеуде тұрғандар.
141
Кілт сөздер:
сот, баланы зорлау ісі, қызды зорлау
Тақырып бойынша
Маңғыстау облысында педофил өмір бойына сотталды
Мүгедек қызды зорлау ісі: Шымкент әкімдігі тексерістің нәтижесін жариялады
Кәмелетке толмаған қызды зорлаған блогерге сот үкімі шықты
Атырау тұрғыны 3 баланың көзінше анасын балтамен ұрып, кейін өзіне қол салды
"Полицейлер қорқытқан": Ақтауда сүйіктісін 10 жылға соттатқан әйел арызын қайтарып алды
Архивтегі фото

Басқа біреу сіздің атыңыздан кредит алса не істеу керек: қарыздан құтылу жолдары

1292
Заңсыз рәсімделген кредит жайында бірден полицияға хабар беру керек. Сонда алаяқтық әрекет ресми түрде тіркеледі

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Пандемия басталғалы бері әлемде интернет алаяқтары көбейді. Әдетте адамдар жалған банк қызметкеріне пароль мен пин-кодты айтып, барлық ақшасынан айырылып жатады. Енді біреулер өз атына кредиттің қалай рәсімделгенін білмей қалады. Ал адамның мойнына кредит іле салу үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Күні кеше ғана Түркістан облысында қарапайым ет сатушысы ұсталды. Ол әрбір балаға 50 мың теңгенің жәрдемақысын алып беремін деп, аңқау аналардың жеке мәліметтерін, тіпті фотосуреттерін де алған. Сөйтіп 150 адамды алдаған. Ал ондай кредиттер қалай қайтарылады? Одан құтылудың жолы бар ма? Sputnik Қазақстан тілшісі алаяқтарға алданған адамның кредитін кешіру тәртібін зерделеп шықты.

Сотқа бармай-ақ, заңсыз кредиттен құтылуға болады

Бүгінде алаяқтарға алданған адамдардың кредитін кешіруге арналған нақты бір тәртіп жоқ. Алайда заң бойынша әрбір азаматтың құқығы қорғалуы шарт. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Дмитрий Ақмаевтың айтуынша, заңсыз рәсімделген кредит жайында бірден полицияға хабар беру керек. Сонда алаяқтық әрекет ресми түрде тіркеледі. 

"Алданған адам тұрғылықты жері бойынша полицияға барып, ресми түрде арыз жазуға тиіс. Ол – бір. Екіншіден, кредитті рәсімдеп берген қаржы ұйымына барып, тура сондай арыз жазып кету керек. Сосын қызметтік тексеріс өткізуді талап еткен жөн. Өйткені кредиттің қалай және қандай құжаттардың негізінде берілгенін анықтау қажет", - деді Ақмаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Қазіргі тәртіп бойынша кез келген қаржы ұйымы клиентке кредит берген кезде алдымен оның жеке тұлғасын анықтауы керек. Ондайда қызметкерлер телефон арқылы хабарласады, артынан туған-туысқа, я болмаса, достарына қоңырау шалып, кредит алғысы келетін адамның жеке тұлғасын растап беруді сұрайды. Ал заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, кредит рәсімдейтін клиентке видео байланыс арқылы хабарласу міндеті де жазылған. Өкінішке қарай, шағын кредиттерді рәсімдеу кезінде дәл осы талаптар көп жағдайда сақталмайды. Ондайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады.   

"Біз сол ұйымның кредитті қалай бергенін тексере аламыз. Агенттік алаяқтық әрекеттерін тергей алмайды, бірақ кредитті беру тәртібін, заң мен талаптың қалай сақталғанын тексеруге құзіретіміз бар. Егер кредитті беру тәртібі сақталмаса, онда мәселе тез шешіледі. Заңсыз кредит сол ұйымның өзіне ауыстырылады. Ал кредит беру тәртібі сақталса, онда ішкі істер органдары тергеу өткізеді. Өйткені адамның ұялы телефонын немесе желіге түскен жеке мәліметтерін қалай және кімнің қолданып кеткенін анықтау қажет", - деп атап өтті Ақмаев.

Сотқа баруға тура келеді

Ресми мәліметке сәйкес, заңсыз рәсімделген кредиттердің басым бөлігі кешіріледі. Алайда кей кезде сотқа баруға тура келеді. Өйткені кредиттің заңсыз рәсімделгенін білмей қалған адам ақшаны алаяқтарға өзі жібереді. Бұл қаржыны жұмсау фактісі болып саналады.

"Кейбір әккі алаяқтар былай істейді. Сізге қоңырау шалады да, есепшотыңызға қателесіп ақша жіберіп қойғанын айтады. Сосын басқа есепшотқа жіберуді сұрайды. Тіпті, мазалағаны үшін 10-15 мың теңгені алып қала салыңыз дейді. Ал шын мәнінде ол сіздің атыңызға рәсімделген кредит, көп жағдайда шағын кредит. Сомасы 50 АЕК-тен (145 850 теңге – Sputnik) аспайды. Адал және аңқау адамдар сеніп қалады да, ақшаны өз қолымен басқа есепшотқа салып жібереді. Сөйтіп, ақшасы біреуге кетеді, ал мойнындағы кредиті қалады", - дейді Ақмаев.

Оның айтуынша, осы іспетті істерді тергеу кезінде бірқатар қиындық болады. Атап айтқанда, нақты банк картасы болса, оның иесін анықтауға мүмкіндік бар. Ал заңсыз кредиттің ақшасы телефон нөмірі немесе терминал арқылы жіберілсе, иесін табу қиын. Ондайда сотқа дейін барып, алаяқтарға алданғанын дәлелдеу керек.

"Сондықтан есепшотыңызға белгісіз бір ақша түссе, оны жіберген қаржы ұйымының өзіне барып, ресми түрде есепшотыңызға түскен қаржыдан бас тартуыңыз қажет. Артынан ол ақшаны өндіріп алу процесі басталса да, сіз сотта тиісті жерге барып, арыз жазғаныңызды дәлел ретінде келтіре аласыз", - деп атап өтті агенттіктің бас маманы.

Коллекторға кеткен кредитті кешіру қиын

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов заңсыз рәсімделген кредиттер проблемасын жақсы біледі. Ол талай рет коллекторлар мен шағын қаржы ұйымдарын жинап, алаяқтарға алданған адамдардың мәселесін талқылаған.

"Мысалы, алаяқтар менің атыма кредит рәсімдеп қойды дейік. Мен оны тек коллекторлар қоңырау шалған кезде ғана білемін. Ал коллекторлар жай хабарласпайды ғой, есепшотымды бұғаттап тастайды. Кредиттік тарихым бұзылады. Ақшаны алуға да, төлем жасауға да мүмкіндік болмайды. Кейбіреулер шетелге шыға алмайды. Сосын ары-бері шапқылау керек. Оған бәрінің жүйкесі шыдай бермейді. Ондайда адамдар "Садақа!" деп, қолын бір сілтейді де, 300-500 мың кредитін төлей салады", - деді Әбдірахманов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, онлайн кредит беру жүйесінің қауіпсіздік деңгейі төмен. Оны шағын қаржы ұйымдары жақсы біледі. Бұл жүйені жетілдіруге тырыспайды. Өйткені ондай ұйымдардың негізгі мақсаты – пайда табу. Соңғы кезде талаптар күшейді. Алайда онлайн кредит беру жүйесінде әлі де олқылық көп. Ал ең бастысы коллекторларға кеткен кредиттерді кешіру қиын.

"Олар қайтарылмай жатқан кредиттерді микроқаржы ұйымдарынан сатып алады. Мәселен, 1 мың проблемалық кредитті сатып алады. Соның ішінде заңды және заңыз рәсімделген қарыздар бар. Бірақ оны ешкім ажыратып отырмайды ғой. Микроқаржы ұйымдары да араласа алмайды. Өйткені коллекторлар қарыздың бәрін сатып алған және өз ақшасын шығаруға тырысады", - деп түсіндірді Әбдірахманов.

Алматы қалалық полиция департаменті коллекторлар мен микроқаржы ұйымдарын жинап, осы мәселені түсіндіріп көрген. Алаяқтарға алданған адамдардың тізімін де беріпті.

"Тергеу кезінде біз ол тізімге кірген адамдардың кредит алмағанын анықтадық. Иә, кейбір қылмыстар ашылған жоқ. Өйткені алаяқтың өзі табылмады. Дегенмен кредиттердің заңсыз алынғаны анық. Сөйтіп, екі коллекторлық компаниямен ондаған адамның кредитін кешіруге келістік. Мысалы бір компания 3,5 миллион теңгенің кредитін кешірді. Бұл жерде нақты алгоритм жоқ. Осылай шешіп отырамыз", - дейді Әбдірахманов.

Кредит беру тәртібін қалай күшейту керек

Алдағы уақытта қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит беру тәртібіне тағы өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ол – биометриялық мәліметтерді қолдану. Адамның саусақ іздері, дауыс үлгісі мен көздің қарашығы сияқты биометрия қолданылса, алаяқтық әрекеттер күрт азаяды деген болжам бар. Ал полиция подполковнигі Рустам Әбдірахмановтың ойынша, күрделі өзгеріс жасамай-ақ, осы саладағы алаяқтық әрекеттердің алдын алуға болады.

"Мысалы, микроқаржы ұйымдары кредит бергенде SMS-хабарлама жібереді. Соған ақшаның сомасын ғана емес, астына "микрозайм" деп жаза салуға болады ғой. Адам "микрозайм" деген сөзді көрген бойда күдіктенеді, заңсыз әрекеттің жасалғанын түсінеді. Ал алаяқ хабарласқанда дайын болады, мәселенің мән-жайын анықтай бастайды, банкке немесе сол микрозаймды рәсімдеп берген ұйымға хабарласады. Сөйтіп SMS-хабарламаға бес-алты әріп қоса салса, біраз мәселе шешіледі", - деп атап өтті Әбдірахманов.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымына хабарласқан және кредит рәсімделетін адамның телефон нөмірін салыстырып отыруға болады.

"Мәселен, микроқаржы ұйымына Арман хабарласып отыр дейік, ал кредит Рустамның атына рәсімделіп жатыр. Ал SIM-карта Рустамның атында емес. Осындайда кредит беретін ұйымның қызметкері кредит рәсімделетін адамның телефонынан хабарласуды талап етуге тиіс. Болды. Алаяқ заңсыз кредит рәсімдей алмайды", - дейді полиция подполковнигі.

Ол үшін ұялы байланыс компаниялары мен микроқаржы ұйымдары келісімге отыруы қажет. Сонда тиісті мәліметтер беріледі.

1292
Кілт сөздер:
алаяқтық, қарыз, кредит
Абитуриенты во время экзамена

2021 жылы магистратура және докторантураға түсу ережелері қандай

45
Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар талапкер кешенді тестілеуден босатылады

АЛМАТЫ, 18 маусым – Sputnik. Биыл магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге тіркеу 18 маусымда басталады. Ал докторантураға құжаттар 3 шілдеден бастап қабылданады. Талапкерлер оқуға түсуге арналған емтиханды компьютер арқылы тапсырады.

Sputnik Қазақстан биылғы тестілеудегі өзгерістерге шолу жасады.

Магистратураға қашан құжат тапсырады

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркеу 18 маусымда басталады. Тіркеу білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz (https://app.testcenter.kz/language-select ) сайтында жүргізіледі.

Емтихан 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады.

Биыл магистратураға түсу форматына өзгеріс енгізілген жоқ. Тестілеу нәтижесімен келіспеген талапкер кешенді тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

Магистратураға түсу неше кезеңнен тұрады

Магистратураға түсуге арналған тестілеу 3 бөлімнен тұрады:

  • шет тілінен тест;
  • оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Емтихан тапсыруға 4 сағат беріледі.

Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар талапкер шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады.

"Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен тест тапсыруға болады", - деп хабарлады министрлік.

Магистратураға үміткерге шет тілі бойынша автоматты түрде 50 балл берілуі үшін кемінде IELTS 6.0, IELTS INDICATOR 6.0, TOEFL ITP 543, TOEFL IBT 60, TOEFL PBT 498 болуы керек.

Магистратураға түсу бойынша шектік бал – 75 балл. Ақылы негізде оқуға түсу үшін 50 балл жинау қажет.

2021-2022 оқу жылына магистратураға 13 263 грант бөлінген.

Докторантура емтиханы жаңа форматта өтеді

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Талапкер докторантураға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламасын таңдай алады.

Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Содан кейін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі.

Үміткерлер емтиханды өңірлік тестілеу орталықтарында тапсырады. Тестілеу компьютерлік форматта өтеді.

Мәдениет және спорт министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсушілер емтихандарды өз жоғары оқу орындарының базасында тапсырады.

Оқуға тапсыруға ниетті әрбір үміткерге жеке кабинет ашылады. Емтихан тапсыратын күнді Ұлттық тестілеу орталығы бекітеді. Емтихан бағдарламасы мен кестесі емтихан алдында жеке кабинетке жіберіледі.

Грантқа түсу үшін 75 балл жинау керек

Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар үміткерлер тапсыра алады. Ал медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған тұлғалар қабылданады.

"Кем дегенде 9 ай еңбек өтілінің уақыты оқуға түсушінің жалпы еңбек өтіліне қатысты", - деп нақтылады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат міндетті.

Айта кетейік, Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылында магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылды.

Осылайша докторантурға үміткердің шет тілін меңгергені кемінде IELTS 5,5, IELTS INDICATOR 5,5, TOEFL ITP 460, TOEFL IBT 46, TOEFL PBT 453 болуы керек.

Докторантураға оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл. Оның ішінде эссе – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл.

Докторантураға түсу емтихандары ҰБТ-ға қойылған талап негізінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пункттерде өтеді.

"Бұл бізге докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын", – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Тапсырмаларды талапкер компьютер арқылы бейнекамера алдында отырып жазады. Емтихан тапсыруға 4 сағат беріледі.

Грантқа түсу үшін шектік балл 75 балды құрайды. Ал оқуға ақылы негізде түсу үшін шекті балл – 50.

2021-2022 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға 1 890 мемлекеттік грант бөлінді. Қай салаға қандай көлемде грант бөлінетіні қазір бекітіліп жатыр, толық нұсқа баспасөз беттерінде жарияланады.

Шәкіртақы көбейеді

2021-2022 оқу жылында студенттердің шәкіртақысы 20%-ке артады, енді олар 31 мың теңгеден артық алады. Магистранттар мен докторанттар үшін стипендия көлемі 15%-ке жоғарылайды. Енді  магистранттар 76 мың теңгеден артық, ал докторанттар 172 мың теңгеден астам шәкіртақы алады.

45
Встреча президентов России и США В. Путина и Дж. Байдена в Женеве

Путин мен Байден кездесуінен кейін әлемдік саясат қалай өзгереді

0
Сарапшылар Путин мен Байден кездесуінен кейін әлемдегі саяси жағдай қалай өзгеретіні туралы пікірін бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Күні кеше ғана Женевада Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі өтті. Екі көшбасшы да кездесуге көңілдері толатынын жеткізді. Алайда бұл кездесу екі елдің арасындағы шиеленістің біршама бәсеңдеуіне ықпал етті ме? Қос көшбасшының диалогы Ресей Федерациясының Еуропамен қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Осы туралы Sputnik материалында толығырақ.

Болашаққа бағдар

16 маусымда Женевада Владимир Путин мен Джо Байденнің кездесуі революциялық өзгерістерге алып келмегенімен толыққанды диалогтың бастамасы болуы әбден мүмкін. Саммит қорытындысы бойынша "Россия сегодня" ХАА мультимедиялық баспасөз орталығындағы пікірталасқа қатысқан сарапшылар осындай пікір білдірді.

Ресей мен АҚШ-тың стратегиялық қаруландыруды бақылауда ұстауды көздеуін растайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы екі президент кездесуінің маңызды нәтижесі болды. Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің бас директоры Андрей Кортунов осылай деп санайды.

"Стратегиялық шабуылдау қаруларын шектеу туралы шарт бес жылға созылғанымен, уақыт соншалық көп емес. Тараптар қаруландыруды бақылаудың жаңа моделі туралы келісімге келгені жақсы болар еді", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, өзара консультациялар мәселесіне киберқауіпсіздік проблемаларын қосуға АҚШ-тың келісуі де аса маңызды. Себебі бұған дейін Америка бұл мәселеден түбегейлі бас тартып келді. Сонымен қатар Андрей Кортунов Вашингтон мен Мәскеудегі елшілердің қайтарылуы да болашаққа оптимизммен қарауға себеп екенін айтты.

Ал РҒА АҚШ және Канада институтының директоры Валерий Гарбузов Ресей-Америка қарым-қатынасында проблемалар қордаланып қалғанын және ол бір кездесуде түгелдей шешіле қоймайтынын айтты.

"Бұл саммит консультациялар, келіссөздердің бастауы болуы керек. Егер жұмыс топтары құрылып, кездесулер басталса, мемлекет басшылары телефон арқылы немесе бетпе-бет кездесу арқылы сөйлесетін болса, онда диалог қалпына келеді. Алдағы бірнеше аптада-ақ нәтижесін көре аламыз", - деп болжам жасады ол.

Трамппен кездесуден өзгерек

Женевада өткен саммит Владимир Путиннің 2018 жылы Хельсинкиде Дональд Трамппен кездесуін еске салады, дейді Валерий Гарбузов.

"Трамппен кездесуден де көп нәтиже күтті. Кейбіреулер бұл кездесуді тарихи деп атады. Алайда бәрі құрдымға кетті. Болашақта Женева саммиті де осындай күй кешпесе деймін", - деді сарапшы.

Андрей Кортунов Байденнің Ресей президентімен кездесуді қысқа мерзімде тез ұйымдастыруы да жақсы нышан екенін айтты. Себебі алдыңғы президент Дональд Трамп Владимир Путинмен алғашқы және соңғы кездесуін өткізуі үшін жарты жыл уақыт жұмсаған болатын.

Еуропа, санкциялар және Украина

АҚШ пен Ресей арасындағы аздаған "жылымық" Вашингтонның еуропалық одақтастарының антиресейлік ұстанымын біршама жібітуге ықпал етеді. Сондықтан саммиттің позитивті нәтижесі Мәскеу үшін геосаяси аспектіде де тиімді деп санайды Валерий Гарбузов.

"Брюссельдегі Ресеймен ынтымақтастықты жақтаушылар үшін енді біршама жеңіл болады. Себебі ЕО үнемі Вашингтонға қарайлап келді. Олар Ресей бойынша америкалық позицияны есепке алады. Менің ойымша, Германия, Италия және Франциядағы әріптестерімізге Мәскеумен өзара әрекеттестік бойынша жаңа бастамалар, форматтар ұсыну жеңіл болады", - деп түсіндірді Андрей Кортунов.

Сарашы 2014 жылы жүмысын тоқтатқан Ресей – НАТО кеңесін қайта іске қосуға ықпал етуі мүмкін деп санайды.

Ал ММХҚИ доценті Иван Тимофеев Ресейге қарсы батыстық санкцияларда қандай да бір өзгеріс болмайды деп пайымдады.

"Жақын уақытта ешқандай америкалық санкцияны алып тастамайды. Оған еш себеп жоқ. Бірқатар санкция АҚШ заңнамасында көрініс тапты. Байден оларды "Солтүстік ағын – 2" жобасы секілді тоқтатуы мүмкін, бірақ күшін жоя алмайды. Санкциялар жеңілдетілмейді. Бірақ жаңа қатаң шаралар да енгізілмейді", - деді ол.

0