Қоғам

Аймағамбетов қазақстандық мұғалімдерге хат жазды

© Sputnik / Абзал КалиевБілім министрі Асхат Аймағамбетов
Білім министрі Асхат Аймағамбетов - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.06.2021
Жазылу
Білім министрі қазақстандық мұғалімдерді нағыз батырға теңеп, жазғы демалыс кезінде жақсы демалуды тіледі

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарға оқу жылындағы еңбегі үшін алғыс айтып, қыркүйекте жаңа күш-қуатпен оралуды тіледі.

Министрдің мұғалімдерге жазған хаты Facebook-те жарияланды.

"Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді", - деп бастады хатын білім министрі.

Аймағамбетов пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететінін атап өтті.

"Дегенмен, сіз барлық қиындық пен сын-тегеуріндерге қарамастан, сабақтарыңызды ұтымды ұйымдастырып, мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсете алдыңыз. Сіз ұстаз мамандығының сезімталдық, балаларға деген қамқорлық және адамгершілік сынды ең жақсы қасиеттерін танытудың жарқын үлгісіне айналдыңыз", - деді ол.

Министр қашықтан оқыту кезінде әртүрлі себептерге байланысты кейбір оқушылардың оқу үлгерімі нашарлағанын айтты. Ол ұстаздардан осы олқылықтардың орнын толтыру үшін шәкірттерге көмек қолын созуды сұрады.

"Оқушылардың білімі бойынша артта қалуы олардың мүмкіндіктері сондай деген сөз емес. Білім берудегі олқылықтарды қиын жағдай мен оқушыларды жігерлендіру деңгейінің жеткіліксіздігімен сипаттауға болады. Мұндай балалар қазір барлық назарымызды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларымызға қолдау көрсетуіміз керек", - деді ведомство басшысы.

Тағы оқыңыз: Қыркүйекте оқушылар мектепке бара ма – Аймағамбетов жауап берді

Аймағамбетов мұғалімдерден балаларға қосымша сабақтар өткізуді өтінді.

Сонымен бірге оларды жазғы мектептердің жұмысына 26 мамыр - 20 маусым аралығында белсене қатысуға шақырды.

"Қазір балаларымыз оларға барынша түсіністікпен қарағанымызды аса қажет етеді. Оларға махаббат пен қамқорлық қажет. Біз бүлдіршіндеріміздің мектепке барып, білім алғанын қалаймыз. Сонымен қатар балаларымызды басқалармен салыстырғанымызды тоқтату керек", - деді ол.

Министрдің пікірінше, бүгінгінің балалары мүлдем өзгеше, олар өздерін еркін ұстайды. Ендігі кезекте олардың бойындағы жақсы қасиеттерді сақтап, одан әрі дамыту – мұғалімдердің басты міндеті.

Сөзінің соңында Аймағамбетов мұғалімдерді вакциналау науқанында белсенді азаматтық ұстаным танытып, вакциналау туралы ғылыми деректерді тарату барысында көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ аталған тақырып аясындағы жалған ақпаратпен күресуге шақырды.

Тағы оқыңыз: Қыркүйектен бастап студенттер 31 мың теңге алады

"Мен оқытудың дәстүрлі форматын қолдаймын және бүлдіршіндеріміз үшін мектеп есіктері айқара ашылады деп үміттенемін. Халық вакцинация науқанына неғұрлым белсенді қатысса, әдеттегі өмір ырғағына соғұрлым тезірек оралатынымыз сөзсіз", - деді ведомство басшысы.

Министр әр мұғалім – нағыз батыр, биылғы оқу жылының басты кейіпкері атанғанын атап өтті.

Ол әріптестеріне жазғы демалыс кезінде жақсы демалып, жаңа оқу жылына күш-қуатпен оралуды тіледі.

Жаңалықтар
0