Қоғам

Үкімет жұмыста болатын жазатайым оқиғаларды қалай азайтады

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуМеталлург, архивное фото
Металлург, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2021
Жазылу
Жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалардың алдын-алу мақсатында арнайы жоспар бекітіледі

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Үкімет қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін біз қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдаймыз. Оны іске асыру нәтижесінде жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылар үлесі азаяды деп күтілуде", - деді премьер-министр Асқар Мамин үкімет отырысында.

Айтуынша, қазірдің өзінде Қостанай мен Павлодар облыстарында өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі бойынша оң динамика байқалып отыр. 

Мамин басқа өңірлерге осы бағыттағы жұмысты жандандырып, тау-кен металлургия кешендері мен құрылыс саласындағы кәсіпорындарға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыс берушілер үшін еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі бойынша өзін-өзі бақылауға арналған онлайн-платформа әзірлейді.

Жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға экономикалық ынталандыруды арттыру бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Төтенше жағдайлар министрлігіне 1 қазанға дейін қауіпті өндірістік объектілерде апаттарды азайту жөнінде жол картасын бекіту тапсырылды.

Әкімдіктер өнеркәсіп орындарымен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жол карталарын бекітуге тиіс. Сонымен қатар, кәсіпорындармен өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау бойынша жұмыс жүргізуі керек.

Оқи отырыңыз: Депутаттар өндірісте қаза болғандардың отбасына 10 жылдық жалақы төлеуді ұсынды

Мамин еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне сүйенуге тиіс екенін атап өтті. Ол өндірістік кәсіпорындарда халықаралық "Vizion Zero" нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет деп санайды.

"Әрбір жарақаттану жағдайы төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, оның қорытындысы бойынша кешенді шаралар әзірленуге тиіс.    Халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби қатерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажет", - деді ол. 

Айтуынша, бұл үшін барлық құралдар мен қажетті ресурстар бар.

Жаңалықтар
0