Қоғам

"Ирина Кайратовна" режиссері: Біз ешкімді көшеге шығуға шақырмаймыз

© Sputnik / Тимур БатыршинРежиссер шоу "Ирина Кайратовна" Куаныш Бейсеков
Режиссер шоу Ирина Кайратовна Куаныш Бейсеков - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.06.2021
Жазылу
"Ирина Кайратовна" ұжымының режиссері Қуаныш Бейсеков Дудьке берген сұхбатынан кейін өзін не таңғалдырғанын және жастарға қалай әсер етуге болатынын айтты

АЛМАТЫ, 16 маусым – Sputnik. Төрт жыл бұрын құрылған "Ирина Кайратовна" шоуының режиссері Қуаныш Бейсеков кейінгі бірнеше айда көпшілікке кеңінен танылды. Ресейлік журналист Юрий Дудьке сұхбат бергеннен кейін YouTube платформасындағы көрермені де көбейді, жігіттердің шығармашылығына деген қызығушылық та артты.

Бейнебаяндармен қатар Қуаныш Бейсеков қазір қысқаметражды фильмдер түсіре бастады. Соның бірі – "Шоқан" фильмі. Қысқаметражды фильм Go Viral 2021 фестивалі аясында көрсетілді. Көрсетілімнен кейін Қуаныш Бейсеков журналистер мен көрермендер сауалына жауап берді.

"Сұхбаттан кейін танымал болып ояндым"

- Ресейлік журналист Юрий Дудьке берген сұхбатыңыздан кейін көпшілік танып, талқылай бастағаны белгілі. Сұхбатқа қалай келістіңіздер? Кім байланысқа шықты?

Дудь бізге режиссер Айсұлтан Сейітов арқылы байланысқа шықты. Айсұлтан бұған дейін сол жерде қонақ болған. Дудь Алдияр Жапархановқа ("Ирина Кайратовна" ұжымының мүшесі – Sputnik) хабарласты, барлық байланыс сол арқылы жүрді.

- Сол сұхбаттан кейін Қазақстан немесе Ресей тарапынан ұсыныстар көбейді ме?

Кей ресейлік жоба Дудьпен сұхбатқа дейін де жоспарланған болатын. Ұсыныс көп, бірақ оның барлығы маған тікелей жетпейді. Бізде барлық сұранысты қарайтын компания бар, маған тек маңыздысын көрсетеді. Сол себепті көлемін көрмеген соң бағалай алмаймын.

Сол сұхбаттан кейін көшеде суретке түскісі келетіндер көбейді, сол жағынан Дудьпен сұхбаттан кейін танымал болып ояндым.

- Сұхбатқа қатысты жазылған пікірлерді оқыдыңыз ба? Қандай пікір ерекше есіңізде қалды?

Лайк көп басылған пікірлерді оқып шықтым. Ильяның ұлты орыс екеніне қарамастан (Илья Гуменный – "Ирина Кайратовна" ұжымының мүшесі – Sputnik)  оның қазақша акценті бар екені жазылған пікір таңғалдырды. Сондай-ақ адамдардың кенеттен көрсеткен қолдауына таңғалдым.

- Кей көрермен "ИК" жігіттерінің әңгімесінен көңілі қалғанын жазып жатыр...

Жігіттерге сондай сұрақтар қойылды, жалпы олар еш кем түспейді. Олар менімен салыстырғанда сондай болып көрінді. Оларға жеңіл-желпі сұрақтар қойылып, олар да дәл солай жеңіл түрде әзілмен жауап берді. Бізде бірдей құндылықтар бар, әйтпесе біріге алмас едік.

- Егер сізде мүмкіндік болса, Қазақстандағы қай өнерпаздан сұхбат алуды ұсынар едіңіз?

Менде мұндай өкілет жоқ. Ол менің ойыма құлақ аспауы да мүмкін. Бізде шығармашыл жастар жеткілікті. Біреуді бөліп көрсеткім келмейді. Меніңше, бізде дәл сондай 10 қызық шығарылым түсіруге болатындай өнерпаздар бар.

- "Ирина Кайратовна" ұжымы қалай жиналған?

Жігіттермен 2013 жылдан бері таныспын, біз бірге оқыдық. Ең алдымен біз доспыз, содан кейін ғана ортақ іспен айналыса бастадық.

Қазір де "Ирина Кайратовна" тобының түсірілімінен келдім. Жақында жаңа трек пен бейнебаян шығаруды жоспарлап отырмыз. Қашан шығатыны біздің әлеуметтік желідегі парақшамызда жарияланады.

- Бүгін "Шоқан" фильмін көрдік. Қазіргі кино әлемі туралы ойыңыз қандай?

Қазір бүкіл әлемде азиаттар дәуірі. Америкалықтар корей, жапон, қытай фильмдерін түсіріп, оларды бейімдейді. Ресейде қазақтар да танылып жатыр. Барлығы ұзақ уақыт бойы өз контентіне қанығып, енді қандай да бір экзотиканы іздеп жатыр. Олар үшін біз сол экзотика болып отырмыз және соны пайдалану керек.

Ашаршылық және болашақ

- "Шоқан" фильмін түсіруге не себеп болды?

"Шоқан" менің бақса жобаларымнан, әсересе ИК-дан қатты ерекшеленеді. Ол жерде мақсатты түрде түсірілетін аудитория бар және мен тек режиссер ғана емес, продюсермін.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚуаныш Бейсеков
Ирина Кайратовна режиссері: Біз ешкімді көшеге шығуға шақырмаймыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.06.2021
Қуаныш Бейсеков

Ал Go Viral 2021 фестивалі аясында маған қысқаметражды фильмге қаржы берді де, "бір ғана тақырып бар, ол – болашақ" деп айтты. Болашақты көрсетіп, өзің қалаған дүниені түсіруге мүмкіндік берді. Ұзақтығы жарты сағаттан аспауы қажет деген талап болды. Соған қатысты идея көп болды. Тұжырымдама деңгейінде осы жұмыс жарық көрді. Хаким Мукарам деген блогер бар, ол әрі сценарист. Екеуміз бірге осы идеяны талқыладық, ортақ тұжырымдаманы бірге ойластырдық. Әрі қарай сценарийді толық жазып шықтым.

- Фильм не туралы?

Бастапқыда жасөспірімдер үшін түсіру туралы ой болған жоқ. Тақырып өте эмоционалды, негативті. Сценарийді жазып отырған кезде басты рөлді сомдайтын қыз көңілді, жарқырап тұрған кейіпте бола алмайтынын түсіндім. Ол жүдеген, көңіл-күйі жоқ. Тіпті каннибализм жағдайлары да болған. Мұның бәрін сол қалпында көрсеткім келмеді, сол себепті оқиғаны жасөспірімдерге лайықтадым. Бұл мультфильм сияқты шықты.

Мұндай жаман дүниелер бар екенін көрсету үшін емес, жастардың бұл дүниені көріп, тақырыпты біршама жақсырақ біліп, тереңірек зерттеп, өз бетінше ашуы үшін жасадым. Барлығы кітаптан оқу арқылы мұны толық түсіне бермейді. Сол себепті осылай жұмсақ түрде көрсеткім келді.

Фильм болашақ туралы болғанымен, ол жерде өткен кезең, ашаршылық жайы көрсетіледі.

- YouTube платформасында көп қаралым жинаған "5К" бейнебаянында да тарихи оқиғалар көрсетіледі. Мұны жобаларыңызға ортақ дүние деп қарауға бола ма?

5K бейнебаянында біздің тарихымыздың панорамасы және менің қызығушылығым көрсетілген. Тарихқа қатты қызығамын. Ал шындығында мектепте тарихты мүлде оқымадым, 3 деген бағаға оқыдым. Мүмкін Қазақстанда сабақ беру методикасы дұрыс емес пе, әлде мен өзім сондай болдым ба, оны білмеймін. Білетінім, мектепте мүлде оқымадым. Есейген кезде өздігімнен тарихты оқи бастадым, кейінгі 2-3 жылдың ішінде өзім үшін жаңа дүниелерді аштым. Ішімдегінің бәрін айтқым келді, менің бірқатар жұмысымда ол көрінеді.

- Тарихқа қызығуыңызға не себеп болды?

Есейіп, өз тарихыма қызыға бастадым. Оған мынау әсер етті деп айтатын ештеңе жоқ. Өзімнің кім екенімді, неге азиат екенімді, неге қазақ және орыс тілін білетінімді зерделеу үшін қызықтым. Бұған дейін өте көп саяхаттадым, америкалықтар секілді түсіргім келді. Содан кейін әркімнің бірегей мәдениеті бар екенін көрдім. Ең алдымен өз мәдениетіңді, өз тарихыңды жақсы көріп, басқаның тарихын көшірмей, өз тарихыңды көрсетуің керек. Сонда бірегей дүние шығады.

- Ал қазіргі тарихқа қатысты ойыңыз қандай?

Бүгінгі тарих дәл қазір жазылып жатыр және өкінішке қарай бейтарап ақпарат көзі жоқ. Бір тарап қандай да бір жағдайды мақтайды, ал екінші тарап жамандайды, ал екеуінің ортасы жоқ. Алайда адамның немесе қандай да бір жағдайдың түбегейлі жақсы немесе жаман болуы мүмкін емес. Бізде нағыз тарихты көрсететін дереккөз жоқ. Кей жақ тым радикалды, мұның бәрін сәл жұмсақ түрде қолдануға болатын еді. Біз ешкімді көшеге шығуға шақырмаймыз, өз идеямызды таратамыз, бірақ әлдеқайда жұмсақ түрде жеткіземіз.

- Толықметражы фильм түсіру туралы жоспар бар ма?

Біраздан бері толықметражды фильм түсіруге мүмкіндік бар. Біздің кез келген идеямызды қаржыландыруға дайын продюсерлер бар. Бізде толықметражды фильмге керек материалдық-техникалық база, қандай да бір білім-таным бар. Коммерциялық фильм түсірсек, қолдайтын аудитория да бар.

Толықметражды фильм түсіру – "Ирина Кайратовна" ұжымының мақсаты. Біз өз қызметімізді сол үшін бастадық, бұл біз үшін өте маңызды тақырып. Толықметражды фильм түсіру үшін біріктік. Енді қазір толықметражды фильм түсірсек, біздің ұжым ретінде ортақ қызығушылығымыз қалмай, соның кесірінен тарап кетуіміз де мүмкін. Бізді біріктіріп тұрған – идея. Жалпы бізге толықметражды фильм түсірудің қажеті жоқ шығар. Ал егер біз тарап кетсек, бұл қайғылы жағдай емес, заңды бұрылыс болады.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚуаныш Бейсеков көрермендердің сауалына жауап берді
Ирина Кайратовна режиссері: Біз ешкімді көшеге шығуға шақырмаймыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.06.2021
Қуаныш Бейсеков көрермендердің сауалына жауап берді

Біз дәл қазір фильмнің түсіріліміне кірісе аламыз, бізде оған қажеттінің бәрі бар. Бұл тақырып біз үшін өте  маңызды болғандықтан фильмнің кезекті қазақстандық фильм болып, елдегі кинотеатрлардан ғана көрсетілгенін қаламаймыз. Бізге қызық тақырыпты түсіріп, отанымызда қандай да бір коммерциялық табыс тауып, халықаралық фестивальдерде табысқа жетіп, Еуропада сол фильмді көрсете алатындай болғанын қалаймыз. Әрине, соның бәрінен ләззат алып, табыс тауып, ол жұмыстың шығармашылық салмағы, мәдени мағынасы болғанын қалаймыз. Қазір соған қатты дайындалып жатырмыз. Қазір бізде он шақты концепт бар, кейінгі бір жыл ішінде синопсисті жазуға жеттік.

- Ал болашаққа құрған жоспарыңыз қандай?

Шынымды айтсам, болашақты жоспарламаймын. Дәл осы жерде отыратынымды немесе басқа бір дүние болатынын білген жоқпын. Жай ғана өз өмірімді сүремін. Кенеттен танымал болып кеттім, кенеттен бәрі менімен фотоға түсетін болды. Алайда мұның бәрін атақ үшін істеген жоқпын. Болашаққа жоспар құрмаймын, тек өз жұмысымды күн сайын жақсы атқарамын.

P.S. "Шоқан" – режиссер Қуаныш Бейсековтің алғашқы қысқаметражды фильмі. Фильмде 2040 жыл көрсетілген. Сюжет бойынша мектеп оқушылары өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық тақырыбын зерттейді. Ол үшін оқушылар виртуалды шындық көзілдірігін киіп, өткенге үңіледі. Бірақ техникалық ақауларға байланысты фильмнің басты кейіпкері өткен ғасырға түсіп, бір қызды кездестіреді. Қызбен бірге сол уақыттың қиындығын басынан өткереді.

Жаңалықтар
0