Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев азық-түлік бағасын төмендетуді тапсырды

1216
Президент негізгі азық-түлік өндірісінің көлемін ұлғайту, әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарға қолдау көрсету қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Кездесу барысында президент азық-түлікті арзандату бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.

Жұманғарин Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Президент азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасын төмендету жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі азық-түлік өндірісі көлемін ұлғайту, отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарына қолдау көрсету қажет деп санайды.

Сонымен қатар президентке Қазақстандағы биржа саудасының дамуы, құрылыс материалдары, тұрғын үй, жанар-жағармай нарықтарындағы бағаға қатысты ахуал, сондай-ақ кірме жолдар нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде мәлімет берілді.

Тағы оқыңыз: "Бос сөзді қою керек": депутат қымбатшылықтың негізгі себебін атады

Жұманғарин Тоқаевқа мемлекеттік және жеке операторлардың қызметіне жүргізілген талдау жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған қазіргі құрылымдарды оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Болжам бойынша олар 3,5 миллиард теңге экономикалық пайда әкеледі.

Бұған қоса фармацевтика, автожолдар құрылысы нарықтарындағы, денсаулық сақтау саласындағы монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы айтылды. Салалық ведомствоның жетекшісі президентке бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін шектеулерді жою үшін ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қабылдап жатқан шаралар, ұлттық жоба және бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

1216
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Серік Жұманғарин, азық-түлік, баға
Тақырып бойынша
Тоқаев Иран президентіне жеделхат жолдады
Ұлттық жобалар халықтың тұрмысын жақсартуға тиіс – Тоқаев
Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді – Тоқаев
Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты
Ақорда ғимараты

Тоқаев екі әкіммен телефон арқылы сөйлесті

53
Президент Алматы әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды.

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Президентке Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "дельта" штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.

53
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі сурет

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

67
(Жаңартылды 17:59 04.08.2021)
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

67
Кілт сөздер:
Алматы облысы, сәби, Қазақстан халқы
Архивтегі фото

"Ұйықтатамын деп бөлмеге кіргізген": Алматыда педофил сотталды

0
Қаскүнем ішімдік ішіп, үйге кеш келген. Ол қызды өзім ұйықтатамын деген сылтаумен бөлмеге кіргізіп, зорлап тастаған

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматыда кәмелеттік жасқа толмаған қызға жыныстық зорлық жасаған ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталушы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталды. Істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Бұл оқиға өткен жылдың қараша айында Алматының Наурызбай ауданындағы "Премьера" тұрғын үй кешені үйлерінің бірінде болған.

Қаскүнем ішімдік ішіп, үйге кеш келген. Ол қызды өзім ұйықтатамын деген сылтаумен бөлмеге кіргізіп, зорлап тастаған. Оған ешкім кедергі жасай алмаған.

Тергеу де, сот та бұл іс бойынша жеңілдететін мән-жайларды таба алмады.

Сот жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Б.есімді ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айырды.

0