Қоғам

Күйеуі өзіне де, баласына да күн бермей ұрып-соққан алматылық әйел: "18 жыл шыдадым"

© Sputnik / Тимур БатыршинДомашнее насилие, иллюстративное фото
Домашнее насилие, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2021
Жазылу
Шыдамның шегі күйеуі өз қызын өлімші етіп сабаған кезде ғана таусылса керек

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым — Sputnik. Елімізде отбасыдағы тұрмыстық қатынастарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар дерегі азаймай тұр, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Мәселен, Алматы облысына қарайтын бір ғана Қарасай ауданында жыл басынан бері 322 әйелді өз күйеуінен қорғау туралы нұсқама шығарылған. Ал жергілікті полиция қызметі бұл жағдайлардың алдын алу үшін нендей шаралар жасайды? Бұл жөнінде Almaty.tv телеарнасы арнайы сюжет жасады.

Есімін жасыруды сұраған бір әйел жолдасының қорлығына 18 жыл бойы шыдап келген. Кейіпкердің әңгімесінен жан түршігеді. Сөзінше отағасы өзіне де, балаларына да күн бермей ұрып-соғатын көрінеді. Тіпті жүкті кезінде де талай таяқтың астына алған. Бірақ  бір күні "әлі де өзгерер, түзелер" деген үмітпен өткіздім дейді ол. Шыдамның шегі күйеуі өз қызын өлімші етіп сабаған кезде ғана таусылса керек.

"Ұрып тастадым деді. Кімді десем ‒ Кәусарды деді. Бөлмесі бөлек болатын. Жүгіріп барсам, баланың дене қызуы көтеріліп қолын көтере алмай қалған. Мен айттым: қыз бала ғой, соншалықты сөз де қайтармайды, қорқады. Сен қырықтасың, ол он жаста. Сонша не болды? Деп айтсам, ‒ жоқ, түсінер емес. Төсекке секірме десе, қызым секіре беріпті. Он жастағы бала еркелеп, ойнағысы келеді ғой енді. Немен ұрдың десем, ‒ өзінің үлкен аяғымен тебе берген ғой тоқтамай. Кіп-кішкентай қызды қалай аяғымен тебеді,түсінбеймін", ‒ деді жылап, есімін жасырған әйел.

Қанша жаман болса да балаларымның әкесі деген ол полицияға арыз түсірмеген. Ерлі-зайыпты 2017 жылы ажырасып кеткенімен уақыт өте келе қайта табысыпты. Бірақ бұл жолы да бақыттары баянды болмай, кезекті жанжалдан кейін әйел бала-шағасымен дағдарыс орталығынан бір-ақ шыққан. Қазір көпбалалы анаға құқық қорғау қызметкерлері көмек қолын созуда.

"Бүгінде біздің орталықта "Әйел отбасы шырағы" сияқты акциялар жүргізіліп отырады. Осының нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда әйелдердің жеке тұлғасына қатысты жасалатын қылмыстың саны төмендеді. Дегенмен де отбасы тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзуышылықтар әлі де фактілері тіркелуде. Сондықтан осындай фактілерді болдырмау үшін полицейлер халық арасында зорлық-зомбылыққа қарсы насихат шараларын, сауалнамалар мен тәжірибелер ұйымдастырады. Қазір республика бойынша "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" атты науқан жүріп жатыр", ‒ деді Қарасай аудандық полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Эльмира Есенбаева.

Оқи отырыңыз: Оралда ер адам сүйіктісін кәмелет жасқа толмаған қызының көзінше пышақтап тастады – видео

Тәртіп сақшылары шағын әлеуметтік эксперимент жасап көрмен. Көшенің дәл ортасында қыз бен жігіт арасында жанжал туып, ер адам әйелге қол көтеруге дейін барады. Осы кезде айналадағы адамдар бұл жағдайға қалай әсер етеді? Нендей әрекет жасаған? 

Бастапқыда екі жастың ісіне араласып, қызға араша түскен ешкім болмаған. Бірақ бойжеткенді жұлқылап, қол тигізген жігітті көрген кезде бейжай қарамайтын адамдар табылған.

Мысалы, эксперимент кезінде егде жастағы апаға "Барыңыз, өзіміз шешеміз, араласпаңыз!" ‒ дегенде, апамыз бей-жай қарамай "Қазір полиция шақырамын" ‒ деген. Тағы бірнеше адам сабырға шақырып, ұрғызбаған.

"Еркек адам әйелге қол көтергеннен жаман ешнәрсе жоқ. Өйткені әйел ‒  бала-шағамыздың анасы, бүгін болмаса ертең ана, әже болады. Сондықтан қол көтерген мүлде дұрыс емес", ‒ деді қала тұрғыны Бекзат Омаров.

Жалпы мамандар әйелдерге қатысты ауыр санаттағы қылмыстар жыл басынан бері тіркелмегенін айтады. Ал орташа деңгейде бағаланатын қылмыстар былтырмен салыстырғанда 50 пайызға азайған. Бірақ, әйелдерге әлімжеттік көрсетіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылған ер-азаматтардың саны соңғы алты айда 322-ге жетіпті. Былтыр 303 жағдай тіркелген.

Жаңалықтар
0