Қоғам

Саналы ғұмырын айтыс өнеріне арнады: Тоқаев халық ақынының отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинДомбра
Домбра - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.07.2021
Жазылу
Президент жеделхатта ақынның жұртымыздың рухани байлығын дамытуға мол үлес қосқанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Қазақстанның халық ақыны, "Парасат" орденінің иегері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын", - делінген жеделхатта.

Президент Әселхан Әлішерқызының айтыс көкжиегінде шоқ жұлдыздай жанып, халқының сүйікті ақын қызына айналғанын атап өткен.

"Саналы ғұмырын киелі айтыс өнеріне арнап, жұртымыздың рухани байлығын дамытуға мол үлес қосты. Соңында өшпес мұра қалдырды. Әселхан Қалыбекованың есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – деді мемлекет басшысы.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Ол 1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастайды.

Әселхан Қалыбекованың айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын болды.

1989 жылы Қазақстан жазушылар одағының Жамбыл атындағы халықаралық сыйлығының тұңғыш лауреаты атанған. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен "Қазақ КСР-нің халық ақыны" құрметті атағымен марапатталды.

Жаңалықтар
0