Қоғам

Қазақстанда Сирия бойынша келіссөздер қайта жаңғыртылады

© Sputnik / Абзал КалиевСирийские переговоры. 13 раунд
Сирийские переговоры. 13 раунд - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.07.2021
Жазылу
Алғаш рет келіссөздер 2017 жылы өткен болатын

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде — Sputnik. Қазақстанның бас қаласы он төртінші рет сириялық келіссөздер өткізуге арналған алаң ұсынады.

Алғаш рет келіссөздер 2017 жылы сол кездегі Астанада өткен болатын. Содан бері Қазақстанның бас қаласында 14 кездесу өтіп, оларды "астаналық" деген атауға ие болды. Алайда екі рет – 2018 жылдың шілдесі мен осы жылдың ақпанында келіссөзге қатысушылар Сочи қаласында бас қосты.

Қауіпсіздік шаралары

Келіссөздер екі күнге созылып, 7 және 8 шілде күндері дәстүр бойынша Rixos қонақ үйінде өтеді.

Атап өтсек, Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Осыған байланысты шараны ұйымдастырушылар процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылдады. Сондықтан шетелдік журналистерде COVID жұқтырмағанын растайтын ПТР-тесті бар анықтама болуы керек. Ал қазақстандық БАҚ өкілдері жергілікті вакциналау паспортын көрсету керек болады. Сондай-ақ іс-шараға Ashyq қосымшасы арқылы кіруге болады.  

Біраз бұрын денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, вакциналау паспорты немесе анықтама болуынан бөлек, шараға қатысушылар келіссөздер кезінде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы және өздерімен антисептик алып жүруге міндетті болады.

Кімдер қатысады

Нұр-Сұлтандағы келіссөздерге:

  • гарант-елдердің (Иран, Ресей және Түркия);
  • Сирия үкіметінің;
  • Сириядағы қарулы оппозицияның;
  • БҰҰ бақылаушылары, Иордания, Ливан және Ирактың делегациясы қатысады деп жоспарлануда.

Бұл кездесуге Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы елшісі Гейр Педерсен қатысады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: Сирия бойынша келіссөздер шілде айының басында Нұр-Сұлтанда өтеді

Ресейлік делегацияға РФ президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев, түрік делегацияға Түркия сыртқы істер министрлігінің екіжақты саяси қарым-қатынастың бас директоры Сельчук Унал жетекшілік етеді.

Иран делегациясын Иран Сыртқы істер министрінің арнайы саяси мәселелер жөніндегі аға кеңесшісі Али Асгар Хаджи, Сириядан келетін делегацияны республикадағы сыртқы істер министрінің орынбасары Айман Сусан, сириялық қарулы оппозицияны - Ахмед Тома басқарады.

Не талқылайды

Келіссөзге қатысушылар талқылайтын мәселелердің қатарында Сириядағы ахуал, гуманитарлық көмек, тұтқындармен алмасу, кепілге алынған адамдарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу бар.

Сонымен қатар Астана кездесуінің алаңында еркінен тыс ұстап отырған азаматтар мәселесі жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтуі керек. Оған гарант елдер, сондай-ақ БҰҰ мен Қызыл Жарты Ай халықаралық комитетінің сарапшылары қатысады.

Сирияда қазір не болып жатыр

Осы жылдың наурызында Сириядағы азаматтық соғыстың басталғанына он жыл толды. 2011 жылдың наурызында республикада үкіметке қарсы жаппай наразылықтар басталып, оның соңы қарулы қақтығысқа алып келді. Бұл азаматтық соғыс салдарынан гуманитарлық дағдарыс туындады: жарты миллионға жуық адам көз жұмып, елдегі халықтың жартысынан астамы немесе 12 миллион тұрғын үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды.

БҰҰ елдің солтүстік-батысында қарулы қақтығыс жалғасып, оңтүстік-батыстағы жағдай шиеленісіп тұрғанына қарамастан, елдің басым аудандарында ахуал біршама тыныш екенін хабарлады.

Жаңалықтар
0