Елжан Біртанов

Біртанов бюджет қаражатын жымқырмаған болып шықты

3724
(Жаңартылды 15:30 08.07.2021)
Бұған дейін оған бюджет қаражатын жымқыру бойынша айып тағылып келді. Алайда көп айға созылған тергеу аяқталуына бес күн қалғанда аталған бап "Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" бабына өзгертілген 

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде — Sputnik. Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша тергеу аяқталды. Қорғаушы тараптың пікірінше, тергеу кезінде көптеген заң бұзушылыққа жол берілді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне экс-министрдің қорғаушысы Дмитрий Куряченко мәлімдеді.

"Тергеу аяқталды. Тергеу аяқталуына бес күн қалғанда күдік "жымқырудан" "өкілеттікті асыра пайдалануға" ауыстырылды. Жалпы тергеу денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысын бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша 2020 жылдың мамырында басталғанын еске салғым келеді. Алайда ақырында ешқандай жымқыру фактісі жоқ екені анықталды. Оны кейіннен қаржы мониторингі агенттігі де мойындады. Бірақ Біртанов та, қорғаушысы ретінде біз де ешқандай қылмыс, жымқыру жоқ екенін қайта-қайта айтып келдік. Сонда қаржы мониторингі агенттігі жымқыру фактісі бар деген мәлімдеме арқылы халықты алдап отырғаны ма?", - деді Дмитрий Куряченко.

Оқи отырыңыз: Біртановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды 

Ол анықталмаған "жымқыру" қылмысы үшін Біртановты тергеу изоляторында ұстағанын, кейіннен сегіз ай үйқамақта отыруға рұқсат еткенін мәлімдеді. Экс-министр қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша тағылған айыпты да мойындап отырған жоқ.

"Менің қорғауымдағы Біртанов тағылған айыпты мойындамайды. Тергеу әділетсіз өтті әрі көптеген заң бұзушылыққа жол берілді. Мұның барлығы сотта дәлелденеді", - деді адвокат.

Келесі сот отырысы қашан өтетіні әзірше белгісіз. Заңгердің айтуынша, қазір іспен танысу сатысы басталып жатыр.

Еске сала кетейік, 8 шілдеде Елжан Біртанов пен денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, оларға қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылып отыр.

Сонымен қатар Біртанов 2020 жылдың маусымында санитарлық авиация тікұшағын жеке мақсатта пайдалану фактісі бойынша қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталуда.

Біртановты қамауға алу

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың қазанында ұсталды. Ол аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. 7 қарашада экс-министрге үй қамауында ұстау бойынша бұлтартпау шарасы қолданылып, оның мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

3724
Кілт сөздер:
Біртанов, бюджет қаражаты
Ақорда ғимараты

Тоқаев екі әкіммен телефон арқылы сөйлесті

53
Президент Алматы әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды.

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Президентке Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "дельта" штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.

53
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі сурет

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

67
(Жаңартылды 17:59 04.08.2021)
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

67
Кілт сөздер:
Алматы облысы, сәби, Қазақстан халқы
Архивтегі фото

"Ұйықтатамын деп бөлмеге кіргізген": Алматыда педофил сотталды

0
Қаскүнем ішімдік ішіп, үйге кеш келген. Ол қызды өзім ұйықтатамын деген сылтаумен бөлмеге кіргізіп, зорлап тастаған

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматыда кәмелеттік жасқа толмаған қызға жыныстық зорлық жасаған ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталушы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталды. Істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Бұл оқиға өткен жылдың қараша айында Алматының Наурызбай ауданындағы "Премьера" тұрғын үй кешені үйлерінің бірінде болған.

Қаскүнем ішімдік ішіп, үйге кеш келген. Ол қызды өзім ұйықтатамын деген сылтаумен бөлмеге кіргізіп, зорлап тастаған. Оған ешкім кедергі жасай алмаған.

Тергеу де, сот та бұл іс бойынша жеңілдететін мән-жайларды таба алмады.

Сот жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Б.есімді ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айырды.

0