Архивтегі фото

Вице-министр Hayat-Vax пен CoronaVac неге тапшы екенін түсіндірді

4269
Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары Қазақстанға шектеулі көлемде жеткізілген. Қазір шетелдік өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакциналау пунктерінде Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары неге тапшы екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанға Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары шектеулі көлемде жеткізілді.

"Елге әкелінген бүкіл партия екіге бөлінді: жартысы бірінші компонентке, қалғаны екінші компонентке арналды. Қазір Hayat-Vax бірінші компонентінің 13 мыңға жуық дозасы қалды. Қазақстан бойынша 486 мыңнан аса адам осы вакцинаны алды. Сол себепті екінші компоненттің дозалары медициналық мекемелердің қоймаларында сақталып тұр", - деді Шоранов брифингте.

Ол қазір біраз қалада осы вакциналар таусылғалы жатқанын айтты.

Сондай-ақ вице-министр Hayat-Vax пен CoronaVac елге тағы әкеліне ме деген сұраққа жауап берді.

Қазақстанда 2 мыңнан аса адам вакцинадан кейін вирус жұқтырған

"Біз вакциналарды бір мезгілдік келісімшартпен жеткіздік. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оның шешімі зауыттың өндіріс қуаттылығына және басқа да келісімшарттарға байланысты болады. Біз мерзімін белгілеуге тырысамыз", - деді министрдің бірінші орынбасары.

 

4269
Ақорда ғимараты

Тоқаев екі әкіммен телефон арқылы сөйлесті

38
Президент Алматы әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды.

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Президентке Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "дельта" штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.

38
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі сурет

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

64
(Жаңартылды 17:59 04.08.2021)
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

64
Кілт сөздер:
Алматы облысы, сәби, Қазақстан халқы
Қазақстан құрамасы Токиодағы Олимпиада стадионында

Қазақстан Олимпиада трансляциясына қанша ақша жұмсады

0
Құқық иесі трансляция бағасын төмендетуге Олимпиада ойындары басталардан бір күн бұрын келіскен

АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Олимпиада ойындарын трансляциялауға қанша қаражат жұмсалғанын хабарлады.

Бұл мәліметтерді министрлік "Ақ Жол" демократиялық фракциясының депутаттық сауалына жауап ретінде жариялады.

Олимпиада ойындарының көрсетіліміне жапонның Dentsu Inc компаниясы және оның Орталық Азиядағы өкілі – шведтің Silver spring media компаниясы жауап береді.

"2018 жылдың 16 қарашасында аталған компаниялар 2021 және 2022 жылғы Олимпиада ойындарын жалпы сомасы 15 миллион долларға (техникалық шығындарды қоспағанда) сатып алуды ұсынды", - деп хабарлады ақпарат министрлігі.

2021 жылдың ақпанында "Қазақстан" РТРК"АҚ мен "Хабар" агенттігі" АҚ Silver spring media және Dentsu Inc-ке Токиодағы XXXII Олимпиада ойындары мен Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын трансляциялауға байланысты бағасын ұсынуды және өткен кезеңдегідей 5,1 миллион долларға шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруды сұрап хат жолдаған.

Айта кетері, 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарын көрсетуге техникалық шығындарды қосқанда 5,1 миллион доллар кеткен.

"Алайда компания бұл ұсынысты елемей, хатты жауапсыз қалдырды", - деді министрлік.

Алайда құқық иелерімен келіссөздер жалғасқан. Олимпиада ойындары басталардың алдында ғана олар бағаны төмендетуге келіскен.

"2021 жылдың 23 шілдесінде Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарын және Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын техникалық шығындарды ескере отырып, жалпы сомасы 6,25 миллион долларға трансляциялауға лицензиялық құқықты сатып алу туралы келісімге қол қойылды", - деп нақтылады министрлік.

Осыған байланысты қазақстандықтар спортшы Елдос Сметовтың алаңға шыққанын отандық телеарна арқылы көре алмады.

"Құқық иелері тиісті техникалық талаптарды беруден бас тартты, бұл тікелей эфир үшін техникалық трактілер жүргізуге мүмкіндік бермеді. Трансляция сынақ режимінде бұрын тексерілмегендіктен, спутниктік сигналдардың жиілігі мен форматы сәйкес келмеді. Осыған байланысты кеш қосылып, техникалық себептерге байланысты қазақстандық спортшы Елдос Сметовтің белдесуі "Хабар" телеарнасының эфирінде жоспарланған уақытта көрсетілмеді", - деп түсіндірді министрлік.

Кейін Сметовтің ойыны жазба күйінде көрсетілді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, 24 шілде кешке ведомство құқық иелерімен және мемлекеттік телеарналармен бірлесіп барлық техникалық мәселені реттеген. Содан кейін трансляция арқылы қазақстандық спортшылардың өнері кедергісіз көрсетіліп келеді.

0
Тақырып:
Токио Олимпиадасы