Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент вакцинаны міндеттеу мәселесіне қатысты пікір білдірді

8698
(Жаңартылды 14:18 10.07.2021)
Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ, деді Қасым-Жомарт Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинаны міндетті түрде салдыру мәселесіне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ашығын айту керек, қазіргі вакциналау жұмысының қарқыны әлі де мардымсыз, нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде азаматтарымыз өзінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы қажет. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.  

Президенттің айтуынша, кейбір салаларда вакцинаны  міндетті түрде салдыру шараларының заңнамалық, тіпті, конституциялық негізі бар.

"Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы. Сондай-ақ, мынандай екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеу болмауға тиіс. Медициналық себептерге және белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, әсіресе, мониторинг жүргізу топтары осы мәселені ескеруі керек", - деп түйіндеді Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін әділет министрлігі COVID-19-ға қарсы вакцинаны міндеттеудің құқықтық негізін түсіндірген болатын. Ведомствоның ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін Денсаулық туралы кодексте профилактикалық екпелер егу шарасы көзделген.

Кодекстің 85-бабы 4 және 8-тармақтарына сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті.

Олардың қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жатады. Бұл үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысында айтылған.

"Осылайша, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін COVID-19-ға қарсы міндетті вакциналаудың құқықтық негіздері бар және бұл "Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды" деген (Конституцияның 31-бабы) конституциялық нормаға сәйкес келеді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, Қазақстан Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды", - делінген хабарламада.

Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, құқықтар мен бостандықтар халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектелуі мүмкін.

 

8698
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, вакцина
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (319)
Картофельная запеканка

Дәрігер COVID-тен жазылғаннан кейін қалай тамақтану керектігін айтты

3
(Жаңартылды 08:40 29.07.2021)
Рационда сүт, балық, жұмыртқа, ет сияқты ақуыз көзі, сондай-ақ маусымдық жемістер мен көкөністер болуы керек

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Диета коронавирус инфекциясынан кейін ағзаны тез қалпына келтіруге көмектеседі.

Ресейлік эндокринолог дәрігер Юргита Вараеваның айтуынша, әркелкі тамақтану COVID-19 індетінен кейін қалыпқа келу процесінде маңызды рөл атқарады. Тағамның калориясы өте жоғары болғаны жөн: тәулігіне дене салмағының килограмына 20-30 килокалория қажет.

Оқи отырыңыз: Адам ерте қартаяды – коронавирустың тағы бір қауіпті әсері анықталды 

Сондай-ақ, маманның айтуынша, бұлшықеттің семуімен күресу үшін рационда ақуыз жеткілікті мөлшерде болуы қажет.

"Рационға бүйректің жай-күйін ескере отырып, бұлшықет тіндерінің семуімен күресу үшін дене салмағының килограмына 1,2-ден екі грамға дейін ақуыз қосу керек. Сүт, ашымал сүт өнімдері, йогурт, сүзбе, балық, жұмыртқа, құс еті, ет  (шұжық өнімдері мен сосиска кірмейді), бұршақ, үрмебұршақ (фасоль), соя өнімдерімен күніне кем дегенде үш-төрт порция мөлшерінде тамақтанған жөн", - деді Вараева Sputnik радиосына берген сұхбатында.

Адамның рационы неғұрлым әркелкі болған сайын, соғұрлым көп қажетті қоректік заттарды ала алады, деп толықтырды дәрігер.

"Соның ішінде маусымдық жемістер мен көкөністерге назар аударған жөн, күн сайын кем дегенде бес порция (бір порцияға шамамен 80 грамм) тұтыну қажет", - деді Вараева.

Дәрігер сонымен қатар тұрақты түрде тамақтану керектігін атап өтті.

"Кем дегенде үш рет толық тамақтанып, бір-үш рет жүрек жалғап алу маңызды. Орташа мөлшерде, бірақ жиі және тұрақты тамақтанған дұрыс", - деп кеңес берді сарапшы.

Әрине, дұрыс тамақтанудың негізгі қағидалары ешқашан өзгермейді: түнде ас ішпеңіз, соңғы рет ұйқыға жатарға дейін екі-төрт сағат бұрын тамақтанған жөн.  

3
Кілт сөздер:
дұрыс тамақтану, тамақ, коронавирус
Архивтегі фото

Қазақстан Қырғызстанға QazVac вакцинасының 25 мың дозасын жеткізді

74
Енді қырғызстандықтар Astra Zeneca, Sputnik V және басқа да шетелдік вакциналармен қатар QazVac салдыра алады

АЛМАТЫ, 28 шілде – Sputnik. Қырғызстанға COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық шеңберінде QazVac инактивтендірілген вакцинасының 25 000 дозасы жеткізілді, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.

Бішкекте көмекті тапсыру рәсіміне Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев, Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев пен медицина ұйымдарының өкілдері қатысты.

Вакцинадан кейін вирус жұқтырғандардың Ashyq-тағы статусы қалай өзгереді

Министр Бейшеналиев елде коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына қарсы іс-қимылда маңызды қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

"Енді қырғызстандықтар Astra Zeneca, Sputnik V және басқа да шетелдік вакциналармен қатар QazVac салдыра алады", - деп атап өтті ол.  

Оның айтуынша, қазақстандық вакцина халықты вакциналау пункттеріне жедел таратылады.

Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев вакцина Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жеткізілгенін айтты.

"Қырғызстан біздің достарымыз бен халықаралық серіктестеріміздің арасында бірінші болып коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны алады, бұл елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілестік қатынастарын тағы да растайды", – деді елші.

Ол сондай-ақ Қазақстанның ізгілік көмегі көптеген адам өмірін құтқаруға және Қырғызстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, QazVac вакцинасын Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өндірген.

2021 жылдың басынан бері ол ресейлік және қытайлық мамандар әзірлеген препараттармен қатар қазақстандықтарды вакциналау үшін қолданылады. QazVac 18 жастан асқан адамдарға салынады.

74
Кілт сөздер:
коронавирус, вакцина
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (319)