Қоғам

Нұр-Сұлтанда вакцина алған екі тұрғын iPhone 12 ұтып алды

© Sputnik / Владислав ВодневАстанчане в Ботаническом парке во время карантина
Астанчане в Ботаническом парке во время карантина - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2021
Жазылу
Елордада вакцина алғандар арасында екі iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың жеңімпаздары анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде - Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алғандар арасында iPhone12 телефонының екі данасының, сол сияқты түрлі демеушілердің сыйлықтарының ұтыс ойынын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

9 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында (Facebook, YouTube) сағат 20:00-де вакцина алған азаматтар арасында екі iPhone12 ойнатылды. Бірінші ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап 6 шілдеге дейін екпе алғандар қатысты. Оның барысында 259 мың 115 адам вакцина алды.

Ұтыс иегерлерін анықтау үшін Birge платформасында арнайы рандомайзер қызметі орнатылып, ол жеңімпаздарды ID арқылы таңдады. Бұл сервис денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерімен біріктірілген.

Оқи отырыңыз: Вакцинадан кейін миллион ұтып алған әйел ақшаны қайда жұмсайтынын айтты

Сонымен осы аптада екі iPhone12 телефонының иегерлері: Жадауова Жанар мен Сорокина Тамара болды. 

"Елорда әкімдігі жаздың соңына дейін апта сайын iPhone 12 телефонының екі данасын ұтысқа қояды. Осылайша жалпы саны 20 iPhone смартфоны ұтысқа қойылады.Қала әкімдігі ұйымдастырған ұтыс ойыны осымен біткен жоқ. Түрлі демеушілердің сыйлықтары да ұтысқа қойылды" - делінген хабарламада.

"Technodom" сауда үйі ұсынған екі планшет, "Mechta" сауда үйі ұсынған екі видеотіркеуіш, "Белый ветер" сауда үйі ұсынған көпфункциялы құрылғының бес данасы ойнатылды.

Айта кетейік, елордада азаматтарды вакциналауға ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны ұйымдастырылуда. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ұтысқа екі бөлмелі пәтердің қойылғанын хабарлаған.

Оған осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Аталған ұтыс ойынына барлық сауда үйлері мен медициналық мекемелерде вакцина алғандар қатысады. Бұл ұтыс ойыны демеушілердің көмегімен жүргізіледі.

Сол сияқты MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығындағы вакцинация пунктінде бірінші компонент алғандар арасында автокөліктің ұтысы өтетінін жариялаған болатын.

Елордада өткізіліп жатқан ұтыс ойындары тұрғындардың вакцина алуға деген белсенділігін арттыру үшін жасалып жатқан шара. Ал ең маңыздысы — ұжымдық иммунитетті дамытып, карантинге дейінгі қалыпты режимге оралу. Ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы тиіс.

Жаңалықтар
0