Тиын, қаржы пирамидасы

Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының тағы бір басшысы құрықталды

57
(Жаңартылды 15:41 13.07.2021)
Алматыда ірі қаржы пирамидасының сыбайласы қамауға алынды

НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде — Sputnik. Алматыда ірі қаржы пирамидасының сыбайласы қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

1971 жылы туған М. есімді азамат қаржы пирамидасы болып танылған ACD technology компаниясының құрушысы болып табылады.  

"Бұдан бұрын хабарланғандай, басты тұлға - К. есімді азамат ұсталып қамауға алынды. Кейінірек тағы екі күдікті Р. есімді азаматша мен М. есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеуді Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушілері жүргізеді", - деді Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

ASTEX.KZ, ACD technology, MUDARABAH CAPITAL және MUSHARAKAH CAPITAL жауапкершілігі шектеулі серіктестері қызметкерлерінің қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады: 8 777 025 65 86 және 8 701 624 28 24.

Қазір полиция істі қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес "қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша жүргізіп жатыр.

Олар мүлкін тәркілеумен бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтарды алдаған Astex.kz инвестициялық компаниясы төңірегіндегі шу желіде қызу талқыланып жатыр. Компанияны Баян Алагөзова, сондай-ақ басқа да қазақстандық вайнерлер жарнамалады.

"Расымен де компанияға қатысты түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл үш жыл бұрын, 2019 жылы болған оқиға. Мен сол кезде екі жас жігітпен таныстым. Екеуі ағайынды екен. Тәрбиесі дұрыс, мәдениетті жігіттер сияқты көрінді. Олар менен нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларын жарнамалап беруді сұрады. Олардың келісімшартын қарап, жұмысына разы болған клиенттерін көрдім. Қысқасы, дұрыс компания екеніне менің көзімді жеткізгендей болды. Ол кезде шынымен де солай болатын", - деп жауап берді Алагөзова сайтқа берген сұхбатында.

Продюсер олардың адал жұмыс істейтініне сол кезде еш күмәнданбағанын жеткізді.

"Күмәнді нәрсені жарнамалауға бармайтын едім ғой. Енді жағдай өзгеріп кетіпті. Қазір компания Astex деп аталмайды екен. Ағайындылар бірге жұмыс істемейтін болған. Мәселе "Мудараба капитал" деп аталатын компаниямен қосылғаннан кейін басталған. Бұл компания туралы бұрын-соңды естіген емеспін. Сондай-ақ Astex.kz деген компанияны да ешқашан жарнамалаған емеспін. Менің түсінуімше, барлық мәселе ағайынды жігіттер екіге бөлініп, олардың бірі басқа компания құрғаннан кейін туындаған. Ал бұған менің еш қатысым жоқ", - деді Баян Алагөзова.

Оқи отырыңыз: Баян Алагөзованың басы бәлеге қалды: алданған жұрт жаппай полицияға арыз жазып жатыр

Ол сондай-ақ ағайындылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білмегенін айтты.

"Instagram табыс көзіне айналғаны ешкімге жасырын емес. Жас кәсіпкерге қолдау көрсету үшін ол пісірген күлшеге жарнама жасауым мүмкін. Ал ертең сол күлшені жеген адам уланып қалса, бұған да мен жауап беруім керек пе?", - деді продюсер.

Баян Алагөзова жас кәсіпкерлерге жарнама жасап көмектесіп жүретінін айтып өтті.

Бұған дейін мәжіліс депутаттары қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған болатын.

Юрий Ли "егер қазақстандықтар жақсы көріп, сенетін танымал жұлдыздар жарнамаға қатыспаса, материалдық шығын мен заңсыз бизнеске тартылған адамдар саны әлдеқайда аз болар еді" деп санайды.

Мәжілісмен қазіргі таңда қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін тек әкімшілік жаза қаралғанын атап өтті. Депутаттар жазаны қатаңдату керек деп есептейді.

57
Кілт сөздер:
Баян Алагөзова, қылмыстық іс, қаржы пирамидалары, қаржы пирамидасы, қаржы нарығы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев екі министрлікті қайта құрды

1231
(Жаңартылды 13:14 27.07.2021)
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің бірқатар өкілеттігі еңбек және денсаулық сақтау министрліктеріне беріліп, олар қайта ұйымдастырылды.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ішкі істер министрлігінің халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.

Бұл ретте заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстаннан кетуге және Қазақстанға келуге визалар беру, халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер сол күйі ішкі істер министрлігінде қалады.

Сондай-ақ ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері денсаулық сақтау министрлігіне өтті.

Атап айтқанда:

  • 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты;
  • 2023 жылдың 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты.

Президент үкіметке қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдар арасында штат санын қайта бөлуді тапсырды.

Тағы оқыңыз: Түрмелердегі кей қызмет денсаулық сақтау министрлігіне беріледі

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз ету денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілетінін хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгеріс зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мекеменің әкімшілігіне тәуелді болмайды. Бұл заңсыз әрекеттерді жасыруға жол бермейді.

1231
Кілт сөздер:
министрлік, жарлық, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Тоқаев облыстардың бірінің әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгеріс енгізді
Тоқаев Көкшетауға жұмыс сапарымен барды
Касым-Жомарт Токаев прибыл в Кокшетау. Его встречает аким Акмолинской области Ермек Маржикпаев

Тоқаев Көкшетауға жұмыс сапарымен барды

2935
(Жаңартылды 11:26 27.07.2021)
Президент сапар барысында өндіріс кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өңірдегі денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралап көреді

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram парақшасында хабарлады.

"Президент сапар барысында өндіріс кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өңірдегі денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралап көреді", - деп жазды Уәли.

Әуежайда мемлекет басшысын Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қарсы алды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев әкімнен Маңғыстаудағы наразылықтар жайында сұрады 

Айта кетейік, бұған дейін президент мұнай саласындағы қиындыққа байланысты Маңғыстау облысында шешімін таппаған мәселелер көп екенін ерекше атап өткен болатын. Тоқаев жақын арада осы өңірді дамыту бойынша арнайы кеңес өткізетінін мәлімдеді.

2935
Кілт сөздер:
Көкшетау, Қасым-Жомарт Тоқаев
Полицей формасы, архивтегі фото

Павлодарда бірден 200 адам полиция бөліміне жеткізілді

0
Рестобарлардың бірі санитарлық талаптарға қарамастан істеп тұрған. Барда шамамен 200 адам болған

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Павлодар қаласында санитарлық-эпидемиологиялық талапты бұзған ойын-сауық орнынан бірден 200 адам полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Атап айтқанда, 24  шілде күні Абай көшесінде орналасқан рестобарлардың бірі санитарлық талаптарға қарамастан істеп тұрған. Барда шамамен 200 адам болған. Барлығын орталық полиция бөліміне жеткізді. Ал келесі күні мониторингтік топ дәл сол барда тағы 40 адамның жиналғанын анықтады. Олардың ішінде кәмелет жасқа толмаған бала да болды.

"Түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде жасөспірім жүрді. Осыған байланысты бардың әкімшісі құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған сәйкес, жеке тұлғалар 10 АЕК (29 170 теңге), шағын кәсіпкерлік нысандар - 15 АЕК (43 700 теңге), ал орта бизнес өкілдері екі есе артық айыппұл төлеуге міндеттеледі", - дейді полицейлер.

Бұдан бөлек, ойын-сауық мекемесінің иесін әкімшілік жауапқа тарту үшін барлық материал санитарларға жіберілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы (санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу) бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК (87 510 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік нысандарына - 230 АЕК (670 910 теңге), орта бизнес өкілдеріне - 310 АЕК  (904 270 теңге), ал ірі  кәсіпкерлерге 1600 АЕК (4 667 200 теңге) көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.

0
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин