Қой, архивтегі сурет

Құрбан айт жақындап қалды: Қазақстанда мал бағасы қанша

485
Биыл Құрбан айттың бірінші күні 20 шілдеге түсіп тұр. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Мейрам үш күнге созылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Келесі аптаның сейсенбісі қасиетті Құрбан айт мейрамы басталады. Сауапты істер арқылы Аллаға жақындай түсуді қалайтын әр мұсылман мейрам күндері құрбандық шалады. Биыл пандемияға байланысты құрбан шалу екі жолмен өткізіледі. "Қызыл" аймақта – онлайн, ал "сары" және "жасыл" аймақта – дәстүрлі жолмен де, онлайн да құрбан шалуға болады. Sputnik Қазақстан тілшісі мереке қарсаңында құрбандыққа шалынатын мал бағасы қанша екенін білді.

Құрбан шалу кімге міндет

Шариғат бойынша зекет бере алатын адамға Құрбан айтта Алла разылығы үшін құрбандық шалу – уәжіп, яғни міндет. Ал зекет беру үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетуі шарт. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе 85 грамм алтын. Яғни күнделікті қажеттілік пен қарыздан тыс жиналған мал-мүлік.

"Биыл нарықтық бағамен 85 грамм алтынның құны 1 миллион 130 мың теңге деп бекітілді. Осындай ақшасы бар адамға құрбандық шалу – уәжіп. Мәселен, малдан 40 қойы болса, сол қырық қойға бір жыл толуы керек. Егер бір жылға толар кезде, біреуі өліп, 39-ға кеміп қалса, онда ол адамның мойнынан құрбандық шалу міндеті түседі. Бұл бай адамдарға уәжіп. Дәулетті адамдар Алла ризалығы үшін құрбандыққа малдың жақсысын шалуы керек", - деп түсіндірді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

Ол мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетпейтін адамдар да құрбан шала алатынын атап өтті. Бірақ оларға бұл міндет емес.

Қандай мал құрбандыққа жарамды

Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалуға болады. Жылқы шалынбайды.

"Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Мысалы, бір отбасын бір адам асыраса, сол кісі шалады. Ал егер бір отбасыда бірнеше адамның жеке бизнесі болып, әрқайсысы нисаб мөлшеріне жетсе, олар бөлек-бөлек шалады. Осы жағын ажырата білу керек", - деп ескертті наиб имам.

Айтуынша, көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, өздігінен мал соятын жерге бара алмайтын, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінің көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.

Тағы оқыңыз: Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында үндеу жасады

Алайда мүйізі жоқ, құлағы жарылған, тесілген малды құрбандыққа шалуға болады.

"Мүйізінің жоқтығы немесе ен салынғаны кедергі емес. Сонымен қатар піштірілген мал да  құрбандыққа жарайды", - деді Өткелбаев.

Шариғат бойынша құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Егер алты айлық болса, бір жасқа толған қой сияқты семіз, етті болуы шарт. Ал сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы қажет.

Мал базарында баға қанша

Елордадағы "Шанхай" мал базарында құрбандыққа жарамды қойдың бағасы 50 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты – 70 мың теңге.

"Негізі, біздің мал базарда 40-45 мың теңгенің қойлары да бар. Бірақ олардың жасы алты айға толмаған, яғни құрбандыққа жарамайды. Алты-жеті айлық қойлар 50 мыңнан сатылып жатыр. Бір жастан асқандары 65-70 мың теңге төңірегінде саудалануда", - дейді "Шанхай" мал базарының ұйымдастырушысы Балымбек.

Айтуынша, ірі қараға да тапсырыс жоқ емес. Сиыр бағасы – 300 мыңнан 400 мың теңгеге дейін. Ешкі малы саудада жоқ.

Былтыр Нұр-Сұлтанда құрбан шалу рәсімі індетке байланысты тек онлайн өткен еді. Қала тұрғындары арнайы сайт арқылы тапсырыс берді.

Балымбектің сөзінше, сол жылы "Шанхай" мал базарына 1 500 бас қой мен 50 ірі қара малға тапсырыс түсті. Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Өйткені елорда коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр.

Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында шаруа қожалықтарын аралап, мал бағасын келісті.

"Биыл ұсақ малдың бағасы 70 мың теңге, ал ірі 420 мың теңге деп белгіледік. Мал бағасы алдын ала зерттеліп, ірі шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отыру арқылы осы бағалар бекітілді. Әйтпесе мал қазір тым қымбаттап кетті. Осы уақытта 70 мыңға бір жасар қойды таба алмайсыз. Сол үшін бұл да халық үшін жасалып отырған жақсылық", - деді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы.

Өңірлерде малды қаншаға сатып алуға болады

Кеше, 15 шілде Qurban2021.kz сайты іске қосылды. Бұл портал арқылы құрбан шалуға ниетті азаматтар тапсырыс бере алады.

Құрбан шалдыру үшін әркім өз өңірін таңдап, аты-жөні мен телефон нөмірін жазып, құрбандыққа шалынатын малды таңдауы қажет. Мал бағасы әр өңірде әртүрлі.

Төлем тек онлайн қабылданады, ақшаны Kaspi арқылы аударасыз.

© Sputnik
Құрбан айт - 2021: мал бағасы қанша

Мал бағасына қасапшының еңбек ақысы кіреді. Малды бөлшектеп сою, пакеттерге салып, мұқтаждарға жеткізу – тегін.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті толығымен тек мұқтаж жандарға таратылады. Яғни, құрбан шалған адам етті өзіне ала алмайды.

Мұқтаж жандар етті алуға өтінішті 17 шілдеден бастап береді. Олардың қатарына көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесірлер кіреді. Өтініш берерде әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмесін сайтқа жүктеуге тиіс.

Тапсырыстар мен өтініштер 22 шілде 12.00-ге дейін қабылданады.

Қасапшылар ПТР-тест тапсырады

Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, онлайн тапсырыстың малдарын арнайы дайындалған қасапшылар бауыздайды. ҚМДБ Құрбан айт қарсаңында олар үшін семинар ұйымдастырып, шариғат талаптарына сай діни рәсімді өткізу ережелерін түсіндірді.

Сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты қасапшылар коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтама көрсетуге міндетті.

Басқа да жұқпалы ауруы жоқ екенін растайтын медициналық қағазы болуы шарт.

Ал "сары" және "жасыл" аймақта тұрған өңірлерде құрбандық шалу офлайн өтеді. Құрбандық шалатын арнайы орындарға адамдар "Ashyq" мобильді қосымшасы арқылы кіргізіледі.

Тағы оқыңыз: Бекшин Алматыда Құрбан айт қалай өтетінін түсіндірді

"Қызыл" немесе "сары" түс шыққандар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, тек "көк" және "жасыл" статусы барлар ғана кіре алады. Дене қызуы жоғары адамдар да қасапханаға кіргізілмейді.

Құрбан шалуға келген әрбір адамға 1 сағат уақыт беріледі.

Мүфтият жасы 65-тен асқан қариялар, әйелдер мен балаларға құрбан шалатын орындарға бармауға кеңес берді.

WhatsApp-қа видео келеді

Осы орайда онлайн тапсырыс берген адам құрбандығының шалынып-шалынбағаны туралы қалай біле алады деген орынды сұрақ туындайды.

Ол үшін qurban2021.kz арқылы тапсырыс берерде, "Құрбандық есебі қажет пе?" деген бағанда "жоқ" немесе "ия" деп таңдау қажет. Құрбандық шалынған соң, ватсабыңызға видео келеді.

"Тапсырыс қабылдағанда, әр адамға нөмір беріледі. Құрбан шалу кезінде сол адамның аты-жөні мен нөмірі аталып, видеоға түсіріледі. Кейін WhatsApp арқылы сол кісіге құрбандығының шалынғаны туралы бейнематериалдар жолданады. Сол үшін сайтқа тіркелгенде WhatsApp бар телефон нөмірін жазу керек", - деді мешіт қызметкері.

Наиб имам халықты құрбан шалуды мүмкіндігінше онлайн өткізуге үндеді.

"Қазір пандемия өршіп тұр. Сол үшін адамдарды мүмкіндігінше құрбандықты онлайн өткізуге шақырамыз. Бұл таңғалатын нәрсе емес, кейбіреулер түсінбей жатады. Қажылыққа барған кісілер біледі, мәселен, қажылыққа барғанда барлық қажы құрбандықты мал базарының қасына барып шала алмайды. Бұл өте қиын, оған мүмкіндік жоқ. Сол үшін ол жақта да құрбандықты онлайн өткізеді, өкілдікті тапсырады. Олар видеомен есеп те бермейді, телефонмен құрбандық шалынды деп хабарлай салады. Ал біз видео арқылы есеп береміз", - деді Бақытжан Өткелбаев.

Тағы оқыңыз: Мүфтият құрбан шалу тәртібін жариялады

Құрбан айтта ағайын-туыстың үйін араламай, мейрамды өз отбасымен, оқшауланған түрде тойлаған дұрыс. Қазір елдегі жағдай осыған итермелеп тұр, деді наиб имам.

Айт намазы оқыла ма

20 шілде таңғы сағат 07.00-де өңірлерде қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады. Бірақ "қызыл" аймақтағы өңірлерде айт намазының оқылып-оқылмауы жергілікті бас санитар дәрігердің қаулысына байланысты болады.  

Нұр-Сұлтанда бас санитар дәрігердің қаулысымен биыл мешіттерде Құрбан айт намазын оқуға тыйым салынды.

"Карантинге байланысты айт намазын оқи алмаймыз. Дегенмен мұндай құлшылық түрлері шектелгенімен, Аллаға жақындау, жеке құлшылық жасау, ағайын-туысқанның көңілін көтеру, айтпен құттықтау, мерекені оқшауланған түрде тойлауға ешқандай кедергі жоқ", - деді Өткелбаев.  

Құрбан шалу айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

485
Кілт сөздер:
мешіт, құрбандық мал, айт намазы, құрбан айт
Тақырып:
Құрбан айт 2021 (17)
Тақырып бойынша
Құрбан айт күні иесінен қашқан бұқаның әрекеті жұртты таңғалдырды – видео   
Бірнеше өңірде Құрбан айтқа байланысты бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Қазақстандықтар Құрбан айтта неше күн демалады
Қайтыс болған адам атынан құрбан шалуға бола ма
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев Үндістан президентіне көңіл айтты

2
Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан президенті Рам Нат Ковиндке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан президенті Махараштра штатында болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және үйлер мен ғимараттардың қирағаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың отбасыларына көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Із-түзсіз жоғалған отандастарыңыз өз отбасыларына аман-есен оралсын. Осындай қиын-қыстау шақта біз Үндістан халқымен біргеміз", – делінген жеделхатта.

Тағы оқыңыз: "Қайғырып көңіл айтамын": Тоқаев Си Цзиньпинге жеделхат жолдады

Үндістанның орталығындағы Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новости.

84 мыңнан астам адам штатттың оңтүстігіндегі Пуна округінде қауіпсіз аймаққа орналастырылды.

Үнді метеорология бюросы Махараштра штатының әкімшілік орталығы Мумбаидағы нөсер жауынға байланысты дабылдың қызыл деңгейін жариялады. Табиғи апат салдарынан қала тұрғындарын жарық және сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады.

2
Кілт сөздер:
көңіл айту, Үндістан, Қасым-Жомарт Тоқаев
Елордадағы билборд, архивтегі сурет

Індет өршіп тұр: "сары" аймақта тек бір ғана облыс қалды

60
Қазіргі таңда Қазақстанның он алты өңірі "қызыл" аймақта орналасқан, "жасыл" аймақта бір де бір облыс жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. 25 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы жарияланды.

"Қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр.

"Сары" аймақта тек Алматы облысы қалды.

25 шілдедегі мәлімет бойынша 78 917 адам коронавирус инфекциясынан (76 891 КВИ+ және 2 026 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 23 046 пациент стационарда, 55 871 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

Індетке шалдыққандар арасында:

  • 1 438 адамның жағдайы ауыр,
  • 284 пациенттің жағдайы өте ауыр,
  • 182 науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

Соңғы дерекке сүйенсек, республикада 5 127 049 адам вакцинаның бірінші компонентін, ал 3 232 019 адам екінші компонентін салдырды.

60
Кілт сөздер:
коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
1 қыркүйекке дейін балаларды вакцина салдыруға міндеттей ме?
Қазақстандықтарда таңдау бар ма – өңірлерде қандай вакцина қалды 
"Вакцина алмағанына өкінеді": денсаулық министрі халыққа үндеу жасады 
"Вирус мутацияланады": Шарман вакцина алмағандарға қандай қауіп төніп тұрғанын айтты